«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық фармацевтика өнеркәсібінің дамуы талқыланды

2024 жылғы 16 Сәуір
7788 просмотров

12 сәуірде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында министр Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП өкілдері, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды отандық өндірушілер, салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту перспективалары қаралды.

«Мемлекет басшысы отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 2025 жылға қарай қолда бар 17-дан 50%-ға дейін жеткізу туралы тапсырма берді. Алайда, іс жүзінде біз отандық тауар өндірушілердің нарықтағы үлесі 2023 жылы фармацевтикалық өнімге деген қажеттіліктің тұрақты өсуімен шамамен 20%-дан 13%-ға дейін төмендегенін көріп отырмыз», - деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин.

 Спикер отандық фармацевтика өнеркәсібінің дамымауы себептерінің бірі түйткілді мәселелерді ұзақ уақыт бойы  шешу екенін айтты. Олар:

  1.  Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бағалық реттеудің жетілмегендігі және шамадан тыс бюрократия;
  2.  Фармацевтикалық өнімнің Қазақстан нарығына шығу рәсімдерінің ұзақтығы.

 Сонымен қатар, фармацевтика өнеркәсібінің алдында жаңа реформаларды енгізуге байланысты екі үлкен жұмыс тұр, бұл:

  1. ЕАЭО бірыңғай фармацевтикалық нарығын қалыптастыру. Бұл дәрілік заттардың тіркеу куәліктерін 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ЕАЭО талаптарына сәйкес келтіруді білдіреді.;
  2. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалауды енгізу, ол сондай-ақ дәрілік заттар айналымына қатысушыларда көптеген сұрақ туғызып жатыр.

 «Атамекен» ҰКП өкілі келешекте осындай кеңестерді тұрақты негізде ұйымдастыру және өткізу бойынша белсенді бірлескен жұмысқа дайындығын білдірді.

Жиын барысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін немесе қолданыстағы желілердің қызметін тоқтатуға әкеп соқтыратын өзекті мәселелерді айтты. Атап айтқанда:

  • медициналық техниканы өндірушілер Бірыңғай дистрибьютормен медициналық техниканы жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасасуды кешіктіру мәселесін көтерді;
  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер фармацевтикалық өнімге белгіленген шекті бағалары бар бұйрықтарды қабылдауды кідірту мәселесін көтерді. бұл  шара Қазақстан нарығына жаңа фармацевтикалық өнімнің шығуын кідіртуге алып келеді;
  • 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалауды енгізуге байланысты түйткілді мәселелер;
  • дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаларының реттелуі және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасуға қойылатын талаптарды қайта қарау қажеттілігі.

Жиында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бизнес-қоғамдастық айтқан барлық түйткілді мәселені жұмысқа алды.

Сондай-ақ, министр фармацевтика өнеркәсібі экономиканың басым секторларына бөлінгенін және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан фармацевтика өнеркәсібі мәселелеріне жетекшілік ететін жеке департамент құрылғанын атап өтті.

Бұдан басқа, Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев фармацевтика саласының барлық мүдделі қатысушы өкілдерін қоса отырып, ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы хабардар етті. Комиссия жоспарлау, баға белгілеу және сатып алу, инвестиция тарту, дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігі, фар-технологияны дамыту және фармацевтикалық индустрия саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту бойынша бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтін болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер