«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов: «Барша кәсіпкерлерді халықпен бірге қиындықты еңсеруге шақырамын»

2024 жылғы 10 Сәуір
7964 просмотров

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов су тасқынынан зардап шеккен қостанайлық кәсіпкерлермен кездесті

 

Кездесу барысында Р. Баталов су тасқынының бизнеске қаншалықты зиян келтіргені жөнінде айтты.

Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына 288 кәсіпкер көмекке жүгінген. Келтірілген жалпы шығын сомасы шамамен 2,6 млрд теңгені құрады.

«Атамекен» ҰКП-ның 1432 жедел-байланыс орталығына түскен өтініштердің барлығы назардан тыс қалмай қабылдануда.

Жергілікті атқарушы органға жүгінген және бизнесіне келтірілген залалдың бағасын алған кәсіпкерлер үшін Қазақстан кәсіпкерлерінің сыртқы сауда палатасы Форс-мажорлық мән-жайлардың туындағаны туралы анықтама береді. Бұл куәлік табиғи апаттар, эпидемиялар, шекаралардың жабылуы, өрттер және т.б.  жағдайларға байланысты шарттық міндеттемелерді орындау мүмкін еместігін растайды.

Стратегиялық маңызы бар сала ретінде ауыл шаруашылығы субъектілерінің өтініштеріне ең жоғары басымдық беріледі.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Р. Баталовтың айтуынша кәсіпкерлердің Аграрлық несие корпорациясы және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның алдындағы несие өтеу мерзімі ұзартылатын болады.

2024 жылғы кестеге сәйкес барлық төлемдер 2025 жылдың қаржыландыру кезеңінің соңына дейін тең төлемдермен бөлінеді. Сондай-ақ, несиелеу мерзімі 2024-2025 жылдары аяқталатын жобалар қарыз алушының қызметінің бағытына қарай 24 айға дейін ұзаратын болады.

«Несиенің мерзімін ұзарту көктемгі далалық және егін жинау жұмыстарынан басқа барлық бағытқа қатысты болмақ. Зардап шеккен қарыз алушылардың несиелеріне су тасқынының әсерінен туындаған төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар қолданылмайды» деді Райымбек Әнуарұлы.

Сондай-ақ, кездесуде «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ өтінімдерін қарауды жеделдету үшін оңайлатылған процесс бекітілгенін айтты.

Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға қарыз жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес субъектілері жәбірленушілер тізіміне енгізілген төлемді кейінге қалдыру үшін келесі құжаттарды ұсынуы қажет:

- несиені ұзарту/қайта құрылымдау туралы өтініш;

- өтініш беруші су тасқынынан зардап шеккендердің тізімінде болуы керек.

Өтініш беруші Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның тізімдерінде болмаған жағдайда, қарыз алушы ең болмағанда аудандық деңгейде жергілікті атқарушы органдардың форс-мажорлық жағдайлардың орын алғанын растайтын құжатын ұсынуы қажет.

Шешім жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес қабылданады. Шағымдар қажетті құжаттар ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қаралады.

Жоғарыда көрсетілген шарттар мен рәсімдер 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ алдында 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға қолданылмайды. Алайда, мұндай санаттағы қарыз алушыларды қолдау мақсатында өсімпұлды есептеу 2024 жылдың 1 сәуірінен 30 маусымына дейін тоқтатылады.

Сондай-ақ, шарттар «жеке маңызды несиелер» (қаржы ұйымының меншікті капиталының 0,2 пайызына тең негізгі борыш қалдығы бар несиелер, атап айтқанда, Аграрлық несие корпорациясы - 863 млн, «ҚазАгроҚаржы» АҚ - 370 млн теңге) санатына жататын қарыз алушыларға қолданылмайды. Мұндай несиелер жеке негізде қарастырылатын болады.

Одан бөлек, жергiлiктi атқарушы органдардың тiзiмдерi бойынша су тасқынынан зардап шеккендер қатарына жатқызылған барлық азаматтарға 2024 жылғы 1 сәуiрден 30 маусымға дейiн 3 ай мерзiмге несие төлемдерiн автоматты түрде кейiнге қалдыру қамтамасыз етiледi.

Зардап шеккен азаматтардың несиелері бойынша су тасқыны зардаптарының әсерінен туындаған уақтылы төлемдер үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар алынбайды.

Барлық зардап шеккен жеке кәсіпкерлердің, сондай-ақ су тасқыны салдарынан қызметін тоқтатуға мәжбүр болған шағын және орта бизнес субъектілерінің өтініштерін ескере отырып, несиелік төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылады.

Табиғи апаттан зардап шеккен «Апельсин» сауда үйінің кәсіпкерлерімен кездесуде ҰКП басшысы келтірілген шығынды анықтау бойынша алдын ала жұмыстардың басталғанын жеткізді. 42 кәсіпкерлік субъектісімен кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Өңірлік палатаға өтініш білдірген барлық кәсіпкерлерге құқықтық қорғау көрсетіледі.

Кездесу соңында Райымбек Баталов өңірлердегі кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызды тауарларға бағаны негізсіз өсіру мәселесіне де тоқталды.

«Біз әрдайым кәсіпкерлердің мүддесін қорғаймыз. Елімізге сын сағаты келгенде бизнесмендер халықтың ортасынан табылуы тиіс. Кәсіпкерлер осындай жағдайды «пайдаланып» бағаны өсіру сияқты әрекеттермен айналыспауы керек. Бұл біздің саясатымызға да, ар-ұятымызға да жат дүние. Сондықтан барша кәсіпкерлерді елмен бірге, халықпен бірге қиындықты еңсеруге шақырамын» деді Р. Баталов.

Бүгінде «Атамекен» ҰКП ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе бизнеске келтірілген шығындарды өтеу комиссиясының жұмыс алгоритмін пысықтауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер