Қазақстан мен Армения арасында өзара тиімді тауар айналымы артып келеді
Қазақстандық делегация Армения астанасы Ереван қаласында өткен «Сауда-экономикалық қатынастар, туризм мен логистиканы дамыту» атты Қазақстан-Армения бизнес форумына қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығының өкілдері, Армения Республикасының Экономика министрі Геворг Папоян қатысты. Сонымен қатар Арменияның сауда-өнеркәсіп палаталары мен бейінді қауымдастықтары мен секторлық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Тараптар ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және жолға қоюға мүдделі.
Екіжақты сауда-экономикалық қатынастардағы әріптестіктің жаңа деңгейіне шығу тұрғысынан форум қатысушыларына инвестициялық тартымдылық пен бизнес-мүмкіндіктер, екі елдің туристік әлеуеті ұсынылды. Жиында көлік бағыттарын әртараптандыру және экспорт-импорттық және транзиттік операцияларды ұйымдастырудың жаңа тізбектерін анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов видеобайланыс арқылы форумға қатысушыларға сәлем жолдап, Арменияның экономика министрлігі мен сауда-өнеркәсіп палатасына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Палата басшысы екі ел арасындағы достық әріптестік қатынастардың 25 жылдығымен құттықтады.
«Бүгінгі бизнес форум бизнесті де, мемлекетті де біріктіріп отыр. Оның барысында біз өзекті мәселелер мен даму перспективаларын талқылаймыз. Іскерлік байланыс жолдарын белгілеу – екіжақты қарым-қатынасымыз үшін өте маңызды. Қазақстан мен Армения бизнесінің ынтымақтастығын күшейту сауда, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм сияқты өзекті салаларда жаңа бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Біз екі елдің нарығында жұмыс істейтін көлік-логистикалық компанияларды тарта отырып, бірлескен жұмыс тобын құру бастамасын қолдаймыз. Тауарларды жеткізудің оңтайлы бағыттарын анықтау өзара тиімді тауар айналымын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Райымбек Баталов.
«Атамекен» ҰКП басшысы жаңа әуе рейстерін ашу бойынша келіссөздерді жалғастырудың маңызын атап өтіп, Астана, Алматы және Ереван арасындағы тікелей рейстер бизнес белсенділігінің айтарлықтай өсуіне әкелетініне сенім білдірді.
«Қазіргі кезде біз Үкіметпен бірлесіп, инвестиция тарту экожүйесін толыққанды іске қосу және инвестициялық жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу бойынша мәселелерді пысықтап жатқанымызды ерекше атап өткім келеді. Бизнес-жобаларды қолдаудың мұндай тәсілі мен құралы өте тиімді деп санаймыз», – деді Райымбек Баталов.
Сөзін қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы серіктестерге «Атамекен» ұлттық палатасы отандық және шетелдік компаниялардың заңды құқығы мен мүддесін қорғауда, елдер арасындағы көпжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша диалогқа мүдделі және ашық екенін айтты.
Форум аясында қазақстандық компаниялардың өкілдері жұмыс секцияларына қатысты.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастық» секциясына «AirGas-Eurasia (ЭйрГаз-Еуразия Атырау)» ЖШС бас директоры Карен Зулоян және legal Consulting Community Limited директоры Антон Дидикин қатысты; «Логистика» секциясына «Kazlogistics» Қазақстан көлік құралдары одағының бас директоры Талғат Лесов қатысты; «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов «Туризм» секциясына қатысты.
Сондай-ақ, форум аясында В2В кездесулер мен келіссөздер өтті. Оның қорытындысы бойынша мынадай бірқатар құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Сыртқы сауда палатасы және Армения Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- «Қазақ Инвест» АҚ және Армения инвестицияларын тарту агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ және Армян туризм федерациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- «AirGas-Eurasia» ЖШС және «АМА Компрессор» СП ШЖҚ арасындағы Атырау қаласындағы КПГ-да жұмыс істейтін көлікке арналған мұнай-химия және Автогаз толтыру компрессорлық станциясы үшін газ жабдығының кейбір тораптарын локализациялау туралы келісім;
- «AirGas-Eurasia» ЖШС мен «РСВ ГРУП» ЖШҚ арасындағы 4 типті композиттік баллондар өндірісі бойынша келісім шарты;
- «AirGas-Eurasia» ЖШС және «ГАЗАРТ» ЖШҚ арасындағы модульдік Автогаз толтыру компрессорлық станциясы өндірісін локализациялау туралы келісім;
- «Legal Consulting Community Limited» ЖШС мен «Lawsuit law firm» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: