Депутаттар ұсынған түзетулер екінші оқылымда ескерілетін болады
Мәжіліс депутаттары 2024 жылғы 3 сәуірде бірінші оқылымда заңдардың ілеспе жобаларымен қоса «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мәселесі бойынша сатып алуға қатысушылардың біліктілігін арттыру үшін тиісті беделі бар өнім берушілер арасында сатып алуды жүзеге асыру ұсынылып отыр. Мұнда әлеуетті өнім берушілердің рейтингі қоса қоданылады.
Жеткізуші туралы ақпарат түрлі деректер базасын пайдалану арқылы жинақталады. Мұндай тәсілдеме сатып алудың барлық түрі бойынша баға және сапа критерийлерін біріктіре отырып, жеткізушілерді автомат түрде таңдауға көшуге мүмкіндік береді.
Бұл ретте бұған дейін «Атамекен» ҰКП мамандары Жосықсыз қатысушылар тізілім түріндегі қолда бар шаралар, мерзімі өткен шарттық міндеттемелер үшін өсімақы төлеуді ескере отырып, бизнес-қоғамдастыққа қосымша жүктемеге байланысты көрсетілген түзету бойынша ескертулер берген болатын. Алайда, жалпыға белгілі дерекқорларда (МКК, еңбек.kz және т.б.) ұсынылған ақпаратты ескере отырып, рейтинг жасау тәсілін, сондай-ақ Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары деңгейінде рейтинг жасау үшін ҰКП-мен өлшемшарттарды міндетті түрде келісу туралы жауабын ескере отырып, бұл ескертулер алынып тасталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бағадан сапа басымдығын белгілеу туралы тапсырмасын іске асыру үшін Қаржы министрі сатып алудың барлық түріне демпингті төмендету (құрылыс-монтаждау жұмыстарына ұқсас) және қоғамдық мониторингті енгізу жоспарланғанын атап өтті.
Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату және одан әрі автоматтандыру мәселесі бойынша сатып алу процесін реттеу және бюрократиядан шығаруды оңайлату мақсатында заң жобасы шағымдарды қараудың жаңа механизмін енгізуді де көздейді.
Тапсырыс берушілердің жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау мақсатында қолданыстағы камералдық бақылауды сақтау жоспарланған.
Бұл ретте заң жобасында уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындысының күшін жою құқығы алынып тасталады. Сатып алу рәсімдерінің кешіктірілуін болдырмау мақсатында қорытындыны қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Соның негізінде жоғары тұрған орган, бақылау органдары, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен шағымдарды қарау жөніндегі комиссиялар құрылатын болады.
Қорытындыға шағымдану құқығы байқау комиссиясы айқындаған сатып алуда жеңген компаниялардың сатып алуы бойынша ғана берілетін болады.
ҰКП мамандары шағымдану рәсімін алып тастауға көрсетілген тәсіл рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, конкурс тәсілімен сатып алу шеңберінде қолданыстағы заңнамада қолданылатынын атап өтті.
Бұл ретте депутат Бақытжан Базарбек шағымдану процедурасының ұсынылған моделіне қатысты сын айтты. Спикердің айтуынша, бұл модель комиссияның шағымдарды қарауға байланысты мүдде қақтығысын тудырады. Өйткені комиссия құрамы Тапсырыс берушінің жоғары тұрған органдарының өкілдері және Тапсырыс берушінің өзінен құралады.
Бұл норманы екінші оқылымға дейін пысықтау ұсынылды.
Бұдан басқа министр адами факторды болдырмау мақсатында барлық сатып алуды рейтинг-балдық жүйеге ауыстыру көзделгенін айтты.
Министрдің айтуынша, сатып алудағы проблеманың бірі жүргізілетін процедуралардың ұзақтығы екенін атап өтті.
Қазіргі кезде конкурс өткізу мерзімі екі айға дейін созылады. Осыған байланысты жекелеген сатылардың қысқаруына байланысты конкурс жүргізу мерзімі 29 күннен аспайтын болады.
Жоғарыда аталған өзгерістерден басқа, заң жобасы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған ережелерді қарастырады. Осылайша, әлеуетті өнім беруші, оның басшысы немесе құрылтайшылары, бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған болса, мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды.
Қазіргі кезде Бірыңғай платформа әзірлеу бойынша жұмыс жүріп жатыр. Онда мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың сатып алуын өткізу жоспарланған.
Ұлттық палата бұл мәселені бұған дейін Mitwork ЖШС-мен бірлесіп пысықтаған болатын. Өйткені компанияны ҚР Қаржы министрлігі квазимемлекеттік сектордың ресми сатып алу операторларының бірі ретінде бекіткен болатын.
Пысықтау қорытындысы бойынша сатып алу алаңдары операторларының порталдарына сілтеме жасау функциясы бар «Электрон қаржы орталығы» АҚ базасында бірыңғай платформа құру туралы шешім қабылданды.
Пленарлық отырыста шарттық міндеттемелерді орындамаған немесе уақтылы орындамаған кезде өнім берушілердің әкімшілік жауапкершілігін белгілеу бөлігінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 207 және 207-1-баптарына ұсынылып отырған түзетулер атап өтілді.
Депутат Мархабат Жайымбетов атап өткен түзетулерді әзірлеуші орган 2024 жылғы 26 ақпандағы жұмыс тобының отырысында Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеткізушілердің мерзімдерді бұзғаны және жұмыстардың тиісінше сапасы үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігі туралы берген тапсырмаларына сәйкес ұсынды.
«Атамекен» ҰКП мамандары Кодекстің 312-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы, іздестіру, жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін жауапкершілік көзделгенін хабарлайды.
Бұдан басқа Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың ережелеріне сәйкес жеткізушілер олармен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған болса Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі. Сондай-ақ уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.
Бұл ретте Кодекстің 12-бабына сәйкес бір құқық бұзушылық үшін ешкімді әкімшілік жауапкершілікке екінші рет тартуға болмайды.
Жұмыс тобының отырыстарында аталған мәселені одан әрі талқылау қажеттігі туралы бірнеше рет айтылғанына қарамастан, кейіннен ӘҚБтК-ге өзгерістер қаралмады.
Қаржы министрінің айтуынша, «аталған түзетулерге қолдау көрсетіледі және екінші оқылымға дейін оларды нақтылау қажет».
Министр мерзімі өткен шарттар бойынша тұрақсыздық айыбының пайызын 10%-дан 15%-ға дейін арттыру жоспарланғанын айтты.
Бұл түзетулер бұрын жұмыс тобының мүшелерімен талқыланбаған. Өйткені әзірлеуші орган көрсетілген нормаларды заңға тәуелді деңгейге түсіруді ұсынған. Ал ережелер, бұрын айтылғандай, қаралмаған.
Сондықтан «Атамекен» ҰКП мамандары осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады.
Бұдан басқа, депутат Нұрымбек Тау жеткізілген тауарлар мен көрсетілген жұмыстар/қызметтер үшін тапсырыс берушілердің уақтылы төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу, сондай-ақ төлем мерзімдерін күнтізбелік 30 күннен 15 күнге төмендету бөлігінде бизнестің өзекті мәселелерін қозғады.
Министр төлем мерзімдерін азайтуды қарастыру және ережелерде мерзімдерді белгілеу, сондай-ақ екінші оқылымға дейін уақтылы төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу мәселесін пысықтауға дайын екенін атап өтті.
Жалпы отырыстың қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң мен ілеспе заң жобаларын қабылдады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: