«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкенттік кәсіпкерлер мен қытайлық делегация арасында іскерлік кездесу өтті

2024 жылғы 02 Сәуір
- Шымкент қаласы
6429 просмотров

Шымкент қаласына Қытайдан іскерлік делегация келді. Чанджи префектурасы губернаторының орынбасары Сяоли Су бастаған делегация құрамында сауда бюросының партиялық қызметкерлері мен қытайлық компаниялардың басшылары бар.

Алдымен үшінші мегаполистегі арнайы экономикалық аймақтарды аралап, өндіріс орындарымен танысқан шетелдік делегацияны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қабылдады. Жиында Шымкент қаласы мен Шыңжан-Ұйғыр автономды округі арасындағы іскерлік байланысты нығайту мәселелері көтерілді.

Бұдан кейін Rixos Khadisha Shymkent отелінде кең құрамдағы іскерлік кездесу өтті. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, «Shymkent» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Данияр Ахметжанов, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дінмұхаммед Зиятбеков, басқармалардың басшылары, қытайлық және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Қазақстандағы халықаралық сауданы ілгерілету жөніндегі Қытай кеңесінің бас өкілі Чен Хун Шыңжан-Ұйғыр автономды округінің инвестиция және мәдени туризм саласының әлеуетін таныстырып, баяндама жасады.

«Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық республикасы арасындағы жоғары деңгейлі екіжақты байланыс Мемлекет басшыларының бастамасымен дамып келеді. Соның нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 31,4 млрд АҚШ долларын құрап, Қытай Қазақстанның басты сауда әріптесіне айналды. Бүгінгі кездесу де осындай нәтижелерге бастайды деп сенеміз», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Үрімші экономикалық және технологиялық даму аймағы әкімшілік комитетінің арасында сауда-экономикалық әріптестік туралы меморандумға қол қойылғанын жеткізді.

«Күні кеше Қытайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдігі ашылды. Үрімші қаласында жұмысын бастаған өкілдігіміздің мақсаты – екі жақты жүйелі экономикалық байланысты дамыту мен екі елдің кәсіпкерлерінің бизнес-әріптестігіне қолдау көрсету. Шекара маңында орналасқан Үрімші өңірі сауда, гуманитарлық және туристік хаб саналады. Алдағы уақытта Қытай мемлекеті тарапынан Экономикалық және технологиялық даму аймағының ресми өкілдігін Қазақстанда ұйымдастыру және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдігін Шыңжан-Ұйғыр автономды округінде де ашу жоспарланып отыр. Мұндай шаралардың барлығы екі жақты бизнестің дамуына оң ықпал ететініне сенімдіміз», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Кездесуде екі тараптың іскерлік байланысын нығайту бойынша меморандумға қол қойылды.

Одан кейін шымкенттік және қытайлық компаниялардың жетекшілері В2В форматында жүздесіп, өз компанияларының өнімдерін таныстырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер