«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қалалық брендбуктар мен жеке бренд: кәсіпкерлер маңдайшалар форматына қатысты ұсыныстарды талқылады

2024 жылғы 29 Наурыз
- Алматы қаласы
10184 просмотров

«Алматы бас жоспары» ҒЗИ-де бизнес-қоғамдастықтың өкілдерімен қаланың дизайн-коды шеңберінде брендбуктарды әзірлеу тәсілдеріне ұсыныстар жинау бойынша жобалық семинар өтті.

Кездесу барысында Алматы қаласының дизайн-коды жобасының бас сәулетшісі Тахмина Сафоева қатысушыларға ғимараттарға кіреберістер мен маңдайшалардың дизайн нұсқаларын таныстырды.

«Ғимараттардың бірінші және екінші қабаттарындағы тұрғын емес үй-жайлардың маңдайшалары мен кез келген басқа сыртқы ақпарат, түс пен әрлеу материалдары қасбеттердің сәулеттік стиліне сәйкес келуі және ғимараттың сәулетін қабылдаудың тұтастығын бұзбауы тиіс. Жалпы, жергілікті жердің сәулеттік ансамблін ұстану қажет», ­- деп атап өтті әзірлеушілер тобының жетекшісі Тахмина Сафоева.

Мынадай орындарда маңдайшаларды орналастыруға жол берілмейді:

1) тұрғын емес объектілердегі шатыр және қасбеттік қондырғыларды қоспағанда, үй-жайға кіреберіс шегінен тыс;

2) электрон табло (шатыр және қасбет қондырғыларын қоспағанда) не жүгіртпе жолдарды пайдалана отырып;

3) балкондардың қоршауы мен плиталарында, лоджия мен эркерлерде;

4) сәулет элементтері мен ғимараттың келбетін жабу арқылы;

5) терезе жақтауы және витриналарда, ойықтың 30%-дан астам ауданын жаба отырып;

6) қасбеттің бүйір шегінен тыс және қасбет жазықтығынан шыға отырып;

7) тұрғын үйлердің кіреберістерінің шегінде;

8) ғимаратты бойлай тік бағытта;

9) кіреберістер саны бойынша бір бірліктен артық мөлшерде.

Алматы елдің сауда және мәдени орталығы саналады. Сондай-ақ, қалада қызмет көрсету саласы дамыған. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, 2023 жылы ғана Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындардың саны 315,2 мыңнан аса субъектіні құрады. Олардың көпшілігі сауда, тамақтану және қызмет көрсету саласында жұмыс істейді, қарқынды дамып келеді, демек әрбір екінші компанияның өз бренді мен маңдайша жазуы бар.

Презентациямен танысқаннан кейін кәсіпкерлер брендбуктарға «Маңдайша» және «Кіреберіс» бағыты бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

«Asia beauty» сұлулық салондары желісінің иесі Әсия Әбитаева маңдайшалар бойынша брендбук сыртқы жарнаманы безендіруде бірыңғай стиль қалыптастыратынын атап өтті.

«Маңдайшалар мен кіру топтары үшін түстердің бірыңғай гаммасын жасау, қаріптерді стандарттау каталогын құру қажет деп санаймыз», - деді іскер әйел. 

«Абаттандырудың барлық элементтеріне «айдентика» мен ұлттық символиканы енгізуді ұсынамыз - бұл ұлттық мақтаныш сезімін, Отанымызға деген сүйіспеншілікті нығайтады», - деп атап өтті «Космокомес» ЖШС иесі Юрий Бабич.

Жиында туризм саласының өкілдері сыртқы жарнама және маңдайша форматы бойынша мәселелер осы сала үшін де өзекті екенін айтты. Сонымен қатар, биыл оңтүстік астанаға қонақтардың үлкен ағыны күтілуде. Визуалды компонент - қандай болмасын объектінің тартымдылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі.

«Туризм саласының өкілі ретінде маңызды мемлекеттік объектілердің кіру топтарын тақырыптық түрде безендіруді ұсынамын, бұл қалаға көріктілік қосып, оны қонақтар үшін қызықты етеді», - деп атап өтті «Evis travel» компаниясының басшысы Светлана Миниханова.

Кездесу соңында кәсіпкерлер ұйымдастырушыларға мазмұнды және қызықты бағдарлама, көптеген пайдалы ақпарат және нәтижелі диалог үшін алғысын білдірді.

«Кәсіпкерлер Алматының дизайн-коды аясында брендбуктарды жасауға қызығушылық танытады, өйткені әрбір бизнес-объект үшін маңдайша – жан-жаққа танылудың маңызды элементі. Маңдайшадан клиенттердің ағынын және сәйкесінше сауданың өсуін қамтамасыз ететін жеке брендтің қалыптасуы, тану басталады. Бүгін бірқатар қызықты ұсыныс айтылды, әзірлеушілер ескереді деп үміттенеміз», - деп қорытындылады Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Нияз Жалғасұлы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер