«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі және инвестиция салатын бесінші негізгі ел – Райымбек Баталов

2024 жылғы 26 Наурыз
9321 просмотров

Астанада Қазақстан экспорттаушыларының форумы және Қытай (Сычуань)-Қазақстан 2024 сауда-экономикалық ынтымақтастық конференциясы өтті. Форум жұмысына екі елдің 300-ден астам өкілі қатысты.

Олардың ішінде Қазақстан тарапынан ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, сондай-ақ компаниялардың өкілдері бар.

Қытай тарапынан ҚХР-дың ҚР-дағы елшісі Чжан Сяо, ШҰАА Халық үкіметінің төрағасы Эркин Туниаз, Сычуань провинциясының вице-губернаторы зо Юнсян, Сычуань Сауда-саттықты дамыту кеңесінің президенті Хуан Ли, сондай-ақ жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Сычуань провинциясы Халықтық үкіметінің партия басшылығына және Хубэй провинциясы кәсіпорындарының халықаралық ынтымақтастық қауымдастығына форумға белсенді қатысқаны және әрбір провинцияның бизнес өкілдерін тартқаны үшін алғысын білдірді.

«Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас пен достықтың жаңа алтын отыз жылдығын бастап, біз өзара іс-қимылдың жылдам әрі тиімді тәсілдеріне көшіп, Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігін тереңдету үшін нақты практикалық шешімдер әзірлеу жөніндегі күш-жігерді шоғырландыруға бағыт алдық.

Екі елдің басшылары өзара тауар айналымын 40 млрд долларға дейін ұлғайту жөнінде қысқа мерзімді міндет қойды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі тараптың бірлескен күш-жігерімен Қазақстанның сауда серіктестері арасында Қытайды бірінші орынға шығарды», – деді спикер.

2023 жылғы статистика деректері бойынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара сауда рекордтық көрсеткішке жетті – 31,5 млрд доллар болды.  Қазақстандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6%-ға өсіп, 14,7 млрд долларды құрады. Сол сияқты Қазақстанда қытай тауарларына деген қажеттілік артып келеді. Импорт 50,5%-ға өсіп, 16,8 млрд долларды құрады.

Жиында министр Қытайдың үздік 3 ірі провинциясының құрамына кіретін Сычуань провинциясымен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазіргі кезде Қазақстан мен провинция арасындағы сауда шамамен 230 млн долларды құрайды. Соның ішінде Қазақстан 45 млн долларға өнім экспорттайды. Провинция қазақстанық май өнімдері, астық өнімдері, сусындар, кондитерлік өнімдер және басқа тауарлардың үлкен көлемін сатып алуға дайын.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі және инвестиция салатын бесінші ірі ел болғанын және жаңартылатын энергия, көлік және логистика, электрон сауда, туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылатынын атап өтті.

«Ұлттық палата Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған экономикалық реформалар процесіне белсенді қатысады және экономикамызға шетелдік инвестиция үшін «ашық есік» саясатын ұстанады. Біз ҚР Үкіметімен тұрақты және болжамды салық режимін қамтамасыз ету, сот жүйесін жетілдіру және әділ кәсіпкерлік ортаны құру бойынша белсенді ынтымақтасып келеміз», – деді Райымбек Баталов.

Ұлттық палата басшысы дәйекті және серпінді либерализация, инфрақұрылымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлікті ынталандыру және инвестицияны кеңінен тарту туралы айтты.

Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясы металдарын терең өңдеу, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндіру сияқты бағыттарға назар аудара отырып, жоғары қайта бөлу кластерлерін құру көзделген.

Еліміздің туристік әлеуетін жандандыру және шетелдік инвесторлар мен сарапшыларды тарта отырып, кемінде 15 нақты жобаның тізбесін құру.

 «Қазақстан Орталық Азиядағы екі елдің азаматтары үшін визасыз режимге ие жалғыз ел екенін ескерсек, «Атамекен» ҰКП  елдеріміз арасында қауіпсіз ұйымдастырылған турларды қамтамасыз ету және туристік ағымды ұлғайту бірінші кезектегі міндет деп санайды. Бұл міндетке Қазақстан мен Қытай туроператорларының ынтымақтастығы арқылы қол жеткізуге болады», – деп атап өтті Райымбек Баталов.

Елдің көлік-логистикалық әлеуеті нығайып келеді: орта мерзімді перспективада осы дәліз бойынша тасымалдау көлемі бес есеге ұлғайтылуы мүмкін.

Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық зерттеуді өз қаражаты есебінен жүзеге асыратын инвесторларға басым құқық қамтамасыз етілетін болады. Кешенді мемлекеттік сараптаманы енгізу және процесті толық цифрландыру арқылы жобаларды келісу мерзімдері мен рәсімдерін екі есе қысқарту жоспарланып отыр.

АӨК саласында агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға көшуге ерекше назар аударылды. Беделді шетелдік агрономия орталықтарымен бірлесіп, Агротехнологиялық хаб құрылатын болады.

 «Энергетика саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында тарифтік саясат қайта іске қосылады және тариф белгілеудің жаңа әдістері енгізіледі. Шетелдік мекемелер, орталық мемлекеттік органдар арасында нақты өзара іс-қимыл жасай отырып, инвестиция тартудың тұтас экожүйесін қалыптастыру арқылы бизнес-қоғамдастықпен тиімді диалог құра отырып, жаңа инвестициялық циклды іске қосу көзделген», – деп толықтырды Райымбек Баталов.

 Қазіргі кезде Ұлттық палата Үкіметпен бірлесіп, инвестиция тарту экожүйесін толыққанды іске қосу және инвестициялық жобаларды іске асыруды одан әрі мониторингілеу үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі мәселелерді пысықтап жатыр.

«Қаржылық орнықты қытайлық компаниялармен әріптестік қазақстандық бизнес үшін басым бағыт болады. Ұлттық палата сенімді серіктестер іздеу үстінде және жобаларды сүйемелдеуде барлық қажетті қолдауды ұсынуға дайын», – деп қорытындылады «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы.

Іс-шара аясында екі ел кәсіпкерлерінің В2В форматындағы екіжақты келіссөздері өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер