Шымкентте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының мердігерлері мен тауар өндірушілер кездесті
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында құрылыс компаниялары мен жергілікті тауар өндірушілер арасында В2В кездесу ұйымдастырылды. Өңдеу өнеркәсібі салалық кеңесінің аясында өткен жиынға Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Ержан Сейтенов, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Боранбай Болатбеков, Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, ұлттық жобаға қатысушы бас мердігерлер мен жиһаз өндіретін компаниялардың басшылары қатысты.
«Өздеріңізге белгілі, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу үшін тауар өндірушілердің СТ-KZ немесе индустриалды сертификаты болуы тиіс. Себебі, білім беру саласындағы осы пилоттық ұлттық жобаға сәйкес мектептің барлық ғимараттары мен жиһаздары ыңғайлы, қауіпсіз болуы тиіс және еліміздің заңдары бойынша тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіктеріне сәйкес келуі керек. Оған қоса елдегі құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасына сай басым түрде отандық өндірістің бәсекеге қабілетті және сапалы тауарларымен жарақтандырылуы тиіс. Осыған орай өз өнімдеріңізді таныстыруға мүмкіндік жасап отырмыз», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.
Қала әкімдігі аппаратының басшысы басты талап – сапада екеніне тоқталды.
«Біздің негізгі мақсатымыз – қала әкімінің қадағалауымен Шымкентте соғылып жатқан мектептерге жергілікті өндірушілерді жұмылдыру болып отыр. Қазіргі таңда қаламызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салынуда. Барлығының құрылысы биылғы 1 қыркүйекке дейін аяқтауы тиіс. Әрине, ол мектептер салынған соң жабдықтау керек. Сондықтан, мүмкіндігінше Шымкенттен шығатын өнімдерді қолдау, өздеріңізді қолдау басты мақсат болып тұр. Дегенмен, өнімдердің сапасы басты назарда болуы керек. Сапаны қала әкімі де, қалалық білім басқармасы басшысы да қадағалауына алып отыр», – деді аппарат басшысы Ержан Сейтенов.
Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қадағалайды.
«Кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билікті бір алаңға жинап отырған Кәсіпкерлер палатасына алғыс айтамыз. Шымкент қаласы әкімінің Президент тапсырған ұлттық жобаның сәтті жүзеге асырылуына баса назар аударып отырғаны бізді қуантады. Әріптестеріміз айтып өткендей – сапа басты назарда тұр. Осы мақсатта мектептердің сыртқы келбетін де, ішкі жабдықталуын да әкімдікпен, жауапты мамандармен ақылдасып отырмыз. Соған қоса білім ошақтарының әр қабатының, әр кабинетінің дизайн-жобасы жасалуда. Барлығы бірегей үлгіде болуы тиіс. Қазіргі таңда ұлттық жоба аясында салынып жатқан ғимараттарға жұмсалатын материалдардың 67 пайызы Қазақстанда шығарылады», – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Боранбай Болатбеков.
Компаниялар өздерінде шығарылатын өнімдерді таныстырып, алып келген жиһаздарын көпшілік назарына ұсынды. Ал қала әкімдігі аппаратының басшысы алдағы аптада Шымкенттегі «Көрме» орталығында кеңейтілген жиын өткізіп, жергілікті тауар өндірушілерді сонда өз өнімдерін таныстырып, ұлттық жобаның бас мердігерлері мен жергілікті кәсіпкерлердің келісімшарттарын кеңінен талқылауды ұсынды.
Айта кетейік, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі дирекция ретінде жиһаз-жабдықтарды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының отандық өндірушілер тізіліміндегі жеке және заңды тұлғалардан сатып алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: