«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Маңғыстауда шаруаларды қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды

2024 жылғы 29 Ақпан
- Маңғыстау облысы
6490 просмотров

Ақтауда тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын дамыту саласын реттеу мәселелері талқыланды. Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кенжеғали Машырықовтың айтуынша, ведомство 10 фитосанитариялық бекет арқылы мемлекеттік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Бұл шаралар карантиндік объектілердің шетелден кіруіне жол бермеу және аймақ аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

"Экспортты дамыту үшін сертификаттау және сапаны бақылау жүйелері арқылы өндірілетін барлық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қатаң бақылау, өндірістік процестерде гигиена мен қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтау, агрохимикаттардың қолданылуын тиімді бақылауды қамтамасыз ету және өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған өндірістің заманауи технологиялары мен әдістерін дамыту талап етіледі. Сондай - ақ тұтынушылардың денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге мониторинг пен ден қою жүйесін нығайту қажет", - деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.

"Облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2023 жылы 33,8 млрд теңгеге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 13,1% жоғары. Осы соманың 27,6 млрд теңгесі мал шаруашылығына, 4,8 млрд теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі болды",- дейді ӨКП директоры Рашит Мұстапаев.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне, шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау, яғни субсидиялар көрсетіледі. Мәселен, соңғы үш жылда, яғни 2021 жылдан 2023 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешеннің 2089 субъектісіне 5,9 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. 2023 жылы субсидиялауға бөлінген қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 6,4 есе ұлғайып, 3,1 млрд теңгені құрады.

2024 жылы мәслихат шешіміне сәйкес агроөнеркәсіптік саланы дамыту үшін бюджеттен субсидиялауға 2,5 млрд теңге көзделген. Қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 5 есе өсті.


"Бұдан басқа, Маңғыстауда 2024-2026 жылдарға арналған Маңғыстау облысының агроөнеркәсіптік кешенінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жол картасы әзірленуде. Жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 9 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 2024-2026 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге тоғыз инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. 2024 жылы шағын құс фабрикасы мен жылыжай кешенін салуды қоса алғанда, 370,0 млн теңге сомасына 3 жобаны енгізу көзделіп отыр",- дейді Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов.

Бұл шаралар өңірдің экономикасын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ете отырып, тұрақты Ауыл шаруашылығы саласын құруға жәрдемдеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер