«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық ынтымақтастық нығая түседі

2024 жылғы 15 Ақпан
7239 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катарға мемлекеттік сапары аясында қазақ-катар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қатар Үкіметі мен Қатар кәсіпкерлері қауымдастығына алғыс айтты. Оның айтуынша, әлем бұрын-соңды болмаған сын-қатерге тап болған қазіргідей кезде саяси ерік-жігер мен экономикалық белсенділікті ұштастыру өте маңызды.

«Бүгін мен Қатар елінің басшылығымен нәтижелі кездесу өткіздім. Біз түрлі сала бойынша уағдаластықтарға қол жеткіздік және елдеріміздің үкіметтеріне оларды жүзеге асыру үшін тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырдық. Менің сапарым біздің көпжақты қатынастарымызды одан әрі нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімдімін. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен Қатар зор табысқа жетті. Көптеген ел сіздерден үлгі алады. Сіздердің ғажайып елдеріңіз – экономикасы қарқынды дамыған, тұрмыс деңгейі жоғары, қоғамы өркендеген мемлекет ретінде танымал. «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасында жаңғыру мен ұлттық құндылықтар өзара нақты әрі ерекше үйлесім тапқан. Барша қатарлық достарымызға осынау игі мақсатқа жету жолында табыс тілеймін», – деді Президент.

 Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты.

Қазақстанның ашық есік саясатына, орасан зор ресурсына және еркін нарыққа қатысты реформаларына шетелдің, соның ішінде Қатардың көптеген компаниясы назар аударды. Әртараптандырылған және орнықты экономиканың негізін қалау – Қазақстанның басты міндеті.

«Мен жаңа экономикалық бағытты ұсындым. Аталған бастама анағұрлым қуатты әрі қарқынды дамыған ел құру мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бұл – өршіл, бірақ орындалатын міндет. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті. Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық», – деді Президент.

  Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылардың басым бөлігі қазақ-қатар экономикалық қатынастарының табысты дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Мемлекет өз тарапынан салық және кеден жеңілдіктерін ұсынуға, жобаларды бірлесе қаржыландыруға, ішінара кепілдік беруге және экспортты қолдау тетіктерін іске қосуға дайын.

«Жуырда біз Инвестициялық кеңес құрдық. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары төрағалық етеді. Кеңес шұғыл шешім қабылдау және жан-жақты мемлекеттік қолдау арқылы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына ықпал жасайды. Қатар компанияларын бизнес жүргізу үшін тың мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан нарығына инвестиция салуға шақырамыз», – деді Президент.

 Мемлекет басшысы серіктестікке тың серпін беру үшін жоғары деңгейдегі Қазақ-қатар бірлескен комиссиясының және Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруды ұсынды.

Қазақстан тарапы жақында ратификацияланған Инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімнің екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдіреді.

«Бүгін Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу барысында мен алғашқы қадам ретінде екіжақты сауда көлемін жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсындым. Біз Қатар нарығына машиналар, темір, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да жоғары сапалы тауарларды жеткізе аламыз. Сонымен қатар Қазақстан ЖІӨ көлемі 2,6 триллион доллар болатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына жол аша алады. Біз Қытаймен шекаралас елміз. Бұл «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында сауда-саттық жүргізуге жақсы мүмкіндік»,– деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бүгінде визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық тікелей рейстің арқасында Қазақстан мен Қатар байланыстары бұрынғыдан да нығая түсті. Бұған қоса, еліміз өзінің көлік-логистикалық әлеуетін әртараптандырумен және кеңейтумен белсенді түрде айналысып жатыр.

«Каспий теңізіндегі ең ірі хабтардың бірі саналатын Ақтау порты, Астана және Алматы халықаралық әуежайлары, қарқынды дамып келе жатқан көптеген теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ жоғары сапалы логистика тораптары мен хабтар ірі инфрақұрылымдық жобаларымыздың қатарына кіреді. Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз. Бүгін біз жалпы инвестициялық құны 18 миллиард долларға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қоямыз. Бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуға батыл кіріскенімізді көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.

Оның пікірінше, бүгінде Қазақстан мен Қатар визасыз режим мен апта сайынғы 20-ға жуық тікелей рейстің арқасында бұрынғыдан да тығыз байланыс орнатты. Сонымен қатар, еліміз өзінің транзиттік және логистикалық мүмкіндіктерін белсенді түрде әртараптандырып, кеңейтуде.

  Дөңгелек үстел алаңында «Атамекен» ҰКП және Қазақстанның сыртқы сауда палатасының өкілі Ғани Аманбаев мырза Мемлекет басшысының іскерлік кеңес жұмысын қайта бастау туралы тапсырмасы негізінде келіссөздер жүргізіп, келісімге келді. Кездесуге Қатар тарапынан Катардың сауда және индустрия министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Касим Аль Тани, Катар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы шейх Фейсал бен Касим Аль Тани, Катар Сауда-Өнеркәсіп палатасының төрағасы шейх Халифа бен Джасим бен Мұхаммед Әл Тани, Nebras Power Бас директоры Халид Мұхаммед Джоло, Hassad Food бас атқарушы директоры Али Хилял Аль Кувари, Qatar Free Zone Бас директоры шейх Мұхаммед бен Хамад Аль Тани және басқалар қатысты.

 Катардың Сауда-өнеркәсіп палатасымен келіссөздер де маңызды болды, онда Қазақстаннан тең төраға Алмас Құдайберген «Атамекен» ҰКП-ның, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының жобаларды іске асырудағы белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Қорытындылай келе, «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы өкілі Ғани Аманбаев мырза барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, Астана форумына шақырды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер