«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бір ауыл-бір өнім» жобасы Маңғыстаудағы жұмыссыздық мәселесін шешті

2024 жылғы 31 Қаңтар
- Маңғыстау облысы
8635 просмотров

Маңғыстау облысының Құрық ауылында «Бір ауыл – бір өнім» жобасын дамыту бойынша көшпелі өңірлік кеңес өтті. Онда маңғыстаулық тауар өндірушілердің қайталанбас бірегей бұйымдары ұсынылды. 
Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Бір ауыл - бір өнім» жобасының өңірлік тәлімгері Сәуле Салихова Маңғыстау облысы жергілікті шикізаттан тауарлар мен өнімдерді сату бойынша тамаша нәтижелер көрсеткенін айтты. Жобаға соңғы 2-3 жыл ішінде өз бизнесін бастаған және дамытқан 50-ден астам әйел қатысады.
Солардың қатарында, маңғыстаулық фермер Александра Григолова да бар. Ол 3 жылдан бері ешкі сүтінен ірімшік жасаумен айналысады. Александра жұбайымен бірге ашқан фермада әуелде үш ешкі ғана болған. Қазір олардың саны жүзден асады. Ешкі сүтінен ірімшік, йогурт және ашытылған сүт өнімдерін шығарады. Оның жасаған ірімшіктері Франциядағы халықаралық ірімшіктер байқауында үздік деп танылды. 2023 жылдан бастап фермер түйе сүтінен де ірімшік жасауға шешім қабылдады. 


«Қарақия ауданының Құрық ауылында «Бір ауыл - бір өнім» жобасы аясында жергілікті қолөнершілер экологиялық таза қой мен түйе жүнінен өнім даярлайды. Бұл өнімдер қазіргі таңда Қырғызстанға, сондай-ақ eBay маркетплейсі арқылы АҚШ-қа экспортқа жіберіліп үлгерді. Алдағы уақытта Финляндия, Швеция, Норвегия, Дания сияқты Скандинавия елдеріне және Жапония нарығына шығу жоспарлануда. Жапонияға барған сапарымда көптеген тәжірибе алдым»,- дейді ІӘК төрайымы Сәуле Салихова.


Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті өндірушілерді қолдау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай тауарлар мен өнімдерді сату нүктелерін құру және оларды танымал етудің маңыздылығына тоқталып өтті. 

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына қойған негізгі талаптардың бірі шағын және орта бизнесті белсенді дамыту болып табылады. Біздің тарапымыздан Президенттің алға қойған міндеттерін тиімді орындау үшін, сондай-ақ осы саладағы кедергілер мен жүйелік мәселелерді шешу мақсатында кәсіпкерлік сектормен бірлескен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Біздің облыстың кәсіпорындары мен кәсіпкерлерінің өнімді тек біздің өңірмен елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де тарату үшін үлкен әлеуеті бар екенін атап өткім келеді», - деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

 

«Бір ауыл-бір өнім» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын «Мен кәсіпкер» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады.
Жобаның негізгі міндеті- ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, жергілікті шикізатты қолдана отырып өнім өндіру, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашу. Жапониядан бастау алатын жобаның басты мақсаты-ауыл кәсіпкерлігінің әлеуетін ашу арқылы тұрақты табыс табу.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер