«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы білім беру бағдарламалары рейтингінің қорытындысы шығарылды

2024 жылғы 31 Қаңтар
10945 просмотров

Рейтинг қорытындысы туралы «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«2023 жылға білім беру бағдарламаларының рейтингі – білім беру сапасын талдау және бағалауға бағытталған алты жылдық жұмысымыздың жемісі. Рейтингте 19 критерийге сүйендік. Олардың ішіндегі негізгілері: түлектердің жұмысқа орналасуы,  түлектің оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналасу жылдамдығы, еңбекақысына талдау бар. Тағы бір маңызды аспект білім беру бағдарламалары мазмұнының өзектілігі және басқа да параметрлерді бағалау болды», – деді «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов.

Сарапшының айтуынша, пайдаланылған көрсеткіштің бәрі объективті.

«Мысалы, 2023 жылғы рейтинг үшін 2022 жылғы түлектердің деректерін талдадық. Жұмысқа орналасу жылдамдығы, еңбекақы деңгейі және жалпы жұмысқа орналасуды анықтау үшін біз 2022 жылдың тамызынан бастап (барлық түлек диплом алған уақыт) 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңдегі түлектердің ай сайынғы зейнетақы аударымдары туралы ақпаратты қолдандық. Бұл деректерді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ ұсынғанын және бұл ретте біз құпиялылықтың барлық нормасын сақтағанымызды атап өту маңызды. Өйткені ақпарат жеке деректерді өңдеу қағидаларын бұзбай, иесіздендірілген түрде келіп түсті.

Білім беру бағдарламаларының мазмұнын бағалауда біз тиісті салаларда тәжірибесі мен жоғары білімі бар білікті кәсіби сарапшыларды жұмылдырдық. Олар білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігі туралы объективті түсінік беру үшін білім мен тәжірибеге негізделген талдау жүргізді.

 Рейтинг талапкерге түрлі бағыттағы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі туралы құнды ақпарат береді. Бұл болашақ студенттерге жұмысқа орналасу перспективалары мен таңдалған бағыт пен университетке байланысты еңбекақының болжамды деңгейін ескере отырып, негізделген таңдау жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, талапкер рейтингімізді оқуды бітіргеннен кейін қаншалықты тез жұмыс таба алатыны туралы болжам жасау үшін қолдана алады.

Біз талапкерлерге олардың болашақ еңбек перспективаларын ескере отырып, негізді таңдау жасауға және жоғары білім беру саласында бағдарлануға көмектесетін пайдалы деректер беруге тырыстық», – деді Азамат Бейсенбенов.

  Бұл жолы рейтингке 95 ЖЖОКБҰ бойынша 121 мамандық (рейтинг) қатысып, 2090 білім беру бағдарламасы қамтылды. 100 235 түлектің деректері талданып, Қазақстанның барлық өңірінен 190-нан астам салалық сарапшы тартылды.

2023 жылы жұмыспен қамтудың орташа пайызы 3,3%-ға өсіп, 82,8%-ды құрады, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 78,4%, 2022 жылы 79,5%-ды құраған болатын.

Тағы бір негізгі өлшемшарт – «Түлектердің медианалық еңбекақысы». Бұл көрсеткіш өткен жылмен (167 577 теңге) салыстырғанда өзгеріссіз қалды және 168 156 теңгені құрады. 2021 жылы ол 155 621 теңге, ал 2020 жылы 114 067 теңге деңгейінде болған.

 Сонымен қатар, оқу аяқталғаннан кейін жұмыс іздеу ұзақтығы да талданды. Орташа алғанда, түлектер жұмыс іздеуге 79 күн (2,64 ай) жұмсайды, олардың 70%-ы алғашқы 3 айда жұмыс тапқан:

  • түлектердің 70%-ы оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы 3 айда жұмысқа орналасқан;
  • 29%-ы жұмысты 3-6 ай аралығында іздеген;
  • 1%-ы жұмысты 6 айдан көп іздеген.

Бакалавр түлектерінен басқа, 2022 жылғы магистратура түлектеріне де талдау жүргізілді. ҰБДҚ деректеріне сәйкес, 2022 жылы 38 202 магистрант оқуын бітірді, оның 80,1%-ы (30 682) жұмысқа орналасты.

 Білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестендіру мақсатында «Білім беру бағдарламаларын әзірлеу/жұмыс берушілермен келісу» өлшемшарты қолданылды. Қазіргі уақытта бағдарламалардың 91%-ы жұмыс берушілермен келісілген. Оның 23%-ы ірі кәсіпорындар, ал 77%-ы шағын және орта кәсіпорындармен келісілген.

Білім беру бағдарламаларының мазмұнын бағалау үшін 190-нан астам салалық сарапшы жұмысқа тартылды. Нәтижесінде 2 мыңнан астам сараптамалық қорытынды алынды, соның негізінде ЖЖОКБҰ үшін ұсынымдар әзірленетін болады.

2023 жылғы рейтинг нәтижесі бойынша бағдарламалардың 68%-ы (1294 ББ) жұмыс берушілердің талаптарына сай екендігі, 30%-ы (571 ББ) талаптарды қанағаттандыратындығы, бірақ өзектендіруді талап ететіндігі және тек 2%-ы (38 ББ) талаптарға сай келмейтіндігі және пысықтауды талап ететіні анықталды.

Магистратура студенттерге қосымша білім алуға және алынған білімді терең талдауға мүмкіндік береді. Оқуды жалғастыру олардың мансаптық сын-қатерлерге жақсырақ дайындалуына ықпал етеді. Алайда, осы рейтинг қорытындысы бойынша бакалавриат түлектерінің тек 9%-ы магистратурада оқуын жалғастыратыны анықталды.

 2023 жылы рейтинг әдістемесіне оқу орнының жалпы тиімділігі мен сапасын көрсететін «ЖОО жалпы көрсеткіштері» деп аталатын жаңа критерийлер блогы қосылды. Бұл блок студенттер мен оқытушылардың арақатынасы, ғылыми белсенділік, ББ-ның дәрежелі оқытушыларының үлесі және оқытушылардың орташа еңбекақысы сияқты көрсеткіштерді қамтиды.

 Талдауға сәйкес, әр оқытушыға орта есеппен 17,5 студенттен келеді. Зерттелетін оқу орындарының 59%-ында бұл арақатынас өзгеше, оларда оқытушыға келетін студенттар саны өз нормасынан, яғни 16-дан артық. Оқытушылардың 46%-ының ғылыми және академиялық дәрежесі бар. Алайда, жоғары оқу орындарының 26%-ында оқытушылар құрамының ғылыми деңгейі нормаға, яғни 40%-ға сәйкес келмейді. Оқытушылардың орташа медианалық еңбекақысы 2023 жылы 426 472 теңгені құрады, бұл өткен жылдардан едәуір жоғары (2022 жылы – 369 357 теңге, 2021 жылы – 222 549 теңге). Медицина саласында ең жоғары еңбекақы Астана қаласының оқытушыларында тіркелген, ол 559 704 теңгені құрайды, ал ең төменгісі Қызылорда облысында – 228 014 теңге.

«Талапкерлер үшін университет пен мамандықты таңдау болашақты анықтайтын маңызды кезең екенін айтқым келеді. Сондықтан, таңдау жасамас бұрын, өз қызығушылықтарыңызды анықтаңыз, кәсіптік бағдар беру тестілерін қолданыңыз, бағдарламалар мен мансап перспективаларын зерделеңіз. Өз қалауыңыз бойынша түрлі рейтингтерді қарастыра отырып, университеттерді салыстырыңыз. Университеттер ұйымдастыратын жәрмеңкелер мен ашық есік күндеріне қатысыңыз. Ата-ана, оқытушылармен және мансап кеңесшілерімен кеңесіңіз. Ең бастысы, барлық аспектіні ескере отырып, зерделенген шешімдер қабылдаңыз. Сіздің таңдауыңыз кәсіби жолыңызды ашсын», – деп түйіндеді Азамат Бейсенбенов.

Рейтинг нәтижесін «Атамекен» ҰКП сайтынан көруге болады  https://atameken.kz/kk/university_ratings.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер