«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Теміржол тарифтерінің өсуі қазақстандық тауар экспортына кедергі

2024 жылғы 22 Қаңтар
8486 просмотров

Қазақстандық экспорттаушылар теміржол тарифтерінің көтерілуіне қатысты дабыл қағып жатыр. Жыл басынан бері «ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық теміржол желісі қызметтеріне тарифті 5%-ға арттырды. Бұған қоса «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС локомотивтік тарту қызметтеріне тарифті 35%-ға арттыруға өтінім жолдады. Алайда 2023 жылы жүктерді тасымалдауға арналған теміржол тарифтері үш рет (МЖС қызметтеріне – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 5%-ға және  2023 жылғы 27 сәуірден бастап 28,4%-ға, локомотивтік тарту қызметтеріне – 2023 жылғы 6 қарашадан бастап 11,4%-ға) көтерілген болатын.

Бұдан басқа, 2024 жылғы 8 қаңтарда «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2024-2025 жылдарға арналған жекелеген бағыттар бойынша магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тарифтеріне ең жоғары индексті өзгертуге өтінім берді. Кейінгі жылдары жиналып қалған қарызды жабу мақсатында ҚТЖ экспорттық тасымалдарға арналған магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (бекітілген тарифтерге коэффициенттерді арттыратын), сондай-ақ ҚР шекаралық өткелдері мен теңіз порттары арқылы Қазақстан Республикасының станцияларында өтетін «жүк түсіру, тиеуден» вагондардың бос жүруіне баға шектерінің өсуін мәлімдеді:  2024 жылы – 3,89 есе, 2025 жылы – 4,42 есе өседі.

«Атамекен» ҰКП Тау-кен металлургия кешені департаментінің директоры Рустам Шунтуковтың айтуынша, экспорттаушылар өткен жылы айтарлықтай қаржылай жүктемені сезінді. 2024 жылы тарифтердің өсуі қазақстандық экспортқа қауіп төндіруі мүмкін.

«ҚТЖ қарызды жабу үшін баға шегін арттыруды ұсынып отыр. Бұл ретте баға шектерін қолдану тәртібі айқындалмаған. «ҚТЖ» ҰК» АҚ максималды индексі шеңберінде өз қалауы бойынша баға шектерін қолдануға қатысты шешімдер қабылдайтын болады және түрлі жүктер мен тасымалдау бағыттары үшін әр түрлі арттырушы коэффициенттер белгіленуі мүмкін. Бұл шара экспорттаушылар үшін көп кедергі туғызады», – деп атап өтті спикер.

Рустам Шунтуков, ең алдымен, жүктерге шикізат пен өнімді тасымалдаудың баламасыз тәсілі – теміржол көлігі тау-кен металлургия кешені, көмір өнеркәсібі сияқты экономика салаларына кері әсер етеді деп санайды. Бизнестің осы санаттары үшін қауіп-қатер болашақта экспорттың тиімсіздігіне дейін апарады.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені департаментінің директоры Ерден Наурызбеков те осы позицияны ұстанады. Өткен жыл ауыл шаруашылығы үшін өте қиын болды. Ал отандық тасымалдаушыларға тарифтер көтеріліп, жекелеген елдерге Қазақстан Республикасының аумағы арқылы осындай өнімді транзиттеу үшін жеңілдікті тарифтер белгіленетін болса, бұл көрші елдердің нарықтарында қазақстандық өнімнің қымбаттауына және бәсекеге қабілетсіз болуына әкелетінін айтты.

 Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының экспортқа тарифтердің өсуі Қазақстанның бірқатар май зауытының банкроттыққа ұшырауына әкеп соғуы мүмкін.

«Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі. Сондықтан біз өз өнімдерімізді экспорттық бағытта жөнелтеміз және Ресей Федерациясының жеткізушілерімен бәсекелесеміз. Бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің бірі – ТЖ көлігімен тауарларды тасымалдау құны болып отыр. Тиісінше, егер магистральдық темір желісі қызметтеріне тарифтер бойынша баға шегінің ұлғаюына байланысты экспорттық бағытта жүктерді тасымалдау құны көтерілсе және негізсіз болса, біз жай ғана нарықтан түсіп қаламыз. Май зауыттары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Егер мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы төмен сұранысты ескеретін болсақ, онда қайта өңдеу кәсіпорындарының басым бөлігі банкротқа ұшырайды», – деді Ибрагимов.

Сондай-ақ, бизнес өкілдері ТЖ көлігімен жүктерді тасымалдауға және МТЖ қызметтеріне тарифтердің көтерілуіне байланысты туындаған мәселелер ҚТЖ реформасының ұзаққа созылуының салдары екенін айтты.

Сарапшылардың пікірінше, бұл сектордағы бәсекелестік әлсіз. Транзитке басымдық беріледі. Транзиттік тариф инфрақұрылымдық (МЖС) және тасымалдау құрамдас бөліктеріне бөлінбейді. Сондықтан инфрақұрылым транзиттен түсетін кірістердің қандай көлемін алатыны туралы түсінік жоқ. Сарапшылар «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың МТЖ қызметтеріне тарифтер бойынша баға шегін ұлғайту жөніндегі ұсыныстары теміржолға өткен жылдардағы қарыздарды өтеу мақсатында қосымша кірістер алу үшін мүлдем қолайсыз тәсілді қолдануға құқық беретінін атап өтті.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында ҚР Ұлттық Экономика министрлігі магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне баға шегін қолдану мақсаттарының тізбесін кеңейтіп, оны жаңа мақсатпен толықтырды. Атап айтқанда,  «қолданыстағы активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарт, реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынудың технологиялық циклінде тікелей пайдаланылатын жаңа активтерді құру, энергия үнемдеуді қамтамасыз ету, энергия тиімділігін арттыру және тариф құрамында ескерілмеген ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру үшін тартылған кредиттік ресурстар бойынша негізгі борышты қайтару үшін кірістер алу көзделді».

Бекітілген тарифтік сметаға сәйкес, 2024 жылы барлық қатынастарда МЖС реттелетін қызметтерінен ҚТЖ кірістері 505 млрд теңге сомасында көзделген. ҚТЖ баға шегін қолдану есебінен қосымша 396 млрд теңге алуға ниетті.

Сонымен қатар, қазақстандық вагондар (контейнерлер) операторлары мен тасымалдаушылары қауымдастығының бас директоры Салтанат Адамбаева қазіргі уақытта нақты баға саясатының болмауын атап өтті.

«Шекара станциялары, теңіз порттары бойыншавагондардың бос жүріс құны төрт есеге артты. Мұндай талап неден құралғаны түсініксіз. Темір жол барлық жерде жеңіске жететіні белгілі болды.Пойыз бос жүрмейді – бос вагондар және сақтау үшін он есе мөлшерде айыппұл төлейді. Бос жүрсе, демек тарифті төрт есе қымбат төлейді. Егер сізде шығындар болса және бір нәрсені жабу қажет болса, неге транзиттік тасымалдау үшін жақсы жеңілдіктер жасап, бірақ экспорттық тасымалдау қымбаттатуға неге жол беріледі? Біз бүгінгі таңда нақты баға саясатын көріп отырған жоқпыз», - деді Адамбаева.

 Кәсіпкерлер бұл жаңашылдықтарды Ұлттық экономика министрлігі жүк жөнелтушілер мен ҚР экономикасы үшін салдарлардың әсерін есептеудің толық болмауы кезінде және бизнес-қоғамдастықтың бірнеше рет айтылған теріс позициясына қарамастан қабылдағанын атап өтті.

«DAR RAIL» ЖШС байқау кеңесінің төрағасы Александр Клим салдарлармен емес, бизнес үшін көтерілмейтін тарифтерді белгілеу себептерімен күресу қажет деп санайды.

 «Қазіргі жағдайдың басты себебі теміржол көлігінің ескірген моделін сақтау болып отыр. Реформалаудың алғашқы қадамы ұлттық инфрақұрылым операторын – осы инфрақұрылымды тиімді және ұлттың игілігі үшін басқаратын жеке субъектіні құру. Ол әлі құрылған жоқ. Оны «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы - магистральдық желі дирекциясы басқарады.  Дегенмен заңның талабы –  жеке, заңды- жекелеген тұлғаны құру. Сондықтан проблемалар басталады, өйткені магистральдқ теміржол желісін пайдалануға жоспарлы түрде жауап беретін, барлық тарифтерді шоғырландыратын және заңнама нормаларын орындай отырып, тиісті қызметтер көрсететін субъект жоқ», - кәсіпкер өз пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов мәселені жедел шешу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Палата транзиттік тасымалдауды қайта қарап, отандық бизнеске жағдай жасау керегін алға тартатынын өткен жөн.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдері атынан «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атына «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың МТЖ қызметтеріне баға шегін арттыру және тауарлар экспортының қымбаттауы есептеулеріне қатысты позициясын жолдау туралы шешім қабылдады. Жүк жөнелтушілердің позициясы мен есептері жиналғаннан кейін «Атамекен» ҰКП бұл мәселені ҚР Көлік министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қатысуымен талқылауды жоспарлап отыр.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер