«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жаңа Қала құрылысы кодексі сала субъектілерінің мүддесін ескермейді – сарапшы

2024 жылғы 16 Қаңтар
9553 просмотров

Сарапшылардың пікірінше, Қала құрылысы кодексін қабылдау немесе қабылдамау нарықтық тұрақтылыққа да, ел ішіндегі экономикалық ауытқуларға да әсер етпейді.

Қала құрылысы, құрылыс және сәулет қызметін реттеу үшін мамандандырылған кодексті әзірлеу мәселесі ұзақ уақыт бойы шешілмей келеді. Мұндай құжатты әзірлеуге қажеттілік жылдан жылға өсе берді. Құрылыс саласына реттеуші механизм қатты жетіспей келді. Кодекс қолданыстағы оншақты заң мен заңға тәуелді актіні реттейтін еді. Құрылысшыларға нақты алгоритмдер, біржақты заңдар мен тиімді жұмысқа мұқтаж болды.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес ҚР Құрылыс кодексінің жобасын әзірлеу 2023 жылдың басында қолға алынды. Идеялық тұрғыдан алғанда, қазіргі қолданыстағы және қабылданған заңдарға дейін тұжырымдамалық тұрғыдан ерекшеленетін түбегейлі жаңа жоба бойынша жұмыс істеу керек еді.

 2023 жылдың 29 тамызында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жария талқылау жүргізу үшін Құрылыс кодексінің жобасын Ашық НҚА порталында жариялады. Өткен жылдың 25 желтоқсанында министрлік Үкіметте кодекстің жобасын таныстырды. Презентация  сәтті, әдемі, сауатты жүргізілді.

 «Кодекс жобасын таныстыру, ұсыну жақсы болды. Алайда, бір «әттеген-айын» айтпасқа болмас – презетация мазмұны нақты орындалған жұмысқа сәйкес келмеді. Сондықтан саланы терең білмейтін, проблемаларынан хабарсыз адам ұсынылған жобаны жақсы дайындалған, өте керемет тексерілген құжат ретінде қабылдайды. Ұлттық палата ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған презентациядағы басым бағыттар, тәсілдер, формалар мен құрылыс саласын реттеу шараларын қолдағанымен, Кодекс жобасы қолданыстағы НҚА және заңдарды қайталайтынын, сол заңдарды біріктіріп тұрған конгломерат болып шыққанын растау керек. Өкінішке қарай, Кодекс мазмұны бастысы тұжырымдамасында өзгермеген», – деді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және ТКШ комитетінің төрайымы Ирина Манжанова.

Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде Жоба құрылыс саласы қолданып жүрген заңдардың кең жиынтығынан тұрады.

«Кодекс жобасы осы түрінде қабылдау маңызды мәселе болмайтыны анық. Құрылыстың басы қасында жүрген, ңргетасын қалап, ғимарат пен нысандар салып жатқан құрылысшылар қолданыстағы заңнамамен тағы екі-бес жыл тыныш жүмыс істей берер еді. Кодекс құрылыстан басқа мәселені шеше алмайды. Ал іс жүзінде құжат тұтас индустриядағы мәселелерді шешіп, қызметті реттейтін, бұзушылықтар үшін жаза, талаптан тұруы керек еді. Бұл міндет орындалмай қалған», – деді Ирина Манжанова. 

Заң жобасы қабылданған жағдайда болжамды құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар жеке назар аударуды талап етеді. Министрлік мамандарының пайымдауынша, Кодекс жобасын бекіту ең алдымен сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қатынастарды тұрақты реттеуді орнатуға әсер етеді. Бірақ, біріншіден, жобада қолданыстағы нормаларға сапалы өзгерістер болмағандықтан бұл салаға әсер етпейді. Екіншіден, Кодекс жобасы «Құрылыс» деп аталады. Өкінішке қарай, бұл құжат сәулет және қала құрылысы мәселелерін ескермейді. Ал елімізде қала құрылысы мен сәулет саласындағы мәселелер өте көп және елімізде оларды іс жүзінде ешкім реттемейді.

 Сарапшы құрылыс – кірпіш қалау, белгілі бір жағдайда мердігер не істеу керек екенімен шектелетінін түсіндірді. Ал қала құрылысы экономикалық, демографиялық, құрылыс-техникалық, санитариялық-гигиеналық және эстетикалық міндеттерді кешенді шешетін сәулет және құрылыс саласы ретінде анықталады. Осы екі ұғымның арасындағы айтарлықтай айырмашылық бары өте айқын.

Жоба таныстырылған кезде Кодекс мемлекет, инвесторлар, құрылыс салушылар және халық мүддесінің теңгерімін белгілеу нүктесіне айналады делінген.

 «Кодекс «халық-мемлекет-бизнес» үштігіне тең сенімділік тірегі болады-мыс. Алайда, қолданыстағы нормалардан басқа маңызды ештеңе Кодекске қосылмағанын ескерсек, бұл мәлімдемені күмәнмен қабылдауға болады. Саланың инвестициялық тартымдылығы артады дегенге сену қиын. Инвестициялық тартымдылық –  негізінен инвесторлар үшін белгілі бір елдегі, аймақтағы немесе саладағы тәуекел деңгейі, кірістілік деңгейі және қаржы ресурстарының құнының арақатынасынан тұратын кең, көп қырлы ұғым. Кодексті қабылдау немесе қабылдамау саланың нарықтық тұрақтылығына да, ел ішіндегі экономикалық ауытқуларға да әсер етпейді», – дейді сала сарапшылары.

Кодекстің болжамды қызметі ауқымды құрылыс нарығына қатысушылар арасында теңестіруші медиатор рөлін атқаруға тиіс еді. Бұған қарамастан, жоба құралдары құрылыс жобаларын сараптау нарығын мемлекеттің пайдасына ашық түрде монополияға айналдырып тұр. Бұл тұрғыда кодекс жобасы құрылыс индустриясының сауда-экономикалық қатынастарына қатысушылар арасында теңдік пен бәсекелестік тепе-теңдікті қамтамасыз етеді деген тұжырым екі ұшты болып көрінеді.

Осылайша, жоғарыда баяндалғанның бәрін қорытындылай келе, сарапшылар мынадай пікірді алға тартты: -de facto кодекстің ұсынылған жобасы қолданыстағы заңдар мен нормаларды тұжырымдамалық қайта өңдеу емес, қолданыстағы салалық мәселелердің түбегейлі жаңа, креативті және заманауи шешімдерін қамтымайтын олардың кеңейтілген жиынтығы болып тұр. Альберт Эйнштейннің сөзін келтірсек, «мұны жалғастыру және басқа нәтиже күту мағынасыз». 

 Өкінішке қарай, Кодексте атқарылған жұмыс құжаттың әлеуетін толық ашпайды және ҚР Президенті нұсқауды толық көлемде іске асырмайды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер