«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Үй жанындағы дүкендер бөлшек салық мөлшерлемесін төмендетуді сұрайды

2024 жылғы 12 Қаңтар
- Алматы қаласы
9344 просмотров

 Алматы кәсіпкерлер палатасының алаңында үй жанындағы дүкендердің 100-ден астам өкілі жиналды. Кездесу мәслихат депутаттары, Мемлекеттік кірістер департаменті, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының өкілдерінің қатысуымен өтті.

Кәсіпкерлер үй жанындағы дүкендерге салық жүктемесі мәселесін қысқа мерзімде шешу керегін алға тартты. Әйтпесе, көптеген дүкен жабылуға мәжбүр болады. Атап айтқанда, олар бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуді сұрайды.

Мәслихат депутаты, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, арнайы салық режимінде жұмыс істеу үшін алдымен ашық жұмысқа дайындықты көрсету қажет.

 «Бұл мәселені түрлі алаңда, сонымсен қатар қала әкімімен де терең талқыладық. Кәсіпкерлер ашық жұмыс істеп, бөлшек салықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетуі керек. Содан кейін ғана арнайы салық режимін төмендету туралы мәселені көтеру керек. Бүгін өзгеріске дайындықты көріп отырмын, бұл бағытта ортақ позиция керек. Ашық жұмыс істеп, оң динамика көрсеткен барлық кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларына сенім арта алады», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

 ҰКП деректері бойынша енді  бөлшек салықтың арнайы салық режимі кәсіпкерліктің 364 қызмет түріне таралады. Бұған дейін тізбеде 190 қызмет түрі ғана болған.  Тауарларды сатуға және жеке тұлғаларға қызмет көрсетуге бағытталған экономикалық қызметтердің жалпы жіктеуіштерінен (ЭҚЖЖ) басқа, тізімге тауарларды өндіру және қайта өңдеу, жөндеуге байланысты қызмет түрлері, электр монтаждау жұмыстары сияқты қызметтер енгізілген. Жаңа тізіммен мына сілтемеден танысуға болады.

«Біз тауарларға үстемеақыны 15%-дан асыра алмаймыз. Оның 4 пайызы сатушының еңбекақысына кетеді. 4-5 пайыз басқа шығындар, коммуналдық қызметтер, жалға алу. Мобильді аударымдар мен QR төлемдері үшін банк өз пайызын алады. Біз оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейміз. Бірақ бәрі қымбаттап жатыр, шектен асып кетеміз бе деп қорқамыз. Лицензия тағы бар. Үй жанындағы дүкендер үшін бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесін қарастыруды сұраймыз», – деді дүкен иесі.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Нариман Ибрагимов кездесуге қатысушыларды құрылымды диалогқа шақырды.

«Бүгін біз дүкендер мәселесін шешу үшін жиналдық. Алматы қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкерлік, инвестициялар, туризм және экология жөніндегі комиссияның төрағасы Руслан Идрисов, МКД, кәсіпкерлік басқармасының өкілдері шақырылды. Дүкендерге салық жүктемесі мәселесі өте өзекті. Бөлшек салықты 50 пайызға төмендету үшін бір бағытта жүруіміз керек», – деді Нариман Ибрагимов.

 Кәсіпкерлердің айтуынша, алкоголь өнімдерін лицензиялауға да шығын бар. МКК деректері бойынша республикалық және облыстық маңызы бар қала үшін алкоголь бөлшек сатуға арналған лицензияның құны – 100 АЕК (345 000 теңге). Алкогольге бір реттік лицензиялық алымнан басқа, лицензияны пайдалану үшін жыл сайын төлеу керек. Жыл сайын төлемді жыл бойына немесе тең бөліктерге — 25 наурызға, 25 маусымға, 25 қыркүйекке және 25 желтоқсанға дейін төлеу керек. Мысалы, Алматыдағы мөлшерлеме 100 АЕК-ті құрайды, яғни 2024 жылы тоқсан сайын 25 АЕК — 92 300 теңге төлеу қажет.

Кәсіпкерлердің айтуынша, қазір дүкендер темекіні «тегін», үстемесіз сатып жатыр.

 «Дүкендер бизнестің ең осал санаты. Біздегі табыс азын-аулақ. Бізге мемлекет тарапынан қолдау өте қажет. Жыл сайын ірі сауда желілері бізді нарықтан ығыстырып жатыр. Интернет арқылы азық-түлікке тапсырыс беру дамып жатқанына байланысты тұтынушылардың азайып жатқанын байқаймыз. Жыл басынан бері мобильді аударымдарға қатысты мәселелер сатылымға әсер етті. Біз бухгалтерді жалдауға мүмкіндігіміз жоқ. Ал бухгалтерлік есепті жүргізуге уақыт жоқ. Мәселенің шешімін бөлшек салыққа төмендетілген мөлшерлемемен көшуден көреміз», – дейді кәсіпкер.

 Айта кетейік, бөлшек салықты көрсетілген тізбеден қызметтің бір немесе бірнеше түрі қолданылған жағдайда заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қолдануға құқылы. Бөлшек салық мынадай мөлшерлемелер бойынша төленеді: тауарды жеке тұлғаларға сатқан кезде 4% және заңды тұлғалармен мәмілелер бойынша 8%. Бұл ретте мәслихаттарға жеке тұлғаларға сатылатын қызметтер мен тауарларға бөлшек салық мөлшерлемесін 50 пайызға дейін төмендету құқығы берілген.

 2023 жылы бөлшек салық мөлшерлемесі Қарағанды және Қызылорда облыстарында 2 пайызға дейін және Астана қаласында 3 пайызға дейін төмендетілді. Ал 2024 жылға бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімді 2024 жылңы наурыздың соңына дейін қабылдау қажет.

«Біз цифрландыруға және онлайн төлемдерге қарсы емеспіз. Бұл процесс жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетеді. Бірақ банктердің комиссиясы мен қосымша салық жүктемесі бізді табыссыз қалдырады. Дүкендерде көптеген шығын бар. Жоғарыда аталған 15 пайыздың ішінде бізде 4 пайыз пайда қалады. Егер бөлшек салық мөлшерлемесін 2 пайызға төмендетуге болатын болса, бізде кем дегенде 2 пайыз пайда қалады», – дейді кәсіпкер Раушан.

Талқылау қорытындысы бойынша депутат Руслан Идрисовтың басшылығымен мемлекеттік органдар, мәслихат депутаттары және қаланың әр ауданынан кәсіпкерлер қатарынан жедел жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

 «Мен үй жанындағы дүкендердің барлық мәселесін өте жақсы білемін. Өйткені өзім сауда саласында жұмыс істедім. Бөлшек салық мәселесін шешу үшін топтың жұмысына белсенді қатысуды сұраймын. Кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығы ретінде әрекет етеді және бизнестің шоғырландырылған позициясын мәслихатқа шығарады», – деп атап өтті Руслан Идрисов.

 2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталады. Соның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мынадай санатқа жататын тұлғалар тапсыруы тиіс:

- заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары;

- жеке кәсіпкерлер мен жұбайлары.

 Бұдан басқа, ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 жылғы №323 бұйрығына сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша банктер бизнес өкілдерінің (заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары және жеке кәсіпкерлер (ерлі-зайыпты) банктік операциялары бойынша ақпарат беретін болады.

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер