«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлер айыппұл төлейді

2024 жылғы 12 Қаңтар
- Түркістан облысы
9042 просмотров

Тұтынушылар тауар сатып алғанда «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес төлемнің әртүрлі тәсілдері көзделген – банк картасымен, QR-төлеммен немесе қолма-қол ақшамен төлей алады. Кәсіпкердің қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартуы заң аясында жауапкершілікке әкеліп соғады. Яғни кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін ескерту, қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек Көкенов облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен жиында мәлімдеді.

Сауда және қызмет көрсету комитетінің отырысында кәсіпкерлерге бөлшек салықтың арнаулы салық режимі бойынша салықтық мөлшерлемесін төмендету және жеке кәсіпкерлердің активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыру тәртібі түсіндірілді.

«Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы 200 000-нан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың ішінде басым бағыттары –ауыл шаруашылығы, сауда саласы  және өзге де қызмет көрсету салалары. Жарты жылдық ақша айналымы 20 000 АЕК асатын болса ҚҚС төлеуге міндетті. Қазіргі уақытта облыс бойынша 2700 кәсіпкер ҚҚС төлеуші болып табылады», деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Зухра Амирова.

1 қаңтардан бастап барлық кәсіпкер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс. Осыған байланысты кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді әділ әрі шынайы көрсету өте маңызды. Жиын соңында сұрақ-жауапқа кезек беріліп, кәсіпкерлерге сала мамандары кеңес берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер