«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге мобильді аударымдарға қатысты жаңа талаптар түсіндірілді

2024 жылғы 11 Қаңтар
9246 просмотров

Жыл басынан бері отандық бизнес бірден бірнеше маңызды жаңашылдыққа  тап болды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын тексеру және жалпыға бірдей декларациялау-2024. Мобильді аударымдар және жалпыға бірдей декларациялау-2024 жаңа қағидаларын түсіндіру үшін «Атамекен» ҰКП алаңында семинар өтті. Оған ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті, өңірлік кәсіпкерлер және бизнес палаталарының өкілдері қатысты.

 «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалар арқылы мобильді аударымдармен 100 трлн теңгеден астам операция жүргізілген.

«Бұл елеусіз қалдыруға болмайтын маңызды сома. Мәселе әрқайсымызға қатысты және үлкен сұрақ туғызады», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.

 Мемлекеттік кірістер комитетінің өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаменті басқармасының басшысы Дина Құсайынова тауар немесе қызмет түрі  кассалық чекпен берілуі керегін атап өтті.

«Әр кәсіпкер тауармен қоса кассалық чек берілуі керегін біледі. Бұл бұрыннан бар талап. Мобильді аударымдар жеке тұлғалардың жеке мақсаттары үшін қарастырылған, сондықтан кәсіпкерлік мақсатта қолданылмауы керек. Сондықтан кәсіпкерлік нысандар онлайн төлем жүргізу үшін POS-терминалдары болғаны абзал. Үш ай бойы түрлі тұлғалардан 100-ден аса аударым жасалса кәсіпкерлік қызмет белгілерін көрсетеді. Аударым саны мен сома есептелмейді. Мұнда тұлғалар саны маңызды. Бір күн ішінде туыс адамға бес аударым жасауға болады, бірақ ол бір тұлға болып саналады. 100-ден аса тұлға кәсіп жүргізуді білдіреді», – деп нақтылады спикер.

Спикер банктер POS-терминалдарды тегін беруге дайын екенін және бұл бағытта мәселе туындамайтынын айтты.  Сондай-ақ, чек беру және кәсіпкерлік шотқа төлем қабылдау бойынша мобильді нұсқалар бар.

Сонымен қатар, семинар барысында кәсіпкерлерге жалпыға бірдей декларациялау қағидалары түсіндірілді.

Сонымен, III кезең барысында декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының басшылары, оның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшылары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары ұсынуға міндетті. Декларацияны тапсыруға міндетті емес адамдар: филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашысы азаматтар.

Бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) және т. б. жалпыға бірдей декларациялауға жатады.

«ҚР-да тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлік – Қазақстан банктеріндегі үйлер, машиналар, пәтерлер, гараждар, тұрақ орындары, банктік шоттар декларацияда көрсетуді қажеті жоқ. Бұл ақпаратты бәріміз аламыз. Декларация 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша тапсырылады. Оны салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және mGov мобильді қосымшалары арқылы қағаз жүзінде және электрон түрде екі тәсілмен беруге болады», – деді Құсайынова.

Декларацияны 2024 жылдың 1 қаңтарынан 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет.

Еске салсақ, Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді. I кезең шеңберінде мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайларының (579 мың) мүлкі декларациялауға жатады. II кезеңде – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (2,1 млн). III кезең – заңды тұлғаның басшылары, құрылтайшылар, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (3,9 млн). IV кезең – жеке тұлғалардың қалған санаты (6,4).

Осылайша, 2025 жылға қарай 13 миллионнан астам адам өз декларациясын ұсынаы деп жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер