«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы ірі кәсіпкердің 2,2 млрд теңгеге мүліктік құқығын қорғады

2023 жылғы 26 Желтоқсан
- Алматы қаласы
11821 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Алматыда жанармай станцияларының ірі желісіне жанармай сату нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдаланды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Палата сарапшылары құжаттарды сараптағаннан кейін тергеуге негіз жоқ екенін анықтады.

 Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасына жанармай құю станциялары желісін басқаратын компания өкілдері жүгініп, ҚР Қылмыстық кодексінің 22-бабының 1-бөлігі (монополистік қызмет) бойынша қозғалған істің құжаттарын зерделеуді сұрады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру компания табысының жоғары деңгейі туралы ақпарат негізінде басталған. Бұл туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қорытындысында компанияның қызметін тексеру нәтижесі бойынша көрсетілген. Құжатта компания қазақстанның бірқатар өңірінде АИ-92 маркалы бензинді бөлшек сату бойынша лидер екені және белгілі бір айларда 17%-ға дейін тұрақты жоғары табыс деңгейін көрсететінін, ал сол өңірлердегі бәсекелестер төмен табыс табыс деңгейінде немесе мүлде шығында болғаны баяндалған. Компаниянң болжамды монополиялық табысы 2 244 492 498 теңге сомасында бағаланды.  

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшылары прокуратурамен бірлесіп, іске қоса берілген барлық құжатты зерделеп, жоғарыда аталған мемлекеттік органның қорытындысы қылмыстық істі тіркеу үшін негіз болмайтынын анықтады.

 «ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 179-бабына сәйкес нұқсан, елеулі зиян не заңсыз табыс туралы қолданыстағы заңнаманы бұзу туралы мәліметтер жоқ қылмыстық құқық бұзушылық туралы арыз, хабар немесе баянат Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелуге жатпайды», – деді Алматы қ. ӨКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі басқарушы директоры Мейрамбек Қаныбеков.

 Маманның айтуынша, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде тергеуді жалғастыруға мүмкіндік бермейтін негіздер белгіленді. Қала прокуратурасы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі жауып тастады.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің тәжірибесінде мұндай кейстер өте көп. Қазіргі кезде Палата осындай мәселелерді шешуді сапалы жаңа деңгейге шығаруға ұмтылып жатыр.

 «Кәсіпкерлердің құқығын құрметтеу, кәсіпкерлік қызметке әділ көзқарасты сақтау – салауатты бизнес-климаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Ол өз кезегінде ел экономикасы мен қаламыздың өсуінің маңызды факторы. Сондықтан біз кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше мән береміз және осы бағыттағы жұмысты күшейтуге ниеттіміз», – деп атап өтіт Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов.

Спикер «Атамекен» ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілер талаптар жиынтығына айналмай, бизнесті жүргізуге көбірек жағдай жасап, кеңістік беруі үшін үздіксіз жұмыс істеп келетінін еске салды.

Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, Алматыда шағын және орта бизнестің дамудағы әлеуеті жоғары. Тұтынушылар нарығы, іскерлік байланыс қалыптасқан, қаржы институттары және мемлекеттік органдармен байланыс арналарына қолжетімділік бар. Қалада инвестиция тартуға барлық жағдай жасалған. Дамуға кедергі реттеуші, бақылаушы органдар тарапынан өзектілігін жоғалтқан талаптар ғана тудыруы мүмкін.

 Келер жылы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы қала әкімдігімен бірлесіп, қаладағы іскерлік ахуалды анықтау үшін кәсіпкерлера арасында ауқымды сауалнама жүргізу жоспарлаған. Бизнесті қорғау – Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен қала әкімдігінің ортақ міндеті. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыс жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа кезеңінің басталуына және ШОБ субъектілерін тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты ерекше маңызды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер