«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің жұмысы таныстырылды

2023 жылғы 22 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
9453 просмотров

Атамекен кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәселе палатаға жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің жұмысымен танысу. Осы мақсатта өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова өңірлік кеңеске әйелдер кеңесінің ең белсенді қыз-келіншектерін таныстырды.

Аймағымыздың түрлі саласында өз кәсіптерін өркендетіп отырған бүгінгі жиынға қатысушы арулардың барлығы аймақ бизнесінің дамуына зор үлес қосуда. Кеңес отырысы барысында олардың әрқайсысы өз жетістікке жету жолымен бөлісіп, қауымдастық мүшесі болғанын мақтан тұтатындықтарын жеткізді. Сонымен қатар Наталья ханым ағымдағы жылдың мамыр айында құрылған әйелдер кеңесінің жыл соңына дейінгі жетістіктеріне қысқаша тоқталып, кеңеске өз ұсынысын білдірді.

«Еліміздің әр өңірінде тұрақты түрде «Іскер әйелдер форумы» өткізіліп тұрады. Онда отбасымен қатар кәсібін қатар алып жүрген іскер арулар қатысып, жетістікке жету қағидаттарымен, тәжірибелерімен бөліседі. Мұндай форумдардың өңірде түрлі кәсіп иесі атанып отырған қыз-келіншектерге берері мол. Себебі бизнес әлемінде өзіңді үнемі дамытып отыру ауадай қажет. Қызылордада аталмыш форум ешқашан өткізілмеген. Осы орайда, біздің келесі жылы оны өткізу жоспарымызда бар, сол жоспардың іске асуына ықпал етсеңіздер»,- деді Наталья Мишукова.

Өңірлік кеңес бірауыздан ұсынысты қолдап, алдағы уақытта мәселе уәкілетті органдармен бірлесіп қаралатындығын айтты.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық палата жанындағы Салалық кеңестердің жыл көлемінде атқарған жұмыстарымен және кеңестің ықпалымен шешімін тапқан мәселелер жөнінде айтып өтті.

Кеңес отырысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының міндетті мүшелік жарна және ерікті мүшелік жарна аясындағы мәселемен қорытындланды. Отырыс барысында кеңес мүшелері ерікті мүшелік жарнаны өздері бастап беруді шешіп, кәсіпкерлік саласының дамуына үлес қосуды ұйғарды.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының  баспасөз қызметі

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер