«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Машина жасау саласын дамыту жөніндегі жоспар бекітілді

2023 жылғы 22 Желтоқсан
10083 просмотров

Дереккөз: pixabay.com

Машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

Экономиканың жалпы өсімінің жағдайында машина жасау және металл өңдеу салаларында  әлі де импортқа тәуелділік сақталып келеді. Сонымен қатар, салада 118,6 мыңға жуық адам қызмет ететін 3,7 мыңнан астам кәсіпорын барына қарамастан, сала кәсіпорындарының негізгі өндірістік қорлары жаңартуды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы, теміржол, энергетика және электротехника, тау-кен-металлургия және мұнай-газ машина жасау, автомобиль және авиақұрылыстағы проблемаларды одан әрі шешу қолданыстағы өндірістердің тиімділігі және бәсекелестік артықшылықтарын арттыруға, салық базасын жоғарылату, әлемдік экономикаға уақтылы қосылуға мүмкіндік береді.

Сондықтан жоғарыда аталған кешенді жоспар отандық экономика үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл құжат отандық өндірушілерді қолдауға және елдің машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Айбек Қажкенов құжаттың маңызын атады.

«Кешенді жоспар Қазақстан Республикасының «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңын практикалық іске асыру мәселелерін, елдің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының негізгі ережелерін, өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Мемлекет басшысының ел экономикасын әртараптандыру және индустрияландыру жөніндегі тапсырмаларын ескереді», – деп атап өтті спикер.

«Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Өмірсерік Ержанов машина жасау саласында белгілі бір деңгейдегі кәсіби білімі, дағдылары мен біліктілігі бар мамандардың жетіспеушілігі байқалатынын атап өтті.

«Машина жасау саласындағы негізгі мамандар бойынша 2024 жылдан 2028 жылға дейін қажеттілік 7 мыңнан астам адамды құрайды. Мәселен, аталған проблемаларды шешу үшін машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында машина жасау саласындағы дуальды оқуды дамыту бойынша еуропалық тәжірибені зерделеу, техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беруді ұйымдастыруда озық тәжірибені одан әрі енгізу жөніндегі іс-шаралар қарастырылған», – дейді спикер.

 Кешенді жоспарды қаржыландыру мемлекеттік бюджет (1,4 трлн теңге), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер (шамамен 1,3 трлн. теңге) есебінен жүзеге асырылады.

 Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарымен мына сілтемеден танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер