«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы және New Ventures (inDrive)  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

2023 жылғы 21 Желтоқсан
- Алматы қаласы
9036 просмотров

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы және inDrive халықаралық компаниясының New Ventures бөлімшесі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісімнің мақсаты – Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамыту үшін бірлесіп әрекет ету, жергілікті кәсіпкерлерге инвестиция табуға жәрдемдесу, сыртқы нарыққа шығу және бизнесін кеңейту мен дамытуда халықаралық тәжірибе алуға көмектесу. Ынтымақтастық аясында алматылық бизнесмендер көлемі 100 млн долларды құрайтын New Ventures бағдарламасының инвестициясын алуға өтінім бере алады.

«Ел Президенті Алматы қаласының экономикасын әртараптандыру міндетін атап өтті. Бұл міндет қаламыздың жүйелі құжаттарында белгіленіп, Алматы әкімі мен Ұлттық палата басшылығының тұрақты бақылауында. Туризм, таза өндіріс, креатив индустрия және IT салалары мегаполистің экономикасын трансформациялау драйвері ретінде анықталған. Білім мен идеяларға негізделген экономика, оларды коммерцияландыру және экспорттау мүмкіндігі – өңірлік палата жұмысының мақсаты. Бізге инвестиция тарту ғана емес, қалыптасқан халықаралық компаниялардың тәжірибесін зерделеп, бейімдеу қажет», – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрсұлтан Шоқанов.

Нұркен Рзалиев, New Ventures-тің  Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы бөлімшесінің басшысы: «Қаражат, сараптама және бизнесті халықаралық нарыққа шығаруда тәжірибеміз бар. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтасу бізге бизнес қауымдастығы тарапынан сенім деңгейінің артуын қамтамасыз етеді. Мүдделі тараптарды диалогқа шақырамыз. Кездесейік, танысайық, сөйлесейік. Келешегі зор және қызықты жобалар бойынша win-win ынтымақтастық туралы келісеміз. Қалғандарына кем дегенде кеңес, тәжірибе және пайдалы байланыстар арқылы көмектесеміз».

Меморандумға сәйкес, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы New Ventures пен жергілікті бизнес өкілдері арасындағы инвестициялық бағдарлама бойынша келіссөздердің үйлестіруші рөлін алады.

New Ventures өз тарапынан ұсынылған компаниялардың ішінен инвестициялау немесе сатып алу мақсатында компанияларды таңдайды. Сондай-ақ компания кәсіпкерлерге сыртқы нарыққа шығуға және басқа инвесторларды табуға көмектесетін болады.

Қаржыландыруға қабілетті компаниялардың негізгі белгілері:

  1. Қазақстанда жұмыс істейтін, халықаралық нарыққа шығуды қалайтын жергілікті компаниялар;

  2. Post-seed (pre-round A) кезеңіндегі компаниялар; 

  3. Өткен жылмен салыстырғанда үш еседен артық өсім көрсеткен компаниялар;

  4. Жоғары LTV/CAC көрсеткіштері бар компаниялар;

  5. inDrive миссиясына сәйкес келетін әлеуметтік маңызы бар жобалар;

  6. Халықаралық нарықтарға шығу кезінде көп қаражат талап етпейтін, кеңейтуге оңай жобалар.

Алдағы уақытта бизнес өкілдері және аумақтық билік органдарымен бірлескен кездесулер, сондай-ақ Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту саласындағы басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланған.

New Ventures – венчурлық инвестиция, сондай-ақ inDrive жаһандық мобильді және қалалық қызметтер компаниясының бірігу және қосып алу (M&A) үшін перспективалы стартаптарды іздеумен айналысатын  жаңа бөлімшесі. New Ventures инвестициялық бағдарламасының ақшалай мөлшері 100 миллион долларға дейін барады.

  

inDrive туралы

inDrive – штаб-пәтері Маунтин-Вью, Калифорния, АҚШ-та орналасқан мобильді және қалалық қызметтер жаһандық платформасы. inDrive қолданбасы 200 миллионнан астам рет жүктеліп әлемдегі ең көп жүктелген сапарға тапсырыс беруге арналған қолданбаларының бірі. Сапарлардан басқа, inDrive қалааралық және жүк тасымалын, шеберді шақыру, курьерлік жеткізу және жұмыс іздеуді қамтитын қалалық қызметтердің өсіп келе жатқан тізімін ұсынады. 

inDrive 45-тен астам ел 700-ден аса қалада қызмет көрсетеді. Компания білім беру, спорт, өнер мен ғылымды, гендерлік теңдікті және басқа да өмір үшін маңызды бастамаларды жақсартуға көмектесетін келісімшарттық төлем моделі мен қауымдастықтарды қолдау бағдарламалары арқылы жергілікті қауымдастықтарды қолдайды. 

 

Қосымша ақпарат www.inDrive.com сайтында

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер