Түркістан: Бизнес өкілдерін қолдау бойынша жол карталары қабылданды
Түркістан қаласында билік пен бизнес арасындағы сындарлы диалогты арттыру мақсатында Облыс әкімдігі, Прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Агенттігінің басшылық құрамының облыстағы бизнес өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров, облыс прокурорының орынбасары С.Келдібеков, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балғабаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Н.Арынбаев, өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры А.Ибадуллаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржылық ұйым басшылары және 100-ден аса бизнес өкілі қатысты.
Кездесуде бизнесті қорғау, бизнесмендерге қолайлы жағдай жасау жан-жақты талқыланып, кәсіп жүргізуге кедергі келтіретін факторлар сараланды. Кәсіп иелері сала басшыларына толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Н.Көшеров облыс әкімдігі жұмысының күн тәртібіндегі негізгі мәселелерінің бірі – өңірдегі бизнес климатты және инвестициялық ахуалды жақсарту екенін айтып өтті.
– Шағын және орта бизнес кез-келген ел экономикасының негізгі драйвері. Бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің әлеуметтік экономикалық жағдайы артады. 2023 жылғы 11 айдың қорытындысымен облыс экономикасының барлық салалары бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Бұл жерде түрлі салаларында қызмет ететін өңір кәсіпорындарының айрықша үлесін атап өткен жөн. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,3%-ға ұлғайып, 864 млрд. теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6%-ға артып, 394 млрд. теңгеге жетті. Өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 268 млрд. теңгеге артып, 848 млрд. теңгеге жетті. Қабылданып жатқан шаралар, облысымыздың бизнес климатын жақсартуға бағытталған. Осы қолдауларды белсенді пайдаланып, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын. Облыс әкімдігі мен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сіздердің кәсіпкерлік бастамаларыңызға әрқашан қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізгім келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Елімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің басым бөлігі, Алматы және Астана қалаларынан кейін Түркістан өңірінде шоғырланған. Осы жылдың 10 айында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мыңға артып, 213 мыңға жетті.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры А.Ибадуллаев бизнесті қолдау және қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Биыл палатаға кәсіпкерлік субъектілерінен 185 арыз қаралып, оның 80-бойынша кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделері, сонымен қатар 960 млн. теңгеден астам мүліктік құқықтары қорғалған. Бизнестің құқығын қорғаудағы негізгі тиімді құралдардың бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі болып қала бермек. Жыл басынан бері кеңесте 11 отырыс өткізіліп, онда бизнестің жекелеген және жүйелі 24 мәселесі көтерілді. Нәтижесінде, мемлекеттік және құзырлы органдарға жалпы 47 хаттамалық ұсыныс енгізіліп, оның 35-і өзінің оң шешімін тапты, – деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Жиында облыс прокурорының орынбасары С.Келдібеков «Кәсіпкерлікті қорғау - прокуратураның қадағалау қызметінің басым бағыты» екендігін атап өтіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөнінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Н.Мырзахметов бизнесті және инвестицияны қолдау бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, инвестициялық мүмкіндіктерге кеңінен тоқталды. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Е.Балғабаев «Бизнесті қорғау» жобасының жүзеге асырылу барысын бизнес өкілдеріне түсіндіріп өтті. Сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Бизнеске жол» жобасының жүзеге асырылу барысын баяндады.
Жергілікті әкімдік тарапынан өңір кәсіпкерлерін қаржылай қолдау, қажетті инфрақұрылыммен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізуде. Биыл кәсіпкерлерге берілген жеңілдетілген несиелер көлемі 49 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-бен 19,8 млрд. теңге, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 29,2 млрд. теңге қаралған. Толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 9 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақтар қызмет етеді. Мұнда коммуналдық тарифтер жеңілдетілген және бірқатар салықтық жеңілдіктер көзделген. Қазіргі таңда қосымша 5 ауданда индустриалық аймақтар құрылуда.
Жиын соңында кәсіпкерліктегі қордаланған мәселелерді шешу бойынша бизнес өкілдері, облыс әкімдігі және құқық қорғау органдарының бірлескен жол карталары қабылданды. Осындай форматтағы кездесулерді тұрақты өткізу келісілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: