«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов Астанадағы Дипломатиялық бизнес клубтың кездесуіне қатысты

2023 жылғы 15 Желтоқсан
9143 просмотров

Астанада «Атамекен» ҰКП және ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен Дипломатиялық бизнес клуб мүшелерінің кезекті кездесуі өтті. Онда шетелдік дипломаттар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ Астанадағы көшпенділердің алдағы Дүниежүзілік ойындарымен танысты. Кездесуге «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Дипломатиялық бизнес клубының тең төрағасы Исламбек Салжанов қатысты.

Райымбек Баталовтың айтуынша, клуб көптеген жыл бойы бизнес-қоғамдастық пен дипломатиялық корпус арасындағы экономикалық байланыс және достық қатынастарды дамыту мен нығайтуда маңызды рөл атқарды.

«Дипломатиялық бизнес клуб шетелдік инвесторларға Қазақстанда сенімді серіктестер табуға мүмкіндік береді. Бұл негізгі бағыттардың бірі. Құрылған сәттен бастап клуб инвестицияларды ілгерілету, ынтымақтастықты ынталандыру және бизнес пен дипломатиялық қауымдастық өкілдері арасында тәжірибе алмасу үшін тиімді алаңға айналды. Клубтың белсенді жұмысы сыртқы инвестицияларды тартуға және елімізде бизнесті дамыту үшін қолайлы климат құруға ықпал етеді. Алайда, бұл диалог экономикалық аспектілермен ғана шектелмейді. Оған мәдени және білім беру алмасуы, ғылыми ынтымақтастық және басқа да салалар кіреді», – деді Ұлттық палата басшысы.

 Спикер диалогты қолдай отырып және дипломатиялық қоғамдастықпен байланысты нығайта отырып, клуб платформасында әрі қарай жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Бұл еліміздің бизнесі мен экономикасының өсуіне ықпал ететін маңызды жұмыс бағыты.

Клуб мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елді жаңарту бойынша кешенді реформа жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қазіргі кезде басты міндеттердің бірі – ел дамуының жаңа экономикалық моделін қалыптастыру.

 «Қазақстан бүгінде ашықтық қағидаттарын ұстанады және басқа елдермен экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда жан-жақты ынтымақтастықты белсенді дамытып жатыр. Дипломатиялық бизнес клубтың жұмысы осы міндетті жүзеге асыруға өз үлесін қосатынына сенімдімін», – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Өз кезегінде Исламбек Салжанов 8 жыл ішінде Клуб шетелдік дипломатиялық корпустың Қазақстанның бизнес-қоғамдастығымен әлеуметтік-экономикалық саладағы өзара іс-қимылын дамыту және нығайту үшін толыққанды бейресми алаңға айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының саяси жүйені қайта жаңғырту және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бойынша жүргізіп жатқан реформаларының арқасында Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін барлығына бірдей мүмкіндіктер пайда болады. Қазақстан экономикасының нақты монополиясыздануы жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, заң үстемдігі мен әділ сот төрелігі қағидатын бекіту Қазақстанға шетелдік инвесторларды тарту үшін қолайлы мүмкіндіктер туғызады», – деп атап өтті Исламбек Салжанов.

 Сондай-ақ, Дипломатиялық бизнес клубының мүшелері үшін келесі жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін Көшпенділердің V Дүниежүзілік ойындары таныстырылды. Исламбек Салжанов ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті бола отырып, ДБК-нің барлық мүшесін этникалық спорт түрлері бойынша ойын-сауық спорттық жарыстарына қатысуға шақырды.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер