Қазақстанға ылғал сақтайтын технологиялар қажет
«Атамекен» ҰКП-да Дүниежүзілік банк өкілдерімен Қазақстан 2030 су ресурстары тобының бағдарламасының ауқымын анықтау мәселелері бойынша кездесу өтті.
«Атамекен» ҰКП Мұнай-газ секторы және экология департаментінің директоры Мұратбек Маханов еліміздегі су ресурстары мәселелері, соның ішінде экологиялық жағынан да маңызды сипатқа ие екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайда өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы аясында өткен Дүниежүзілік климаттық саммитте Қазақстан Франциямен бірге келесі жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының келесі сессиясында «Бірыңғай су» бірінші тақырыптық саммитінің тең төрағасы болатынын атап өтті.
Қазақстанда агроөнеркәсіп секторында су тапшылық өткір мәселе. Фермерлердің қазіргі ахуалы жайында «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнімдері департаментінің сарапшысы Әділ Қасқарауов баяндады.
«Су шығыны әсіресе ауыл шаруашылығы саласында көп. Оған тозған инфрақұрылым себеп. Соның салдарынан егістіктерді суару кезінде су шығыны 40 пайызға дейін жетеді. Шығынды қысқарту мақсатында мемлекет фермерлерді ылғал сақтайтын технологияларды пайдалануына ынтыландыруға ниетті. Бүгінгі таңда ылғал үнемдейтін технологияларды сатып алу кезінде шығындардың 50%-ы өтеледі. Үкімет өтемақы үлесін 80%- ға дейін арттыру мәселесін талқылауда», – деді сарапшы.
Кездесу барысында тараптар Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы мемлекеттік және жеке секторлардың суды үнемдеу және суды ұтымды пайдалану мәселелеріндегі ынтымақтасуындағы қаржы құралдарын талқылады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: