«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мектепке дейінгі білім берудің жеке секторы ұлт тәрбиелеудің маңызды құрауышы

2023 жылғы 11 Желтоқсан
- Алматы қаласы
4466 просмотров

 Қазіргі кезде жекеменшік балабақшалар білім беруде маңызды рөл атқарып келеді. Жекеменшік балабақшалардың ашылуы 2009 жылдан бері бастау алған. Осы уақыт аралығында жекеменшік сектор даму үстіне болды. Осы сектордың даму жолы, миссиясы мен проблемалары жайында білім беру саласының үздігі, педагог, «Айша» жекеменшік балабақшалар желісінің құрылтайшысы Ұлдар Еділова әңгімеледі.

Жеке сектордың дамуына сұраныс түрткі болды

 «Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы онжылдығында демография артып, мемлекеттік балабақшаларға орын саны шектеулі болғандықтан жекеменшік балабақшалардың жаппай ашылуы 2009 жылдан басталды. Жалпы жеке сектордың дамуына қоғамдағы сұраныс түрткі болды. Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысына көзқарасы, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау саясаты, нарық заманына дайын болмады. Қызметті реттеу механизмдері, алгоритмі болмады. Сол үшін білім заңын, басқа да заңдарды өзгерту керек болды. Мұның бәрін өткердік. Қызмет көрсету саласы ретінде қалыптастық. Қазіргі кезде жекеменшік балабақшалар сапалы тәрбие мен білім беруде көш бастап тұр», – дейді Ұлдар Еділова.

Маманның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында кадр жеткіліксіздігінен бастап, балалардың тамақтануына дейін  проблемалар бар. Алайда осы проблемаларды саралап, жұмысты жүйелеу арқылы көп мәселені шешуге болады деген ойда.

Қазақстан үздіксіз білім беру қауымдастығының мәліметінше, еліміздегі 11 мыңнан аса мектепке дейінгі ұйымның 50%-ы жекеменшік. Мектепке дейінгі білім берудегі 97,4 мың ұстаздың 41,5 мыңы ауылдық жерлерде, 55,8 мыңы қалада жұмыс істейді.

Белгіленген нормаларға сәйкес жұмыс істеп, мемлекеттік қолдауды дұрыс пайдалану

Жеке балабақшалар бизнес субъектілері болғандықтан мемлекеттік органдар тарапынан тексеру, бақылау жүргізіледі. Өйткені мемлекет үшін бала қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарда. Еске салсақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің қолданылуы тоқтатылады. Демек, жекеменшік балабақшаларға жоспардан тыс тексерулер басталады. Қазақстанда өз өкілеттігі шегінде бақылау мен тексеруді жүзеге асыратын кез келген мемлекеттік органның, егер тексеру үшін негіздер болса, балабақшаны тексеруге құқығы бар.

Ұлдар Еділова белгіленген нормативтер мен талаптар сақталса, ешқандай тексеру кедергі емес деп санайды.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын талап көп. Мысалы, бала жасына қарай үстел мен орындықтың мөлшері, төсегіндегі көрпесі, матасы, жастығының қалыңдығы, жақсы матадан тігілуі, сапалы ойыншықтар, тоңазытқышта азық-түліктің санитариялық нормаларға сай орналастырылуы, дұрыс сақталуы, өрт қауіпсіздігі және т.б. Мұның бәрі қажетті орынды талаптар. Өйткені бала тәрбиеленіп жатыр. Сондықтан барлық белгіленген талап пен нормаларды орындап, ашық жұмыс істеу көп мәселенің шешімі», – деді педагог.

Дегенмен, білім беру ұйымдарын бақылауды жүзеге асыру өкілеттігі берілген мемлекеттік органдар басшылыққа алатын нормативтік-құқықтық актілердің мазмұнында қайшылықтар болмауы тиіс дейді маман.

«Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің заңнамалық актілерінде балалар ойындары мен ойыншықтардың қауіпсіздігіне қатысты санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, Кеден одағының техникалық регламентінің мазмұнында сәйкессіздіктер бар. Атап айтқанда, Кедендік одақ шеңберінде Қазақстан ынтымақтасатын мемлекеттердің құжаттамасында отандық НҚА-да көзделмеген ойыншықтардың жіктелуі (ойын жиынтықтары, судағы ойыншықтар, ойыншық-модельдер, жұмсақ ойыншықтар және т.б. болып бөлінеді) беріледі.

Ұлдар Еділова алғашқы балабақшасын ашқанда қандай проблемаларға тап болғанын айтты. Кәсіпкерге бастапқыда-ақ «Балапан» бағдарламасы демеу болған. Алғашында 2015 жылы 75 бала қабылдап жұмыс істеді. Сұраныстың көптігіне байланысты 2 жылдан кейін 1 орыс балабақшасын, 1 қазақ балабақшасын филиал етіп ашады. Бірнеше жылдан кейін 3 балабақшада 165 бала тәрбиелеп, 40 шақты адамды жұмыспен қамтыды. 2019 жылы төртінші балабақша ашылады. Сол жылдары «Балапан» бағдарламасымен 60 бала қабылданады. Ал 2023 жылы Алматы қаласының Алатау ауданында 200 орындық барлық стандартқа сай кешенді балабақша ашылды. Осы жылдар аралығында Ұлдар Еділова жекеменшік білім берудің қыр-сырын меңгеріп шықты.

«Еңбек етемін деген адамға мүмкіндік табылады. Ең алдымен мені жетелейтіні бала тәрбиелеу мамамандығына деген махаббатым. Сүйікті іске деген адалдық көп кедергіні жеңуге көмектеседі. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау – жан басына қаржыландыру механизмі балабақшаға да, ата-анаға да тиімді құрал болып отыр. Бастысы заң жүзінде жұмыс істеу керек», – деді педагог.

Қазіргі кезде қала әкімдігі жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды ашу және одан әрі жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасап жатыр. Жыл сайын қалада орта есеппен 80-100-ге жуық жекеменшік ұйым ашылады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында 41 мыңнан астам баланы қамтитын 754 жекеменшік балабақша жұмыс істеп жатыр. Бұл әлеует те әзірге аздау. Сондықтан жергілікті биік тарапынан мектепке дейінгі ұйымдардың ашылуы құпталады.

 Кадр мәселесі өзекті

Қазіргі кезде ел ауқымында көптеген салада, соның ішінде білім беруде сапалы кадр мәселесі өзекті болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беруде бәсекелестік орта қалыптасқан жоқ. Оған басты себеп еңбекақы төмендігі.

«Бала тәрбиелеу саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатырмын. Осы уақыт ішінде білікті педагогтар, тәрбилеушілер, кәсіби аспаздардан құралған командам қалыптасты. Дегенмен кадр тапшылығын біз де сезінеміз. Оны шешудің бір жолы – жас мамандарды өндірісте дайындап алу. Бұл процесс былай жүзеге асады: білікті педагог жас маманды жұмыс барысында дайындау. Сол балабақшаның ішкі білім беру процесіне, тәртібіне бейімделеді, тәжірибе жинайды. Ал өндірістегі пркатиканы ешбір теориялық сабақ алмастыра алмайтыны белгілі. Біз осы мәселені осылай шешуге тырысамыз», – деді Ұлдар Еділова.

Бүгінде балабақшалар желісіне айналған «Айша» балабақшасында тәрбиешілерге арналған дәстүрлі «Үздік тәрбиеші» байқауы өтеді. Оған Алатау ауданының жетекші жекеменшік балабақшаларының тәрбиешілері қатысады. Бұл байқау біліктілік пен тәжірибе деңгейін бағалаудың тамаша индикаторы.

«Жекеменшік балабақшалар да сапа стандарттарын ұстанады. Осындай байқау арқылы біз аудан шеңберінде білікті мамандарды байқаймыз. Балабақшалар арасында тәжірибе алмасу үрдісі жүреді. «Мына балабақшада нендей жаңалық бар, көршілеріміздің жетістіктері қандай екен, тәрбиелеуде қандай әдістеме қазір трендте, қандай техникаларды игерген дұрыс?» деген мақсатпен біз осындай шараларды өткіземіз», – деді балабақша құрылтайшысы.

«Үздік тәрбиеші» байқауында қазақ тілін жетік меңгеру, этнопедагогика негіздерін қолдану шарттары да басты назарда. Биыл байқау желтоқсанның басында ұйымдастырылды, байқауға 10 балабақша өкілдері қатысты.

Бала тәрбиелеуде жаңа тенденцияларды қолдану – заман талабы

Қазіргі кезде баланы тәрбиелеу, зейінін білім алуға аудару қиынға соғады. Оған себеп смартфондар, түрлі гаджеттердегі түрлі-түсті контент, интернет ойындар. Бұл проблеманы балабақшалар қалай шешіп жатыр, мәселенің шешімі неде деген сауал туындайды. Ұлдар Еділованың айтуынша, бала тәрбиесінде барлығын үйлестіре білу керек.

«Қазір арзан, сапасыз  ойыншықтар басым. Мұндай ойыншықтардың балаларға тигізер зияны үлкен. Сондықтан өндірісте біз экологиялық таза, органикалық заттардан жасалған ойыншықтар мен көрнекі құралдарды қолданамыз. Әрине, сапалы зат өте қымбат. Мысалы ағаштан жасалған ойыншықтар топтамасы қомақты қаражат тұрады. Дегенмен арзан, зиянды ойыншықтарды үйіп-төккенше, сапалы ойыншықтың бірнеше ғана данасын алып қойған тиімдірек. Ұсақ моториканы дамыту үшін асық иіру, жүн түту, құм терапиясы қолданылады. Балабақшада бала күй тыңдап ойнайды, жаттығу жасайды. Себебі күй бала қиялын дамытатын құралдың бірі. Сонымен қатар бала тәрбиесіндегі маңызды элемент – баламен үнемі диалогта болу, тілдесу, әр сұрағына жауап беру, коммуникация құру. Қазір баланың телефонға телміруі әлемдік дертке айналған. Осы бағытта ата-ана, педагог болып зиянын шектеп, пайдасын алуға тырысап жатырмыз», – дейді маман.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер