«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жалпыға бірдей декларациялау 2024: кәсіпкерлерге нені ескеру керек?

2023 жылғы 21 Желтоқсан
75189 просмотров

2024 жылдан Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі басталады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды 1 қаңтардағы жағдай бойынша заңды тұлғаның басшысы, құрылтайшысы, жеке кәсіпкер және олардың жұбайы ұсынуға тиіс.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, табыс туралы декларацияны алғаш рет 2024 жылы тапсыру қажет.

«Ресми түрде оның атауы бар – Активтер мен міндеттемелер туралы декларация – 250.00 форма. Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы бұл форма орнына кәсіпкерлерге Кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00-форманы тапсыру керек болады», – деп нақтылады Тимур Жаркенов.

Өндірістік емес төлемдер, жеке тұлғалар және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаменті басқармасының басшысы Дина Құсайынованың айтуынша, декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың заңды тұлғаларының басшылары, соның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшылары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары тапсыруға міндетті. Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашы-азаматтары мұндай дегларацияны тапсыруға міндеттелмейді.

 «Бұл талаптар жұмыс істемейтін және уақытша тоқтатылған кәсіпорындарға да қолданылады. Сондықтан болашақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келмейтін кәсіпкерлерге жыл соңына дейін жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлікті жабуды ұсынамыз. Ал заңды тұлғалардың жыл соңына дейін таратуға уақыты болмайды, сондықтан олар міндетті түрде декларация тапсыруға мәжбүр болады», – деді Дина Құсайынова.

 Маман бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жататынын айтты.

 Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады.

«Салық кодексінде тәуекелдің үш дәрежесін қарастыратын камералдық бақылау бар. Олар: төмен, орташа және жоғары тәуекел. Төмен дәрежелі тәуекел үшін ештеңе болмайды. Тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар бойынша – хабарлама беріледі. Тәуекел дәрежесі жоғары бұзышылықтарға – хабархат жіберіледі. Хабарлама жеке тұлғаға жіберіледі және сіз оған жауап бересіз. Сіз өзіңізге 10% салық тағайындайсыз немесе біз қарастырып, қорытынды жасаймыз. Не тексеруге шығамыз, не бұзушылықтар жойылғанға дейін жұмыс істейміз», – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі.

Декларацияны қағаз жүзінде немесе электрон нұсқада екі түрлі әдіспен беруге болады.

 Қағаз жүзінде декларацияны ХҚКО арқылы не жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберуге болады. Электрон түрде салық төлеушінің кабинеті, eGov порталы, esalyq azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы жолдауға болады.

Кәсіпкер декларацияны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бере алады. Бұл ретте қағаз жүзіндегі декларацияны ұсыну мерзімі – 2024 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, электрон түрде – 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жіберу керек.

 Еске салсақ, Қазақстанда жалпыға бірдей декларация 2021 жылы енгізілді. I кезең шеңберінде мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және олардың жұбайларының (579 мың) мүлкі декларациялауға жатады. II кезеңде-квазимемлекеттік сектор субъектілері, мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (2,1 млн). III кезең – кәсіпорын басшылары, құрылтайшылар заңды тұлға, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (3,9 млн). IV кезең – жеке тұлғалардың қалған санаты (6,4 млн).

 Осылайша 2025 жылға қарай өз декларацияларын 13 млн-нан аса адам ұсынады деп жоспарланған.

 «Атамекен» Ұлттық палатасының алаңдарында жалпыға бірдей декларациялау бөлігіндегі нормаларды түсіндіру үшін және Учет.kz семинар-кеңес өтті. Оған ҚР ҚМ Мемелекеттік кірістер комитеті, «Атамекен» ҰКП және бизнес өкілдері қатысты.

 Ұлттық палата кәсіпкерлер өз декларацияларын кедергісіз тапсыруы үшін осындай бірнеше семинар өткізуге ниетті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер