Ауылдағы ауруханаларды жаңғыртуға отандық компаниялар қатыса ма?
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру. Жобаны іске асыру шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 655 нысан салу, жаңғыртылған көп бейінді аудандық 32 аурухананы пайдалануға беру және медициналық объектілер үшін 1100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланған. Қаржыландыру көлемі – республикалық бюджет есебінен 217,7 млрд теңге.
Осы орайда, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы пилоттық ұлттық жобаны іске асыру барысында жергілікті өндіріс тауарларын сатып алу алгоритмін әзірлеуді ұсынады. Палатаның басты міндеті – ұлттық жобаға барынша отандық тауар өндірушілерді қатыстыру.
«Ұлттық жоба шеңберінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 655 нысанды салу, пайдалануға беру жоспарланған. Құрылысқа республикалық бюджеттен 217 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл ретте біздегі ақпарат бойынша, мемлекеттік сараптамаға сәйкес ЖСҚ (Жобалау-сметалық құжаттама) шеңберінде небәрі 8 отандық компания жұмысқа тартылған. Алайда ҚР нарығында осы жобаға қатысуға дайын 20-дан астам өндіруші бар», – деп атап өтті Мұрат Амрин.
«Turar Нealthcare» КеАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әділ Ысқақ медициналық бұйымдар, жиһаз және құрылыс материалдарын сатып алу кезінде Қазақстанда жасалған тауарларға артықшылық берілгенін атап өтті.
«ЖСҚ-да «Қазақстандық қамту» деген ұғым бар. Егер қазақстандық қамту шарттарын орындамасақ, онда біздегі ЖСҚ қайта түзетуге жіберіледі немесе мүлде кері қайтарылады. Тиісінше біз осы нормалардың барлығын сақтап, жібердік. Сіз атаған 8 компания – медициналық жабдықты жеткізетін және тиісті құжаттары бар компаниялар. Атап айтқанда, «СТ-KZ» сертификаты, тіркеу куәлігі, шекті бағасы көрсетілген қорытындысы бар. Мысалы, қатысатын компаниялар бірнеше медициналық өнім шығарады және олардың бағасы бәсекеге қабілетті. Мұның бәрі құжаттармен расталады», – деді Әділ Ысқақ.
ҰКП мамандары медициналық техниканы Ұлттық палатаның тізіліміндегі (реестр) компаниялардан басымдықпен сатып алуды ұсынды. Бұл жүйе «Жайлы мектеп» білім беру бойынша ұлттық пилоттық жобасының тәжірибесінде бар. Ол үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы № 962 қаулысына өзгерістер енгізілуі керек.
«Turar Нealthcare» КеАқ өкілі олар жобалық-сметалық құжаттамаға тартылмаған отандық тауар өндірушілердің өнімдерін енгізу бөлігінде өзгерістер енгізуге дайын екенін атап өтті.
«ҚазҚСҒЗИ» АҚ Астана филиалының құрылысты нормалау орталығының директоры Арман Хасеннің айтуынша, медициналық техника мен технологиялық жабдық өндіретін отандық кәсіпкерлерге ұлттық жобаға қатысу үшін сметалық бағалар анықтамалығында болудың қажеті жоқ.
Жиын қорытындысы бойынша «Атамекен» ҰКП, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Turar Нealthcare» КеАҚ отандық тауар өндірушілердің өнімдеріне басымдық бере отырып, жұмысты бірлесе жасау туралы шешім қабылданды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: