«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Тендерлер қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардан сапалы кері байланыс қажет – Ұлттық палата

2023 жылғы 28 Қараша
7886 просмотров

«Атамекен» ҰКП Мұнай-газ секторы мен экология жөніндегі басқарушы директоры Мұратбек Маханов Атырауда өткен PetroCatering&FM 2023 көрме-форумына қатысты.

Форумда Қазақстанның барлық өңірінен 400-ден астам компанияның өкілдері болды. Олар кейтеринг пен сала объектілерін басқарудың өзекті мәселелерін талқылауға белсенді қатысты. Іс-шара мұнай-газ және мұнай сервисі нарықтарының негізгі өкілдерінің басын қосты.

Іс-шараны «Petrocouncil.kz» мұнай-газ саласындағы стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі кеңес ұйымдастырды. Рetrocouncil мұнай-газ кеңесінің төралқа төрағасы Ғибрат Сәрсенов атап өткендей, қазіргі кезде Petrocouncil – газ операторлары, ШОБ компаниялары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі басты және сенімді алаңдардың бірі. Оның мақсаты – жергілікті қамту үлесін дамыту және ұлғайту. Кеңес мұнай-газ саласының ең өзекті бағыттары бойынша мұнай-газ компаниялары, операторлары, сондай-ақ өңірдегі әртүрлі мүдделі тараптармен тығыз өзара іс-қимыл жасайды.

 «Атамекен» ҰКП Мұнай-газ секторы мен экологияның басқарушы директоры Мұратбек Махановтың мәліметі бойынша мұнай-газ секторының кейтерингтік қызметтері саласында тұрақты негізде 5 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

«Олардың сапалы жұмысы ауқымды жобаларды іске асыруға өз үлесін қосып жатыр. Өйткені тамақтану кез келген адам, әсіресе ауыр  еңбекпен айналысатын вахташылар үшін негізгі қажеттілік саналады. Осы салада тамақтану қызметтері сапасының жоғары стандарттарын атап өткім келеді. Бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігі, өнімнің сапасы, сондай-ақ тиісті тасымалдау мен сақтау сала лидерлері үшін мызғымас жұмыс қағидаттарына айналды», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП өкілі.

 Спикер саладағы проблемалардың бірі тендерлердің қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардан сапалы кері байланыс жеткіліксіз екенін айтты.

 «Кәсіпкерлер ірі мұнай-газ операторларының тендерлерге қатысуына байланысты сұрақтарға жауап алғысы келеді. Кәсіпкер тендерде жеңіліп қалса да, оған жауап беру керек. Сондай-ақ, 30/42 күндік төлемдерді тексеру көп уақытты алады деп санаймыз. Бақылаушы қателікке байланысты өтінімді қабылдамауы мүмкін. Нәтижесінде төлем мерзімі кейінге қалдырылады. Мұны 10 күнге дейін қысқартуға болады. Кейбір операторлар e-procurement жүйесін әлі енгізген жоқ. Бұл жүйе енгізілсе,  сатып алу процесі анағұрлым транспарентті болады», – деді Мұратбек Маханов.

«Атамекен» ҰКП Мұнай-газ операторларымен өзара іс-қимыл және мұнай сервисін дамыту жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жакиев 2022 жылы ғана республиканың мұнай-газ операторлары (олардың арасында ТШО, NCOC және KPO лидерлер) кейтеринг және FM бағыты бойынша қызметтерді сатып алуға шамамен 500 млн доллар жұмсағанын, ал болжамдар бойынша алдағы 7 жылда бұл көрсеткіш 900 миллион долларға жетуі мүмкін екенін айтты.

«Бұл нарықтың келешегі зор. Сондықтан форум мақсаттарының бірі – операторлар мен әлеуетті жеткізушілер арасында құрылымды қарым-қатынас орнату. Осылайша біріншісі өз қажеттіліктері мен жоспарларын бөліседі, ал кейінгілері барлық сұрағын тікелей қоя алады. Сондай-ақ, форум өз алдына тауарлар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту деңгейін арттыру міндетін қойып отыр», – деді ол.

Форум спикерлері – мұнай-газ секторында және мұнай сервисі нарығында үлкен тәжірибесі бар мамандар қатысушыларға логистиканың түрлі нысандары, жеткізу тізбегі, қажеттіліктері, сондай-ақ объектілерді басқару қызметтерін ұсынудың үздік тәжірибелерін таныстырды.

Форум жұмысы барысында ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен бас мердігерлердің топ-менеджерлері нарық қатысушыларына қызметтер мен азық-түлік бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері мен қажеттіліктері туралы айтты. Өз кезегінде, нарық қатысушылары әлеуетті тапсырыс берушілердің өкілдеріне өзекті мәселелер мен оларды толғандыратын мәселелер жайында айтты.

Форум «Атамекен» ҚР ҰКП, ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Теңізшевройл» ЖШС, North Caspian Operating Company және Karachaganak Petroleum Operating қолдауымен өтті.

Форум серіктестері «Карат», Qazaqstan Catering Solutions GUW, KazGlobalSolution, «Алма ист вест груп», Best-Service LTD, CIS Group, NASAR Solutions, TOP Cleaning Kazakhstan, «Буркит Сэйфти», «Торговый дизайн», «Аспар Қашаған», «PR агентство «Бизнес со смыслом» компаниялары.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер