Ойыл ауданының 1200-ден астам тұрғыны осы жылы «Атамекен» палатасының филиалына жүгінген
Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов кәсіпкерлер алдында 2023 жылғы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Оған өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов, аудан прокуроры Ақеділ Үсенов, аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов және аудандық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер қатысты.
Алдымен «Атамекен» Кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов аудандағы 2023 жылғы кәсіпкерлік саласындағы өзгерістер мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында атқарылған жұмыстар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы есебі тыңдалды.
«Прокуратура органымен бірлескен жұмыс тобы құрылды. 2023 жылғы 10 айда палатаға бизнестен екі өтініш түсті. Ол өтініштер қазіргі таңда толық кәсіпкерлер жағдайына шешілді. Бір өтініш «Олжа» шаруашылық қожалығына қатысты, жер инспекциясымен қойылған ауыртпашылықты уақытынан бұрын алып тастау туралы болды.Қазіргі таңда ауыртпалық алып тасталды. Екінші өтініш Ойыл-Шұбарқұдық тас жолы бойына «Скот» деген белгі қою туралы «Толғанай» шаруашылық қожалығынан болды. Қазіргі таңда белгі қойылды. Сервистік қолдау жұмыстары бойынша айтсақ — осы жылы 1042 азаматтарға қызмет көрсетілді. Сонымен қатар 16 кәсіпкерге 131,7 млн теңгеге құжаттарын жинап, бизнес жоспар жасауға көмек көрсетілді. Оның ішінде 12 кәсіпкер 106,7 млн теңге несиелерін алды. Бүгінгі таңға кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған касіпкерлікті қолдау орталығында бір консультант консультативтік кеңес және де кәсіптік жобаларға көмектесіп өз жұмысын атқаруда», — деп Жасұлан Ержанов хабарлады.
Еркін форматта өткен кездесуде кәсіпкерлер көкейлерінде жүрген сауалдарымен бөлісіп, кеңестер мен түсіндірулер алды. Көбіне кәсіпкерлерді жер мәселесі толғандыратыны белгілі болды. Шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жер телімдері туралы ұсыныстарын айтты.
Кәсіпкерлердің ұсыныстарына орай аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов аудандағы қазіргі таңдағы бизнесті қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан және кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы туралы айтып өтті. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға заң аясында тиісті жауаптары берілді. Одан соң кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларын жеке қабылдап, толғандырып жүрген мәселелері төңірегінде әңгімелесіп, ұсыныстарын тыңдады.
«Әрбір кәсіпті дамыту өздеріңіздің қолдарыңызда. Мемлекет, әкімшілік тарапынан қолдау әрқашан бар. Қаржылай немесе қолдау, қорғау мәселесі бойынша прокуратурамен бірге белсенді жұмыс жасаудамыз. Ырғыз және Ойыл ауданының кәсіпкерлерін қазіргі заманның батырлары деп есептеймін. Өйткені, жолдың қашықтығы бар. Сол қиындыққа қарамастан мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, түрлі кәсіппен айналысып жатсыздар», — деді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов.
Кездесу жиынынан соң «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Атамекеннің» қолдауымен өзінің бизнесін ашқан жас кәсіпкер Әсел Өтениязованың кілем жуу орталығына барды. Аталмыш кәсіпті ашуға 4 100 000 мың теңге несие алып, ол қаржыға кәсіпкер кілем жууға арналған арнайы құрылғыларды сатып алған.
«Қызметіме жүгінетіндер көбейіп келеді. Бағасы да қарапайым халықтың қалтасына қонымды», - дейді қазіргі таңда шағын кәсібін дөңгелетіп отырған Әсел.
Сонымен қатар, тұрғындардан кілемді алып кету және жеткізіп тастау секілді жеңілдіктер де қарастырылған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: