«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Халықаралық форумда жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуындағы жаңа аналитикалық жүйе таныстырылды

2023 жылғы 16 Қараша
7813 просмотров

Астанада ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен «Қазақстандық қамту 2.0» бірінші халықаралық форумы өтті.

Премьер-министр цифрлық көрмеге барды. Онда жер қойнауын пайдалану саласындағы 100-ден астам отандық кәсіпорын мен өндірісті локализациялау жөніндегі тауар өндірушілердің ағымдағы және жаңа жобалары ұсынылды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті өндірушілердің өндірістік қуаттарын кеңейту жоспарлары айтылды.

Әлихан Смайылов кейінгі жылдардағы оқиғалар жаһандық және өңірлік экономикаға қатты әсер еткенін айтты. Осы кедергілерге қарамастан Қазақстан экономикасы сыртқы факторларға бейімделіп, тұрақты өсу траекториясына шықты.  

Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені шеңберінде негізгі бағыттардың бірі – отандық өндіріс көлемін ұлғайту.

«Бұл бірінші кезекте импортқа тәуелділікті төмендетуді талап етеді. Импорттың үлесі әлі де 46%-ды құрайды. Мәселен, мұнай-газ саласында сатып алудың басым үлесі үш ірі консорциумға тиесілі. Ал бұл бүкіл энергетика саласының сатып алуының 75%-ы. Жыл басынан бері олардың көлемі 3,5 трлн теңге болды, соның 1,9 трлн теңгесі – жергілікті қамтудың үлесі. Бұл ретте 9%- ы ғана тауарларға тиесілі», – деді Әлихан Смайылов.

Тау-кен секторында сатып алынатын тауарлардың үлесі небәрі 15%, машина жасауда – 13,5%, фармацевтикада 20%-ды құрайды.

«Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп, өндірушілер мен ірі кәсіпкерлер арасында іскерлік байланыс орнату бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру қажет. Бұл шара ірі жүйе құраушы кәсіпорындарымыздың айналасында ШОБ белдеуін дамытуға мүмкіндік береді. Үкімет жергілікті өндірісті ұйымдастыру бойынша нақты перспективалары бар өнеркәсіп секторлары ұсынылған барлық өңірдің орта бизнесімен кездесулер өткізді. Мұндай өндірістерді құру үшін инвестициялық заңнамада қолдау шаралары көзделген. Сондықтан бизнес өкілдерін өндірістерді локализациялау үшін белсенді әрекет етуге шақырамыз», – деді Әлихан Смайылов.

 «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов форум отандық тауар өндірушілер және жер қойнауын пайдаланушылармен серіктестікте өткізіліп жатқанын атап өтті. Форум елішілік құндылықты дамыту механизмдерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды талқылауға, кешенді шешім көрсетуге мүмкіндік береді.

 «Біздің міндетіміз – қазақстанық қамту үлесін арттыруды ынталандыру бойынша жүйелі тәсілдерді әзірлеу. Ол үшін сертификаттау және сатып алу процесін жетілдіру, сатып алуға басымдықпен қол жеткізу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну, өтпелі бақылаумен инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингі мәселелерін қамтитын кешенді шешім ұсынылады», – деді Ұлттық палата басшысы.

Статистикалық деректер бойынша 2021 жылы жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы 9 трлн теңгені құрады. Соның бір бөлігі импорт тауарларына тиесілі. Қазіргі кезде Ұлттық палата халықаралық консультанттармен бірлесіп, KPMG атынан екі экономикалық модель дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.  Біріншісі импорттық тауарлар өндірісін локализациялаудың макроэкономикалық әсерін көрсетеді. Екіншісі – нақты деректер негізінде инвесторларға импорттық тауарларды локализациялау бойынша ең тиімді инвестициялық жобаларды анықтауға көмектеседі. Осылайша, бұл қайта өңдеу деңгейін көтеруге және технологиялар трансфертін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Райымбек Баталов форум қатысушыларына NADLoC және бірыңғай сатып алу терезесі негізінде құрылған ақпараттық жүйені таныстырды. Бұл жүйе Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Ұлттық палатаның тәсілдерін ескере отырып жасалған.

 Жүйе локализация, өндіріс қуатын арттыру және сапаны жақсартуды қамтамасыз етуге болатын тауарлардың нақты тізімін анықтауға мүмкіндік береді.

Райымбек Баталов атап өткендей, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуындағы пилоттық жобалардың нәтижесі бойынша реттелетін сатып алудағы барлық сұранысты бір орында шоғырландыру жоспарланған.

«Жүйеде жер қойнауын пайдаланушылар және отандық өндірушілермен бірлесіп барлық процесті пысықтаймыз, тестілейміз, ескертулер береміз. Қазіргі кезде бәріміз бірге механизмді жетілдіріп жатырмыз және соңында НҚА-ға барлық қажетті өзгерісті қамтитын пакеттік шешім дайындаймыз. Бұл 355 қағида және өнеркәсіптік саясат туралы заң, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің, басқа да нормативтік актілердің өзгеруіне де қатысты», – деп атап өтті спикер.

 Сессияларда отандық жер қойнауын пайдаланушы компаниялар елішілік құндылықты дамыту бойынша жаңа тәсілдерді ұсынды. Нақты экономика салаларының қажеттілігі үшін ТЖҚ (тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) өндірісін локализациялауды дамытуға қатысты пікірін айтты. Ал халықаралық инвесторлар мен сарапшылар тау-кен-металлургия кешеніндегі қазақстандық қамтудың үлесін арттыру бойынша пәрменді шешімдер әзірлеуде тәжірибесін бөлісті.

Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану, көмір өнеркәсібі және жер қойнауын пайдаланудағы көліктік қамтамасыз етудің өзекті мәселелері, энергетика саласын дамыту перспективалары талқыланды.

«Форум жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілерге өзара іс-қимылдың жаңа бағдарын табуға көмектесетін тиімді коммуникациялық алаңға айналады деп үміттенеміз. Тау-кен металлургия кешенінің әлеуеті зор және экономиканың басқа секторларына мультипликативтік әсер етеді», – деп атап өтті тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Бұдан басқа, «Қазақстандық қамту 2.0» форумында ERG, «Қазақмыс» корпорациясы, Қазмырыш және «KAZ Minerals Management» ірі қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар форумда машина жасау, жеңіл өнеркәсіп энергетикасы және басқа салаларда отандық өндірушілермен келісімшарттар мен оффтейк-келісімшарттар жасасты.

Маңызды ақпараттың бірі –  «Шұбаркөл көмір» АҚ алаңында кокс өндіру бойынша жаңа зауыт ашылды.  Зауыттың ашылу салтанаты Форумда онлайн байланыс арқылы көрсетілді. Арнайы кокс – екінші өңдеудің өнімі. Ол көміртекті тотықсыздандырғыш болып саналады және ферроқорытпаларды өндіру үшін қолданылады. Жаңа зауыттың қуаттылығы – жылына 400 мың тонна кокс өндіру. Жаңа өндіріс қалпына келтірушілер импортының елеулі бөлігінен бас тартуға мүмкіндік береді және ERG компаниясы өндіретін феррохромдағы қазақстандық қамту пайызын ұлғайтады.

Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 2000-нан астам делегат қатысты.

Форумды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ бірлесіп ұйымдастырды.

Бас серіктестер: «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Казцинк» ЖШС, Eurasian Resources Group (ERG), «KAZ Minerals Management» ЖШС, KPMG.

 

  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер