Бизнес-қоғамдастықтың судьялар корпусымен кеңейтілген кездесуі өтті
Бүгін Жоғарғы Сот алаңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қоғамдастықтың судьялар корпусымен кеңейтілген кездесуі барысында әкімшілік әділетті кеңейту және бизнесті қорғау механизмдердің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Форумға Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен Сот әкімшілігі және «Атамекен» ҰКП басшылығы, Парламент Сенатының депутаттары, мемлекеттік органдар, республикалық адвокаттар алқасы, заң қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев жиынды ашып, кассацияға қолжетімділікті кеңейту, әкімшілік әділетті нығайту және күмәнді мәмілелер бойынша салық органдарының жұмыс тәртібін өзгерту бойынша 3 өзекті мәселеге назар аударды.
«Құқық үстемдігін қамтамасыз ету және жеке меншік, бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғау мәселелері – басым міндеттер. Бұл туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өтті. Біздің бизнеспен осындай форматтағы кездесулеріміз тұрақты өтеді. Бизнес-қоғамдастық соттардың жұмысын жақсартуға белсенді қатысады. Мемлекеттік баждың жоғарғы шегі белгіленіп, күрделі істер бойынша Сараптамалық кеңес құрылды», – деді Асламбек Мерғалиев.
«Атамекен» ҰКП қолдауымен жасанды интеллект элементтерін алғаш рет қолданған «Сот практикасының цифрлық талдауы» IT-сервисі әзірленді. Сервистің мүмкіндіктері 4 миллионнан астам сот актін талдау негізінде істің нәтижесін болжауға, ұқсас жағдайлар бойынша ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді.
Осы күзде кассациялық соттарды құру мәселесі бойынша кәсіпкерлер, заң қоғамдастығы және ҚР Парламенті палаталарының депутаттарымен келіссөздер өтті. Талқылау қорытындысы бойынша елордада үш кассациялық сотқа (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) құрылған модель оң баға алды.
Әкімшілік әділет 2,5 жыл ішінде азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауда өзінің тиімділігін көрсетті. Егер бұрын азаматтар мен бизнестің сотта жеңу пайызы 15% болса, бүгінде ол 60% - дан асады.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, әкімшілік әділет қысқа мерзімде кәсіпкерлердің мемлекеттік органдармен дауларды әділ шешуге деген жақсы құралына айналды. Жоғарғы Сот пен ҰКП бірлескен жұмысының оң мысалы – Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотындағы «Атамекен» кабинетінің жұмысы. Онда татуластыру рәсімдері белсенді қолданылады, медиацияны дамыту жүріп жатыр.
«Бизнес көтерген түйткілді мәселелер бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша жазылатын «жол картасы» жобасында көрініс тапқаны қуантады. Қазіргі кезде тергеу судьяларының қылмыстық процестегі рөлін арттыру және азаматтық істер бойынша автоматты эксаумақтылық механизмін одан әрі дамыту жолымен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселелері пысықтауды талап етеді. Бұдан басқа, біз салық органдарының мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздары, жерге құқық белгілейтін құжаттардың күшін жою жөніндегі жер инспекцияларының талап-арыздары бойынша, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласындағы тәжірибе бойынша құқық қолдану практикасын зерделеуді жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті ҰКП басшысы.
Осы мәселелердің барлығы талдау объектісіне айналады, оның түпкі мақсаты – проблемаларды шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу.
Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкеев өз баяндамасында бизнес мүддесін қорғауға бағытталған әкімшілік әділет саласын нығайту және кеңейту жөніндегі шараларды атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Жоғарғы Сот, бизнес-омбудсмен және «Атамекен» ҰКП-ның келер жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: