Астанада «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы 27-28 қазанда өтеді
2023 жылғы 27-28 қазанда Астанада «EXPO» Халықаралық көрме орталығында қазанда «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы өтеді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына 180 компания – «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауларының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары өздерінің үздік тауарларын ұсынады.
«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығымен бекітілген.
Байқау мақсаттары:
1) жеке және заңды тұлғалардың отандық өнімнің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру;
2) Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу;
3) отандық және халықаралық стандарттар негізінде сапаны басқару мен қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізуге алғышарттар жасау және оған жәрдемдесу;
4) сапа проблемаларын шешу қажеттілігіне өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аудару;
5) халық арасында сапа идеясын насихаттау.
Көрме-байқау мынадай үш номинация бойынша өтеді:
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;
«Халыққа арналған үздік тауарлар»;
«Үздік азық-түлік тауарлары».
Байқау төрт кезеңде өткізіледі:
Бірінші кезең: «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқаулары. Осы жылдың 28 сәуірі мен 20 тамызы аралығында бекітілген кестеге сәйкес республиканың барлық өңірінде 1387 кәсіпкерлік субъектінің қатысуымен өңірлік көрмелер өткізілді. Нәтиже бойынша республикалық деңгейдегі келесі кезеңге қатысу үшін 180 жеңімпаз (әр өңірден тоғыз жеңімпаздан) анықталды.
Екінші кезең: Астанада «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының республикалық деңгейінде үздік отандық тауар өндірушілер кездеседі. Елорда тұрғындары мен қонақтарының тауарлардың бағасын беріп, тіпті өндірушінің бағасымен сатып алуға мүмкіндігі бар.
Байқауды ұйымдастырушының сараптамалық тобының мүшелері барлық қатысушы арасынан онлайн-дауыс беруге қатысу үшін 27 финалист – үш номинация бойынша үздік тоғыз тауар өндірушіні анықтайды.
Үшінші кезең: 27 финалист онлайн дауыс беруге ұсынылады (онлайн дауыс беру 29 қазан мен 2 қарашаны қоса алғанда аралығында өтеді). Бұл кезеңде Қазақстанның әрбір тұрғыны үздіктерге өз дауысын бере алады.
Төртінші кезең: 27 финалисттен тұратын «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының 9 дипломантын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы комиссия анықтайды.
Жеңімпаздар Мемлекет басшысы қол қойған дипломдар және эмблемамен марапатталады және төрт жыл ішінде байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.
Толық ақпарат: www.altynsapa.kz сайтында.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: