«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстанда пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру және қолдануды заң жүзінде реттеу керек  – Ұлттық палата

2023 жылғы 27 Қазан
4982 просмотров

Қазақстанда пилотсыз басқарылатын ұшу аппараттарын қолдану аясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Олар азаматтық және мемлекеттік мақсаттарда, атап айтқанда экологиялық, су, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи апаттардың алдын алу үшін қолданылады.

Ұлттық палата мамандары бірнеше жыл бойы пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалануға байланысты мәселелерді белсенді түрде көтеріп келеді. Осылайша, 2019 жылы ҰКП әуеде фототүсірілім кезінде пилотсыз ұшу аппаратын пайдалану мүмкіндігі бөлігінде заңнамаға өзгерістер енгізуге қол жеткізді (бұған дейін басқарылатын ұшақты пайдалану міндетті болған). Бұл норма тұтынушылардың да, отандық өндірушілердің де мүмкіндіктерін кеңейтті. Әлемдегі геосаяси жағдай, шектеу енгізу салдары елімізде пилотсыз ұшу аппараттарының отандық өндірісін дамыту қажеттілігін күшейтті.

«Қазіргі кезде отандық нарықта импорттық өнім басым. Ұшатын жабдықтарды отандық әзірлеушілер мен өндірушілерді қолдау үшін нормативтік базаны қайта қарау, сол арқылы импортқа тәуелділікті төмендету қажет деп санаймыз», – дейді «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің сарапшысы Дана Жараспаева.

 Спикердің айтуынша, пилотсыз басқарылатын ұшу аппараттары елдің халықтық-шаруашылық қызметінде кең пайдаланылатын болады.

 «Бұл нарық қарқынды өсіп жатқанын байқап отырмыз», – деді сарапшы.

Қазіргі кезде Қазақстанда сатып алудың бәрі шетелдік өнімді сатып алуға бағдарланған. Тұтастай алғанда жыл сайын миллиондаған теңге шетелге кетіп жатыр.

 «Айта кетейік, мемлекеттік сатып алу сайтындағы хабарландырулардың 95%-ы техникалық тапсырмаларға тиесілі, оған сәйкес жеткізуді ұшу аппараттарын импорттаумен айналысатын компаниялар ғана жүзеге асыра алады. Бұл отандық орындаушының мүмкіндігін шектейді», – деп атап өтті Дана Жараспаева.

 Мемлекеттік сатып алуда жеткізушінің жұмыс тәжірибесі бойынша талапты төмендету ұсынылды. Өйткені отандық компаниялар жас, осы критерий бойынша өтпей қалады. Алайда өндіретін өнімі сапалы, шетелдік өніммен бәсекеле алады.

 Отандық өнімді шектейтін тағы бір фактор – нарықтың белгілі бір сегменті немесе мақсатты аудитория үшін маркетингтің болмауы.

 «Отандық өндірушілер туралы ақпарат аз, ал шетелдік жарнама болса белсенді. Кез келген компанияда, мемлекеттік секторда мамандар пилотсыз аппараттар саласымен әрдайым таныс бола бермейді. Интернет кеңістікте де шетелдік маркетологтар жарнаманы «басып алған». Осылайша  отандық жеткізушілерді назардан тыс қалып отыр», – дейді ГЕОСКАН-Қазақстан компаниясының өкілі Олеся Талашкина.

 Спикердің айтуынша, отандық өндірушілерді ілгерілетуде мемлекетті қолдау маңызды болар еді.

«Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында мемлекеттік мүдделерге сәйкес пилотсыз ұшу жүйелері саласының стратегиялық дамуын заңнамалық деңгейде белгілеу (нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау, пилотсыз ұшу аппараттарына қызмет көрсету және пайдалану үшін инфрақұрылымды дамыту және т. б.), отандық нарықтың шетелдік жеткізушілерге тәуелділігін барынша азайту және әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікті қолдау қажет деп санаймыз», – деп түйіндеді ҰКП мамандары.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер