«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық жобалаушылар қызмет құнының негізсіз төмен болуына наразы

2023 жылғы 16 Қазан
8124 просмотров

 Мемлекеттік норматив бойынша жобалау жұмыстарының құны жобаның күрделілігіне байланысты құрылыс құнының 5-10%-ын құрауы тиіс. Алайда іс жүзінде мемлекеттік органдар салада қабылданған нормативтерді ұстанбайды және жұмыс құнын 1-2%-ға дейін төмендетеді. Соның салдарынан елдегі құрылыс сапасы айтарлықтай төмендейді.

 «Қазіргі кезде жобалау жұмыстарының құнын есептеу «Қазақстан Республикасындағы құрылыстың сметалық құнын айқындау тәртібі» 8.01-08-2022 ҚР Құрылыстың шекті құнының нормативтері талаптарымен регламенттеледі  және жобаның күрделілігіне байланысты орта есеппен құрылыс құнының 5-10%-ын құрайды», – деді Қазақстан республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарова.  

Сарапшылардың пікірінше,  жоғарыда аталған құжатпен айқындалатын жобалау-іздестіру жұмыстарының құны тұтастай алғанда жұмыстың нақты өзіндік құнына сәйкес келеді.

Бұл ретте конкурс жүргізгенде жобалауға арналған келісімшарттардың құны осы мемлекеттік нормативтің талаптары ескерілмей есептеледі. Соның салдарынан құрылыс құнының небәрі 1-2%-ын құрайды.

Мысалы, Алматы облысында Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша конкурс жарияланды.  Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі жобалық жұмыстарды сатып алуға шамамен 61 млн теңге бөлді, ал норматив бойынша  бұл сома 176,4 млн теңге болуы тиіс.

 Тура осындай жағдай Атырау облысында да орын алған. Онда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында сығылған ауа мен азот өндірісін орнату» жобасы бойынша жобалаушылардың қызмет ақысы төмендетілген. ҚР Құрылыстың шекті құнының нормативтері 8.01-08-2022 сәйкес сома 66,2 млн теңге болу керек еді. Алайда тапсырыс беруші 35,7 млн теңге көлеміндегі соманы белгілеген.

Сарапшылардың пікірінше, жобаларды әзірлеу құнының мұндай төмендеуі сөзсіз жобалау-сметалық құжаттама сапасына әсер етеді, тиісінше, жалпы құрылыс сапасының төмендеуіне әкеледі.

«Әр объект өзінше бірегей.  Ғимараттың типтік шешімімінде де сенімділік, мықтылық және қауіпсіздікке де, объектінің құнына да әсер ететін басқа шешімдер пайда болады. Құрылыс нысандарының сапасы жобаны сауатты әзірлеуге, жобалаушылардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Бұл тиісінше жобалаушы-кәсіпқойлардың тиімді және лайықты еңбекақы алуына тікелей байланысты», – деді Мюаш Бисарова.

Мемлекет басшысының құрылыстың барлық қатысушысы үшін тең жағдайды қамтамасыз ету, сондай-ақ сапа басымдығын ең төменгі бағадан белгілеу жөніндегі тапсырма берген. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында жобалаушылар бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін «Қазақстан Республикасында құрылыстың сметалық құнын айқындау тәртібі» 8.01-08-2022  ҚР  Құрылыстың шекті құнының нормативтері талаптарына сәйкес жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша лоттардың құнын қалыптастыруын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін қабылдауға жәрдем көрсетуді сұрайды.

«Атамекен» ҰКП өз тарапынан жобалық компаниялардың мүддесін қамтамасыз ету мақсатында осы мәселеге уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде бастамашылық жасады. Мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер