«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Таразда кәсіпкерлік нысандарға заңсыз шектеулер тыйылмай тұр

2023 жылғы 09 Қазан
- Жамбыл облысы
4017 просмотров

Тараздың тәртіп сақшылары дәмхана, түңгі клубтар мен ойын-сауық орындарының жұмысы мен ішімдік сататын уақытын шектеуді ұсынады. Олар түнгі мезгілде ішімдік ішіп, масаюдың салдарынан қылмыс көбейеді деген себеп айтып отыр. Бұл мәселе Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында көтерілді. Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысына және алкоголь өнімін сатуға шектеу қою туралы қаулының жобасы мен «Велюр» қонақүй кешенінің жабылуына қатысты сұрақтар қаралды.

«Ұсынылған қаулы жобасында Тараз қаласындағы қоғамдық тамақтану орындары сағат 24.00-ге дейін жұмыс істеп, ондағы алкогольдік ішімдікті сатуды 23.00-де тоқтату керегі көрсетілген. Сол секілді түнгі клубтар сағат 02.00-ге дейін жұмысын жалғастырып, алкогольді ішімдік сатуды сағат 01.00-де доғару керегі жазылған. Әрине, бұған кәсіпкерлер қарсы», – дейді  кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Мейірхан Бекпенбетов.

Жиынға қатысқан бизнес өкілдерінің айтуынша, жұрт көңіл көтеру орындарына жұмыстан кейін, яғни кешкі мезгілде келетіндіктен, мейрамхана, дәмхана мен түнгі клубтардың саудасы түнде қызады. Олар сол арқылы табыс тауып, мемлекетке тиесілі салығын өтеп, жұмысшыларына айлық төлеп отыр. Кеңес отырысында бірқатар кәсіпкер құқығын алға тартып, жұмыс уақытын шектесе, кіріс азаятынын айтты.  

Бірақ полиция қызметкерлері мұндай шектеулер басқа өңірлерде қолданылатынын және одан ешкім зардап шекпегенін жеткізді.

«Кәсіпкерлер орын алатын қылмыстар дәмхана, ойын-сауық орындарының аумағында болмайтынын айтады. Әрине, тәртіпсіздікке баратындарды олар күзет арқылы сыртқа шығарып жібереді. Бірақ сол жерден ішімдік ішіп шыққандар сыртқа шыққаннан кейін – теріс әрекетін көшеде іске асыратыны белгілі. Кейде сондай әрекеттердің салдарынан өлімге жеткізетіндей ауыр қылмыстар болып жатады. Былайша айтқанда «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дегендей болып тұр. Біз үшін бастысы – халықтың амандығы мен қауіпсіздігі қымбат», – деді Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мергенбай Қойкенов.

Бүгінде облыста қоғамдық тамақтандыру қызметтерін көрсететін 293 мейрамхана, 425 кафе мен түнгі клуб, көңіл көтеру мекемелері, сондай-ақ 24 жол бойындағы сервис бар. Осылардың ішіндегі 71 мейрамхана, 284 кафе мен түнгі клубтар Тараз қаласында орналасқан.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қаулы жобасында көрсетілген ойын-сауық орындарының түнгі жұмысын шектеу қала тұрғындарының пікірімен ұсынылғанын айтып, халық түнде қыдырғандар көпшіліктің мазасын алатынына шағымданатынын жеткізді. Халықтың «Түнгі көңіл көтеру орындарының жұмысына неге шара қолданылмайды» деген сын-ескертпелерінің негізінде осындай шектеу қою ұсынылып отыр дейді. Тараптардың пікірі талқылана келе бұл мәселе жоғары органда заң аясында шешілетін болып келісілді.

Кеңесте облыстық полиция департаменті Тараз қаласы полиция басқармасының №2 полиция бөлімінің анықтау бөлімшесінің ұсынысы негізінде «Велюр» қонақүй кешенінің қызметін тоқтатуға қатысты мәселе де көтерілді.

«Велюр» қонақүй кешенінде жиырма мың теңгесін ұрлатқан азамат Тараз қалалық полициясына шағым түсірген. Қылмыстық істі тергеу барысында құқық қорғаушылар «Велюр» қонақүйінде тәртіптің сақталуына бақылау әлсіздігін, соның салдарынан қылмыс болатынын анықтаған. Аталған жағдайдан бұрын да бұл қонақүйде бірнеше рет қылмыстық жағдай орын алған. Сол кезде де қонақүй әкімшілігіне қауіпсіздік шараларын күшейту керегі тәртіп сақшылары тарапынан ескертілген. Әйткенмен, қонақүй кешенінің иесі Марғұлан Абсатов қауіпсіздік шаралары күшейтілгенімен, мейман бөлме ішінде не істейтінін бақылай алмайтындарын айтады. Мейман тұрақтайтын бөлме ішіне бақылау камерасын қою жеке тұлғаның құқына қол сұғумен бірдей. Ал, қонақүйдің дәлізі мен ауласындағы жағдайлар күзет бақылауында болады. Заңсыздық, тәртіпсіздік орын алғанда дереу полиция қызметіне хабарласып, тәртіп сақшылары шақырылады», – дейді қонақүй өкілі.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қыдыралы Оспанов  полиция қызметкерінің кәсіпкерлік нысанының жұмысын  жүргізуге шектеу қоюға өкілеттігі жоқ және қалалық прокуратура органына құқықтық бағалауға жіберетін айтты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер