«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Елді мекендерде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту жеңілдеді

2023 жылғы 26 Қыркүйек
13046 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасы бойынша елді мекендердегі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту процесі жеңілдеді. Осы жылдың екінші жартысынан бастап ҚР Жер кодексіне түзетулер күшіне енді. Оған сәйкес елді мекен шегінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін жер комиссиясының шешімін алу талап етілмейді. Бұл шара процесті айтарлықтай оңайлатуға және осы мемлекеттік қызметті көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік берді.

 ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің директоры Назира Үсенованың айтуынша, бұрынғы тәртіпке сәйкес әкімдіктің елді мекенде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі жер комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданып келген.

Бұл ретте нысаналы мақсатын өзгерту тәртібі сәулет және қала құрылысы саласындағы уәкілетті органның сұратылған нысаналы мақсаты бойынша жер учаскесін пайдалану мүмкіндігін айқындауын көздеді.

«Іс жүзінде жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша шешім қабылдайтын тұлғалардың жауапкершілігінің болмауына әкелді. Комиссия мүшелері уәкілетті органның қорытындысына сілтесе, уәкілетті органның өкілдері көп жағдайда жерді сұралып жатқан нысаналы мақсатты қолдануға мүмкіндіктің бары не жоғы бойынша нақты позицияны көрсетпей, соңғы сөзді жер комиссиясына қалдыратын», – деді Назира Үсенова. 

Бұдан басқа сәулет органының оң қорытындысы болған кезде жер комиссиясы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден бас тартқан, не керісінше, уәкілетті органның теріс қорытындысына қарамастан өтінішті қанағаттандыратын кездер болған.

Қолданыстағы тәртіп процестің ашықтығы және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім қабылдау бойынша объективтілікті қамтамасыз етуге ықпал етпеді. Сонымен қатар бақылау-қадағалау органдарының мұндай шешімдерді заңсыз және күшін жоюға жататын деп тану тәуекелдерін арттырды.

Сонымен қатар жер учаскелерінің нысаналы мақсатын жер комиссияларына өзгерту туралы өтініштер шығару қажеттілігі шешім қабылдау мерзімін ұзартты. Өтйкені өтініштерді шығару, қарау, жер комиссияларының шешімін дайындауға уақыт қажет болды. Ал жер комиссияларының жиындары, өздеріңіз білетіндей, барлық елді мекенде тұрақты түрде өткізіле бермейді.

Кей өңірде комиссиялардың отырыстары апта сайынғы негізде өткізілсе, басқа өңірлерде комиссия айына, тіпті тоқсанда бір рет қана жиналады.

Жер кодексінің талаптарына сәйкес елді мекендердің барлық жері олардың бас жоспарларына және егжей-тегжей жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына сәйкес пайдаланылуы тиіс екенін назарға ала отырып, Ұлттық палата жер учаскелерінің нысаналы мақсатын жер комиссиясына өзгерту туралы өтініштер шығарудың орынсыздығы туралы мәселеге бастамашылық жасады.

Ұлттық палатаның ұсынысы қолдау тауып, Жер кодексінің 49-1 бабына елді мекендер шегінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту процесінен жер комиссиясын алып тастауды көздейтін түзетулер енгізілді.

Жаңа тәртіпке сәйкес жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы жергілікті атқарушы органның шешімі сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесінің тиісті оң қорытындысы негізінде қабылданады.

Сәулет және қала құрылысы саласындағы құрылымдық бөлімше қорытындыны барлық мүдделі мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдармен (өртке қарсы, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары, табиғи монополиялар субъектілері және т.б.) келісуді қамтамасыз етеді.

«Жаңа тәртіп шешім қабылдаудың объективтілігін қамтамасыз етіп, шешімдерді келісу процесіне қатысатын уәкілетті органдар мен ұйымдардың жауапкершілігін арттырады және қызметі жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгертуді талап ететін кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына оң әсер етеді деп сенеміз», – деп атап өтті Назира Үсенова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер