«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкентте кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа әдісімен екі мыңға жуық қызмет көрсетілді

2023 жылғы 25 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
7115 просмотров

Үш айда – екі мыңға жуық қызмет. Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының жанынан ашылған көпфункциялы қызмет көрсету орталығында 2023 жылдың 16 маусымынан бері 1817 қызмет көрсетілген. Оның ішінде қаржылай емес қолдау көрсету бойынша ¬¬– 355 қызмет, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының жұмысы аясында – 205, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында – 15, «Кәсіпке бағыт» құралы бойынша – 46, халыққа қызмет көрсету орталығында – 988, инвесторлар мен кәсіпкерлерді сүйемелдеу фронт-кеңсесінде 198 қызмет көрсетілді.

Бұл жоба жұмыс істеп тұрған бизнес пен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға кәсіп жүргізудің барлық кезеңінде кешендік қолдау көрсетуге бағытталған. Мамандар бизнес-идея туындаған сәттен бастап жобаны қаржыландыру мен жүзеге асыруға дейін сүйемелдейді. Мемлекеттік, банк, сервистік және қаржы институттарының қызметі, жалпы, заңды тұлғаларға арналған 800-ден астам қызмет бір орында –  осы көпфункциялы қызмет көрсету орталығында көрсетіледі.

Орталық жұмысы кәсіпкерлердің көңілдерінен шығып отыр. Іскер азаматтар «бір терезе» қағидаты нәтижесінде құжаттар рәсімдеу жеңілдегенін айтады.

– Барлық қызмет бір ғимаратта болғаны өте қолайлы. Палатаға әдетте CT-KZ сертификатын рәсімдеуге келемін. Кезегімді күтіп отырғанда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, салық есебі туралы біле аламын, анықтама алуыма болады. Алдағы уақытта заңды тұлғаларға көрсетілетін қызмет аясы кеңейіп жатса, қуанамыз, – дейді кәсіпкер Камила Абдикеримова.

Орталық мамандарының айтуынша, негізінен есеп тапсыру, заңды тұлғаны тіркеу, жылжымайтын мүліктің құжаттарын заңдастыру секілді қызметтер кең қолданылып жатыр.

– Жалпы, Шымкент елімізде шағын және орта кәсіпкерлер саны (ШОБ) бойынша алдыңғы қатарда келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша қаладағы ШОБ саны 130 мыңнан асып, 2022 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 36,2 пайызға артқан, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айдана Бейсебекова. – Жұмыс істеп тұрған ШОБ арасында жеке кәсіпкерлер саны – 109 093, шағын заңды тұлғалар – 21 019, орта заңды тұлғалар – 148, ал ірі кәсіпкерлік нысандары 50 бірлікті құрап отыр. Енді осы субъектілердің барлығы көпфункциялы қызмет көрсету орталығында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ала алады.

Айта кетейік, пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында 2023 жылдың 16 маусымы күні Кәсіпкерлерге көпфункциялы қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылатын жобаның басты мақсаты – бизнес пен кәсіпкерліктің барлық кезеңінде, идеядан бастап жобаны толық жүзеге асыруға дейін кешендік қолдау көрсету.

Көпфункциялы қызмет көрсету орталығының жұмыс кестесі: ДС – ЖМ, 09:00-ден 18:00-ге дейін (үзіліс: 13:00–14:00).


Еншілес ұйымдар

Серіктестер