«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық энергетиктер ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы

2023 жылғы 21 Қыркүйек
8404 просмотров

 Бүгін «Атамекен» ҰКП алаңында ҰКП  Энергетика комитетінің отырысы өтті.  Онда әзірленіп жатқан Салық кодексінің жобасы шеңберінде ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру мәселесі талқыланды.

«Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушев ҚҚС-тың жоспарланған өсуі түпкілікті тұтынушы үшін бағаға әсер ететінін, сондай-ақ шағын және орта бизнеске ауыр болатынын айтты. Салықтың өсуі электр энергетикасы саласына кері әсерін тигізеді. Тарифті ұстап тұру үшін энергетикалық кәсіпорындар күрделі жөндеу шығындары, қызметкерлердің еңбекақысы және басқа да маңызды компоненттерді 4%-ға қысқартуға мәжбүр болады.

Жиында «Атамекен» ҰКП-да аккредиттелген салалық қауымдастықтардың өкілдері де сөз сөйледі.

«Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының төрағасы Нұрлан Қапенов ҚҚС өсуі ЖЭК саласына және жалпы осы сектордың инвестициялық тартымдылығына теріс әсер ететінін айтты. «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының» директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Шкарупа да осындай позицияны білдірді.

«KEGOC» АҚ департамент директоры Дархан Ахметов акционерлік қоғам ҚҚС-тің ықтимал өсуін талдағанын және салықтың өсуі компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсерін бағалағанын хабарлады. Осыған байланысты бұл мәселені электр энергетикасы нарығымен мұқият пысықтауды жалғастыру қажет.

  «Салық мөлшерлемесінің 12%дан 16%-ға өсуі біріншіден, бизнеске, оның шығынына әсер етеді. Екіншіден, салықтың өсуі соңғы тұтынушылар үшін тарифтер құнының өсуіне әсер етеді. Электр энергиясының құны көптеген тауар мен қызметтердің құнына негізделгені белгілі», – деді Дархан Ахметов.

«Самұрық Энерго» АҚ өкілі Самал Исабаева әріптестерін қолдады. Қазіргі уақытта «Самұрық Энерго» АҚ қолданыстағы энергия өндіруші қуаттарды салу мен жаңғыртуға байланысты бірқатар маңызды инвестициялық жобаны іске асырып жатыр. ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі сатып алынатын жабдықтың құнына әсер етеді. Бұл ретте ҚР заңнамасында инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде инвестициялық келісімдер мен бағдарламаларды түзету көзделмеген.

Жиында әрі қарай «Энергоаудиторлар, энергоменеджерлер және энергия сарапшылар палатасының» төрағасы Марат Есекин сөз сөйледі. Спикер әріптестерін қолдап, болжамды өсім шағын және орта бизнеске, соның ішінде энергия аудиторларының қызметіне теріс әсер ететінін хабарлады.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу аясында Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер