«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов түркиялық әріптестерді Түркістанда өтетін Халықаралық инвестициялық форумға шақырды

2023 жылғы 16 Қыркүйек
8247 просмотров

 «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Түркі дүниежүзілік бизнес форумына қатысу үшін Түркияға барды. Онда сауда, капитал мен жұмыс күшінің ағымына кедергілерді жою, сондай-ақ өндірістік және технологиялық ынтымақтастықты тереңдету бойынша бірқатар ұсыныс айтты.

 «Түркі мемлекеттерінің ұйымы жақсы халықаралық беделге ие. Түркі сауда-өнеркәсіп палаталарының одағын құру елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайту және бизнесті дамыту жолындағы маңызды қадам болды. Түркі палаталары одағының елдері Қазақстанның маңызды экономикалық әріптестері. Өткен жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 13 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары көрсеткіш. Қазақстан шетелдік және отандық инвесторлар үшін жақсы жағдай жасауға ұмтылып келеді. «Атамекен» ҰКП Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған экономикалық реформалар процесіне белсенді қатысып, экономикамызға шетелдік инвестициялар үшін «ашық есік» саясатын ұстанады», – деді Райымбек Баталов.

 Спикер одаққа мүше елдердің бизнесі арасындағы тығыз экономикалық өзара іс-қимылды дамыту – Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағы қызметінің маңызды құрамдас бөлігі деп санайды.  Сауда, капитал ағындары мен жұмыс күшіне кедергілерді жоюды, өндірістік және технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастыру қажет.

«Ұлттық палата үшін Түркиямен экономикалық кооперацияда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуге бірлесіп қатысу және соның салдарынан ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту сияқты негізгі бағыттары неғұрлым өзекті. Бұдан басқа, көлік және инфрақұрылым сияқты салаларда сапалы өсу, сондай-ақ басшысы болып Бағдат Құлтайұлы Әміреев тағайындалған түркі инвестициялық қоры арқылы бірлескен жобаларға қаржыландыруды тарту маңызды рөл атқарады. Елдеріміздің шағын және орта бизнесінің өзара сауда және кооперация процестерін жеңілдету үшін электрон коммерция мен цифрландыруды дамытуға ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті спикер.

Райымбек Баталов осы бес бағытты жыл сайынғы Түркі бизнес форумының тақырыбы ретінде алуды ұсынды. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымдарының 10-шы саммиті Түркістанда өтетінін еске салды.

 «Осыған байланысты баршаңызды осы жылдың 13-14 қазанында Түркістан қаласында өтетін «Түркістан: экономика, инвестиция, туризм» халықаралық форумына шақыруға рұқсат етіңіз. Біздің бірлескен жұмысымыз серіктестігімізді жаңа деңгейге шығарады деп шын жүректен үміттенемін», – деп қорытындылады Райымбек Баталов.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер