«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Президентпен кездесу: Қазақстан бизнесін қандай мәселелер толғандырады

2023 жылғы 14 Қыркүйек
6129 просмотров

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуге 200 кәсіпкер қатысты. Олардың әрқайсысында елдегі кәсіпкерлікті қалай дамыту керек, ел экономикасын қайтсек көтереміз, халықтың әл-ауқатын қалай жақсартуға болатынына қатысты пікірі мен ұсыныстары бар.  Назарыңызға кәсіпкерлердің пікірлеріне шолу жасаймыз.

 Жетісу облысы ӨКП Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова Мемлекет басшысының отандық бизнеспен кездесуіне қатысты.

«Президент кәсібін адал жүргізетін, және патриоттық көзқарастағы бизнес қашан да мемлекеттің құрметіне және қорғауына ие болатынын айтты. Сондықтан кәсіпкерлікті таңдаған әрбір адам үшін бұл сөздер ынталандыру болуы керек. Өз кезегінде Үкімет, жергілікті атқарушы органдар бизнестің дамуына түсінікті және қолайлы жағдай жасауы тиіс», – дейді спикер.

Астана кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Көкенов Мемлекет басшысы отандық бизнесте ел экономикасын дамытудың негізгі іргетасын қалайтынын атап өтті.

«Президенттің кешегі сөзінен 4 негізгі тезисті атағым келеді. Бірінші кезекте мемлекет пен кәсіпкерлер арасында жаңа «қоғамдық келісімді» қабылдау. Бұл келісім кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау және жеке меншікті толық қорғауды қамтамасыз ету. Екінші – кәсіпкерлер немен айналысып жатқанын түсініп, сол үшін жауапты болуы керек. Үшінші – мемлекет пен бизнес тең құқықты қарым-қатынас құруы керек. Төртінші – «Атамекен» ҰКП бизнес пен билік арасындағы тиімді іргетасқа айналуы керек», – деді спикер.

Kazdream IT-холдингінің негізін қалаушы Дәурен Төлебаев кездесуде отандық IT-шешімдердің қарқынды дамуын атап өтті.

«Біз бес программист болып, жұмысымызды жалдамалы пәтердің ас бөлмесінен бастағанбыз. Қазір бізде 30-дан аса дайын ІТ-шешім бар, тағы 50-ден аса ІТ-өнім әзірлеп жатырмыз. Сондай өнімдер қатарында Kompra контрагенттерді тексеру сервисі, әуежайларда жолаушыларды байланыссыз және тез өткізуге арналған Q-Gate терминалы, Speech Lab қазақ және аралас қазақ-орыс тілдерін зияткерлік тану жүйесі», – деді Дәурен Төлебаев.

Спикер осыдан 10 жыл бұрын қазақстандық стартаптарға ешкім сенбегенін айтты. Алайда мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары арқылы ел ішінде ІТ-индустрия белсенді дамып жатыр.

«Жақында мен Сингапурдағы көрмеден оралдым және сол көрмеде біз ТМД-дан келген жалғыз компания болдық. Дүние жүзі бойынша 20-дан астам көрмеге қатыса отырып, мен әр ел өз әзірлеушілерін қолдайтынын және олар бірыңғай делегациялар ретінде әрекет ететінін байқадым. Сонымен қатар, халықаралық көрмелерде «елдің стендтеріне» көп көңіл бөлінеді», – деді Дәурен Төлебаев. Ол осы практиканы Қазақстанда қолдануды ұсынды.

Көлік саласының кәсіпкерлері өз қаражатын Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын дамытуға салуға дайын екенін білдірді. Ұлттық палатаның көлік жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, осы саладағы бірнеше компанияның құрылтайшысы Бақытбек Қадыров жұмысты инфрақұрылымнан бастау керек деп санайды. Қазір «Бейнеу-Маңғыстау» учаскесінде жеке компания жұмыс істеп жатыр, компания темір жолындағы  «тар өткелдерді» жоюға ниетті.

«Бұл жоба мемлекет пен жеке бизнестің өзара іс-қимылының жаңа деңгейінің қалыптасуы жолында үлгі бола алады. Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін ынтымақтастықтың стандартты емес әдістері, соның ішінде қазақстандық бизнесті стратегиялық инфрақұрылым, түрлі механизмдер және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы қолдану уақыты келді деп санаймыз», – деп атап өтті спикер.

Алматы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев 2025 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруге қарсы. Сарапшы бұл салықтың өсуі елдегі бизнестің тоқырауына әкеледі деп санайды. Салық мөлшерлемесі көтерілсе, оның салдары алдымен қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиеді.  Расымен тамақ өнімдерінен бастап бензинге дейін қарапайым сатып алушы тауардың бәріне ҚҚС қосылған. Адам неғұрлым кедей болса, соғұрлым ол үшін қаржылай жүктеме салынады. Өңірлік кеңестің басшысы бөлшек салықты да атады. Бөлшек салық қоғамдық тамақтану және сауда салаларына оң ықпал етті. Спикер бөлшек салықты бухгалтерлік есептілік қызметіне де қолдануды ұсынды. Тағы бір ұсыныс – Қазақстанда өндірісті дамытып жатқан кәсіпкерлерге оңайлытылған салық режимін енгізу қажеттілігі. 

Ауыл шаруашылығында бизнес шетелдік көршілермен тең емес бәсекелестікке түскен. Фермерлерге субсидия жеткіліксіз. Шаруалар ауыл шаруашылығын дамыту үшін алған несиелік міндеттемелерінің мерзімін ұзартуды сұрайды. Сонымен қатар, фермерлерге тиесілі субсидия толық төленбеген. Бүгінгі таңда фермерлерге берешек 177 млрд теңгеге жеткен, деп атап өтті «Астана-Бизнес» ЖШС директоры Фарид Әбітаев.

«Қайып ата» ЖШС бас директоры Сырым Ертаев ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу мәселесін көтерді. Қазір өңір-өңірде мал сойылғанда қалдықтар жерге көміліп, экологияға зиян келтіріледі. Бірақ, сол сүйектер мен қалдықтарды сүйек ұнтағына қайта өңдеуге болар еді. Мұндай өнімдер Қытайда үлкен сұранысқа ие, дейді кәсіпкер.

 Алайда, Қытай нарығына шығуда мәселе бар. Қазіргі кезде Қытайға өңделген өнімді тасымалдауға АҚШ және Испанияның ғана ресми рұқсаты бар. Тұтастай алғанда қытайлық инвесторлар 1 млд долларға жабдық әкеліп, өндірілген өнімді алып кетуге дайын.

Сонымен қатар, кәсіпкер қой шаруашылығын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді қолдайды. Оның пікірінше, жоспарда экспорт мәселелері қамтылуы керек.

«Парсы шығанағы елдері жыл сайын 150 мың тонна қой етін импорттайды, оның ішінде  БАӘ жылына 50 мың тоннадан астам қой етін сатып алады. Өткізу нарықтарының салыстырмалы жақындығына байланысты Қазақстанның БАӘ-ге өнімді көп көлемде экспорттауға әлеуеті бар», – дейді Сырым Ертаев.

 Шетелде салқындатылған қой етіне сұраныс жоғары. Мұндай етті араб елдеріне әуе тасымалымен ғана жеткізуге болады. Отандық әуежайлардың ішінде мұндай жабдық Шымкентте ғана бар. Сондықтан әуежайларда етті тасымалдау үшін қажетті жағдай жасау маңызды.

 Туристік бизнес атынан Президентпен кездесуге Елена Асылбекова келді. Оның пікірінше, Қазақстан туристік державалардың қатарында болуы керек.

 Спикер туристік нысандарға көліктік қолжетімділік пен инфрақұрылым бойынша мемлекеттік қолдау қажеттілігі туралы айтты.

Оның айтуынша, Алакөл жағалауының дамуымен жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай өсті. Сонымен қатар, отандық кәсіпкерлер шетелдік инвесторларға ұсынылатын қолдауды алмайды.  

«Біздің инвестициялық жобаларымыз әкімдіктер үшін құнсыз. Электр энергиясымен қамту немесе жағалауды нығайту қашан қолға алынады деген сауалға «бизнес сіздікі, проблеманы өзіңіз шешіңіз» деген жауап аламыз. Жергілікті билік қағаз жүзінде миллион, миллиардтарды игеріп жатыр, ал инфрақұрылым қажетті деңгейде емес. Қарапайым инфрақұрылым болмаса, туристік саланы дамыту мүмкін емес қой», – деді Елена Асылбекова.

 Еске салсақ, Мемлекет басшысымен кездесуде «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық палата қандай шаралар қолданып жатқанын баяндады. Кәсіпкерлер Президенттің жолдауын, реттелетін сатып алулда отандық тауарлар көлемін ұлғайту және офтейк-келісімшарттар жүйесін іске қосу қажеттілігін қолдайды.

Ұлттық палата инвестициялық жобалардың электрон тізілімін жүргізу механизмін ұсынды. Тізілім даму институттары, банктерді тарта отырып, биліктің бүкіл ауқымына бақылауды қамтамасыз етеді. Инвестор ақпаратты дербес өзектендіреді, ал өңірлік палаталар әкімдіктермен бірлесіп, деректерді тексереді және сәйкестендіреді. Бұл жұмыс қазір Үкіметпен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер