«Қазақстан туристік державалар арасында көш бастауы керек»: Туризм саласындағы кәсіпкерлер Президентпен кездесуде не туралы айтты
Қазақстан туризм саласы дамыған елдер қатарында лидер болуға әлеуеті жетеді. Ол үшін мемлекеттік қолдау керек. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жақсартып, туристік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Бұл туралы туристік саланың кәсіпкері Елена Асылбекова бизнес және «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталовтың ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде мәлімдеді.
«Жолдасым екеуміз Алакөл көлінің шығыс жағалауында екі жобаны сәтті іске асырдық – демалыс базаларын аштық. Қазіргі кезде осы екі база шығыс жағалаудың топ-10 базалары қатарына кіреді. Биыл Ақши ауылында оңтүстік жағалауда 5 жұлдызды курорттық кешенді салуға кірістік. Нөмірлік қор 436 төсек-орынды құрайды, 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл инвестициялаудағы бір ғана мысал. Қазір 100-ден аса әлеуетті инвестор мен жағалауда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер бизнесті кеңейткісі келеді», – деді кәсіпкер.
Спикер Президенттің отандық туризмді дамытудың маңызы туралы бірнеше рет айтқанын атап өтті, өйткені туристік сала бизнестің аралас салаларына мультипликатив әсер етеді.
«Практикада бұл қалай жұмыс істейтінін көріп отырмыз: жергілікті фермерлер демалыс базаларын ет және көкөністермен қамтамасыз етеді. Маусым кезінде бұл – ондаған тонна өнім. Таксистер 2 ай ішінде отбасын бір жылға қамтамасыз етеді. Жазғы жұмысқа тартылған жергілікті халықтың өмір сүру сапасы курорттық аймақтың дамуымен айтарлықтай өсті. Бұл ретте отандық бизнесмендер шетелдік инвесторларға ұсынылатын қолдау шараларын алмайды. Біздің инвестициялық жобаларымыз әкімдіктер үшін құнсыз. Электр энергиясымен қамту немесе жағалауды нығайту қашан қолға алынады деген сауалға «бизнес сіздікі, проблеманы өзіңіз шешіңіз» деген жауап аламыз. Жергілікті билік қағаз жүзінде миллион, миллиардтарды игеріп жатыр, ал инфрақұрылым қажетті деңгейде емес. Қарапайым инфрақұрылым болмаса, туристік саланы дамыту мүмкін емес», – деді Елена Асылбекова.
Оның айтуынша, инвестор туризмді дамыту перспективасын, мемлекеттің нақты көмегін көруі тиіс.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: