«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қазақстан фермерлері үшін ресейлік арзан сүт өзекті проблемаға айналды

2023 жылғы 28 Тамыз
5761 просмотров

Қазіргі кезде Қазақстанда тамақ өнеркәсібін одан әрі дамыту емес, өндірістің ағымдағы көрсеткіштерін сақтап қалу мәселесі өзекті болып тұр. Тамақ өнеркәсібі саласындағы отандық кәсіпкерлер бұрынғыдан да мемлекеттің қолдауына мұқтаж, деп санайды тамақ өнеркәсібі комитетінің мүшелері.

Ауыл шаруашылығы, Сауда министрлігі, Денсаулық сақтау және Қаржы министрлігінің қатысуымен «Атамекен» ҰКП Тамақ өнеркәсібі комитетінің отырысы өтті. Онда  саланың өзекті мәселелері: ішкі нарықты қорғау, «Gosagro» жүйесінің жұмысы, әлеуметтік маңызы бар және акцизделетін тауарларға таңбалауды енгізу, экспорт кезінде ҚҚС қайтару және басқа да мәселелер талқыланды.

 Сала өкілдері жақын арада отандық тамақ өнеркәсібін дамытудың оң перспективаларын көріп отырған жоқ.

Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының басшысы Айжан Наурызғалиева атап өткендей, қазақстандық қант өндірушілер ресейлік өнімдермен бәсекелестікте өнімді сата алмайды.

«Бүгінде қазақстандық қанттың құны 440 теңге, ал ресейлік қанттың құны 350 теңгені құрайды. Қант зауыттары қоймалары қантқа толып тұрғандықтан өндірісті тоқтатуға мәжбүр», – деді ол.

 Қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы басшысының пікірін «Бөрте милка» бас директоры да қолдады.

 «Қазақстан ресейлік азық-түлікке тәуелді болудың алдында тұр», – деп санайды Бөкейхан Әбішев.

 Талқылау барысында отырысқа қатысушылар отандық қайта өңдеушілерді қорғауға ықпал ететін шараларды жедел қабылдау қажеттігін атап өтті. Бұл шара тиісінше республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, жиынға қатысушылар Ресей қазақстандық өндірушілерді ығыстырып, біздің нарықтағы негізгі ойыншылардың біріне айналып, 2022 жылы болғандай өз жағдайын манипуляциялайй бастайтынына алаңдаушылық білдірді.

Ресей 2022 жылдың 15 наурызынан 31 тамызына дейін ЕАЭО-ға қант жеткізуді шектеді. Сол кезде Қазақстанда қант сатумен барлық жерде үзіліс болды, деп еске салды отырысқа қатысушылар.

«Қазір ресейлік шикі сүт қазақстандық сүт өңдеу кәсіпорындарына ҚҚС есебімен 130 теңгеден келіп түсіп жатыр. Ал біздің сүттің өзіндік құны 200 теңгені құрайды», – деп түсіндірді «Каверина С» ЖК басшысы Сергей Каверин.

 Спикер қазақстандық бизнес бәсекелік емес жағдайда тұрғанын айтты.

Сүт өңдеу саласының өкілдері өңдеу кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдетіп өңдеу өнімдерін өндіру үшін сатып алу шығындарын субсидиялау қағидалары және жеке тұлғаларға сары май мен ірімшікті сату кезінде сүт өңдеу кәсіпорындарын мемлекеттік қолдаудың жетілмеген механизмі шеңберінде «Gosagro.kz»  мемлекеттік ақпараттық жүйенің күрделілігі мәселесін көтерді.

«Сүт өңдеу кәсіпорындарын субсидиялаудың қолданыстағы жүйесі мемлекеттік қолдау бізге толық қол жетімді болмайтындай етіп құрылған», – деп шағымданды сүт одағының басшысы Владимир Кожевников.

Сауда және интеграция министрлігінің акцизделетін тауарлар, өсімдік майы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына таңбалауды енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмысы да отандық өнімнің қымбаттауына және оның бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі, деп санайды отырысқа қатысушылар.

«Тиімсіздігіне байланысты акцизделетін тауарлар, өсімдік майы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына таңбалауды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан пилоттық жобаның күшін жою қажет», – деді КазАлкоТабак қауымдастығының басшысы Әлихан Қалиев.

Сондай-ақ, өңдеушілер үшін өзекті мәселелердің бірі экспорт кезінде ҚҚС қайтару екені айтылды.

Сала сарапшыларының пікірінше, бүгінгі таңда экспорт кезінде ҚҚС қайтару қағидалары қайта өңдеушілердің қаржылық тұрақтылығын нашарлатады.

«Экспорттаушылар ҚҚС асып кетуін қайтаруға өтініш берген кезде салық органдары тікелей экспорттаушылардың ғана емес, бірінші-екінші және одан кейінгі деңгейдегі жеткізушілердің де бұзушылықтарын тексереді. Адал салық төлеушілер басқа адамдар үшін жауап беруге мәжбүр болады!»  – деді Астық өңдеушілер одағының басшысы Әлихан Талғатбек.

Осы мәселені шешу үшін қайта өңдеушілер ҚР жаңа Салық кодексін әзірлеу кезінде шикізат пен қайта өңделген өнімді экспорттау кезінде ҚҚС-ты сараланған қайтаруды енгізу мүмкіндігі мәселесін пысықтауды ұсынды.

   

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер