«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Райымбек Баталов Үлкен жобаны бақылау жөніндегі салааралық интеграцияны құруды ұсынды

2023 жылғы 11 Тамыз
5873 просмотров

Үлкен жоба – сүт-тауар фермаларын салу үшін 10 жылға жылдық 2,5%-бен  жеңілдікті несие түрінде мемлекеттік қолдау.

2023 жылы үлкен жобаны іске асыруға бөлінген сома 100 млрд теңгені құрайды. Үлкен жоба пулына енген агрожобаларды бөлу мен іске асырудың тиімділігі бақыланады. Бақылауды  Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ҰКП, жобаға қатысушы әкімдіктер бірлесіп жүргізеді. Сондықтан жобаның іске асырылуын бақылау бойынша сапалы өзара іс-қимыл жасау үшін Салааралық интеграцияны құру туралы шешім қабылданды.

Интеграцияны құруды «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов бастамалады.

«Қазір бізде инвестициялық жобаларды мониторингілеу жүйесі жеткілікті түрде пысықталды. Нақты уақыт режимінде инвестициялық жобаларды іске асыру барысын көруге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе бар. Инвестциялық жобалардың негізгі көрсеткіштері дашбордта көрсетілетін болады. Жүйеде кәсіпкердің инвестор кабинеті бар. Онда кәсіпкердің өз жобасы бойынша деректер жүктеледі. Әкімдік, АШМ және басқа да қатысушылар, мемлекеттік органдарға жүйеге кіруге рұқсат бере аламыз. Бұл ақпараттың объективті арнасы болады», – деді спикер Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында.

Вице-премьер бұл ұсынысты қолдап, Ұлттық палатаға Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, осы ақпараттық жүйе негізінде ҰКП базасында Инвестициялар жөніндегі басқарушы комитет құруды тапсырды. Бұл шара үлкен шеңбердегі жобалар пулының іске асырылуын бақылау үшін қолға алынбақ. Басқарушы комитеттің алаңында келесі жылға жеңілдетілген несиелеу үшін пулға жобаларды іріктеу жүргізіледі деп жоспарланған.

Жиын барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жақын арада үлкен жоба бойынша несие беру қағидаларын қабылдау күтілетінін хабарлады. Әкімдіктер жобаларды қаржыландыру үшін сенім білдірілген агенттерді анықтауы қажет.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың алдына үлкен жоба шеңберінде бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін бақылау міндеті қойылды. Ол үшін әлеуетті жобалар пулы бекітілу алдында «Атамекен» ҰКП-да өтініш беруші кәсіпорындардің бизнес тұрақтылығы тұрғысынан іріктеуі өтеді.

Қазір үлкен жобаның келесі кезеңін – құс фабрикалары, климаттық бақыланатын көкөніс қоймалары, суару жобаларын салу және кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол үшін 2024 жылға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Осы жобалардың барлығы негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, үлкен жобаның міндеті – импорттың үлесі жоғары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндірумен елдің қажеттілігін қамтамасыз ету. Мұндай несиені жем-шөп және өндірістік базамен қамтамасыз етілген, жобаларды қоса қаржыландыру үшін жеткілікті меншікті қаражаты мен үлкен практикалық тәжірибесі бар ірі шаруашылықтар ғана ала алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер