Отандық нарықта құрылыс материалы мен жабдығын өндірушілердің бес мәселесі
Жақында Тахмина Нагуманованың төрағалығымен, «Атамекен» ҰКП өңдеу өнеркәсібі комитеті шеңберінде мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндірушілердің түйткілді мәселелері қаралды. Шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен бизнес өкілдері қатысты.
«Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Алмат Асқардың айтуынша, негізінен бизнес өкілдері құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндірудегі бірқатар жүйелі мәселеге тап болады. Атап айтқанда, тауарды өткізу, білікті кадрлардың жетіспеушілігі, шикізат бағасының өсуі, логистика мәселелері, заңнамадағы кемшіліктер.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын объектілерді салу жобаларында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын пайдалану жөніндегі заңнаманы күшейту қажеттігін атап өтті.
Қазақстанның республикалық жобалаушылар одағы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарованың айтуынша, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне өзгерістер енгізу керек. Кодекске отандық тауар өндірушілердің өнімдерін қолданбағаны үшін мемлекеттік жобалар шеңберінде ғимараттар мен құрылыстарды салу кезінде субъектілердің жауапкершілігі бойынша норманы бекіту маңызды.
Бұл ұсынысты Өңдеу өнеркәсібі комитетінің мүшесі Қанат Ибраев қолдады.
«Құрылыс кезінде отандық тауарларды қолдануды талап ететін нормалар бар екеніне ерекше назар аударғым келеді. Бірақ әлі де импортты сатып алу бойынша тәсілдер бар. Өндіріс болмаған немесе отандық тауар өндіруші тауарды жеткізе алмаған жағдайда қандай да бір ЖК немесе ЖШС материалды жеткізе алмайтындығы туралы кез келген жазбаша хабарлама көмегімен импрт алуға жол ашылады. Яғни құрылыс салушы Тапсырыс берушінің мақұлдауымен материалды шетелден сатып ала алады. Бақылау немесе қандай да бір шараларды қолдану мүмкін емес», – деді Қанат Ибраев.
Бизнес өкілдері осы салада мамандарды дайындау жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ, Қарағанды облысы ӨКП салалық кеңесінің мүшесі Сергей Федоренконың айтуынша, тендерлік құжаттаманы дайындайтын мамандарды дайындауды күшейту қажет.
Жиында бірден еліміздің түрлі өңіріен бірнеше компания логистика мәселелеріне шағымданды, соның ішінде жоғары теміржол тарифі мәселесі көтерілді.
«Кез-келген өндірісте шикізат пен дайын өнімді жеткізу логистикаға байланысты. Бізде бүкіл Қазақстан бойынша теміржолға байланысты кедергі көп. Егер бұрын жеткізуге он күн кетсе, қазір жиырма күн – бір ай уақыт кетеді», – деп атап өтті Алматы облысы ӨКП салалық кеңесінің мүшесі Арман Шалтабаев.
Айта кетейік, бүгін «Атамекен» Ұлттық палатасының алаңында өңдеу өнеркәсібі комитеті аясында құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндірушілердің түйткілді мәселелері бойынша жиын өтті. Оған алғаш рет Ұлттық палата өкілдері, мемлекеттік органдар мен комитет мүшелерінен басқа, «өңдеу өнеркәсібі» бағыты бойынша өңірлердің салалық кеңестерінің төрағалары мен мүшелері қатысты. Олар құрылыс материалдары мен жабдықтардың отандық өндірісін дамытуға қатысты өз пікірлерін білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: