«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақмола облысында биогаз өндіретін зауыт салынады

2023 жылғы 01 Тамыз
- Ақмола облысы
9927 просмотров

Ақмола облысы Есіл ауданында жалпы қуаты 500 кВт-ты құрайтын биогаз өндіретін зауыт салу жоспарланған. Қазіргі кезде қазақстандық «Алтын дала Goldex» ЖШС компаниясы және «Biogas Servise Tarmstedt Gmbh» ірі неміс компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылған. «Biogas Servise Tarmstedt Gmbh» осындай қондырғыларды Еуропа елдерінде ғана емес, Оңтүстік Африкада да салумен айналысып жатқан компания.

 Биогаз өндірісінің артықшылығы – мал шаруашылығы қалдықтарын азайту, қи мен қоңды құнды тыңайтқыш ретінде пайдалану, парниктік газдар шығарындыларын шектеу арқылы қоршаған ортаға әсерді азайту. Газ қондырғысы арқылы қайта өңделген қалдықтар шымтезек түрінде егістіктерге жеткізіледі де топыраққа тыңайтқыш болып қолданылады.

 «Алтын дала Goldex» ЖШС өңірлік палатаға жобаны іске асыруға жәрдемдесу, оны одан әрі сүйемелдеу, құрылысты бастау үшін құжаттарды жинауға көмектесу туралы өтінішпен жүгінді. Біз неміс тарапымен бірнеше келіссөз жүргіздік. Германияға жұмыс сапарымыз нәтижесінде әрі қарайғы ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды», – деді Ақмола облысы ӨКП Есіл аудандық филиалының директоры Руслан Югай.

Қазіргі кезде Есіл ауданының аумағында зауыт құрылысына тиісті жер учаскесі бөлінді. Онда жақын арада объектіні одан әрі монтаждау және іске қосу үшін дайындық құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Аталған жұмыс түрлеріне отандық мердігер ұйым – «Djenco enginiring» ЖШС тартылды. Құрылысты аяқтау келесі жылдың соңында жоспарланған. Жобаға жоспарланған инвестиция көлемі 3 млн еуродан асады.

Неміс серіктестерімен кездесу барысында ауыл шаруашылығы техникасына қосалқы бөлшектерді сату, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құралдарын жинау бойынша хаб құру мәселелері талқыланды. Жоба «Fricke» неміс компаниясымен бірлесіп әзірленді. Осы компаниямен қазақстандық компанияға дистрибуция құқығын Қазақстан аумағында ғана емес, келешекте бүкіл Орта Азияда беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

 «Еліміз шетелдік инвесторлар үшін тиімді сауда алаңы екенін ескерсек, келіссөздер Ақмола өңірінің ғана емес, жалпы елдің экономикалық дамуында шешуші рөл атқарады. Бұдан басқа, биогаз өндіретін зауыт салу жобасы экология тұрғысынан да маңызды. Өйткені биогаз жаңартылатын энергия көздері арасында әмбебап отын және оны пайдалану атмосфераға зиянды метан шығарындыларын азайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер