«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытайлық ірі компаниялар қазақстандық мамандарға жұмыс ұсынды

2023 жылғы 28 Шілде
5586 просмотров

Сиандағы «Қытай – Орталық Азия» саммитінің нәтижесі көп күттірмеді. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 26,8% ұлғайып, 18 млрд 250 млн долларды құрады. Осы серпінмен осы жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымының 35 млрд долларға жетіп, жаңа рекорд орнатуға үлкен мүмкіндік бар. Мемлекет басшылары «қол қойған» тауар айналымын 2030 жылға қарай 40 млрд-қа дейін ұлғайту міндеті артығымен орындалуы ықтимал. Бұдан бөлек мемлекеттер арасында білім саласындағы саясат нығая түсті.

Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо айтты. Дипломаттың айтуынша, екі ел арасындағы тауар айналымынан бөлек, білім саласындағы ынтымақтастық та артты.

«ҚХР жоғарғы оқу түлектерінің қытай бизнесінің өкілдерімен кездесуін тұрақты өткізу – бұл Қытайдың ЖОО түлектеріне жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған бірлестіктің әзірлеген жобасы. Екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамуы және түлектер санының артуы аясында іс-шара жыл сайын танымал және сұранысқа ие болып келеді. Бұл қазақстандық жастар үшін де, Қытай бизнесі үшін де өзара тиімді әсер етеді», – деді дипломат Қытай ЖОО түлектеріне арналған кездесуде.

Көрші елде білім алған қазақстандық мамандар үшін «ҚХР ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігі мен  Қытай-Қазақстан сауда палатасы арнайы кездесуді жыл сайын ұйымдастырып келеді. Биылғы кездесуге келушілердің саны артқан. 2020 жылғы статистикаға сүйенсек, Қытайда білім алған қазақстандық студенттердің саны 15 мыңға жеткен. Ал, Қазақстан-Қытай сауда палатасының 60-қа жуық мүшесі бар. Жыл сайын сол компаниялардың шамамен жартысы түлектердің кездесуіне қатысып, мамандарға жұмыс ұсынады.

«Біз жыл сайынғы кездесуді, бос орындар жәрмеңкесінің жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Көптеген түлек дәл осы жерге келіп жұмыс табады. Биылғы жәрмеңке де тиімді, өзекті болады деген үміттеміз. Мұндай кездесу – біздің ұйым үшін де үлкен жетістік, себебі қолайлы жұмыс табу оңай емес. Сондықтан біз Қытай-Қазақстан арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктік дамуына үлес қосып келеміз», – деп бөлісті ойын «ҚХР ЖОО түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Джамиля Елеусізова.

Қытайда білім алған мамандардың ішінде «Болашақ» бағдарламасымен оқыған түлектер де бар. Халықаралық бағдарламалар орталығының төрағасы Олжас Сәкеновтің айтуынша, осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша 140-қа жуық қазақстандық көрші елдің университеттерінде білім алған.

«Халықаралық стипендия аясында 12 395 қазақстандық білім алды. Соның ішінде Қытайда оқыған 137 түлек бар. Олардың көбі, 70 студент техникалық, 60 адам гуманитарлық, 5 студент медицина және 2 қазақстандық шығармашылық бағытты тәмамдады», – деді Олжас Сәкенов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер