Қазақстан мен Қытай арасында бірлескен қандай жобалар жоспарланған
Ұлттық палатада «Атамекен» ҰКП және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің технологиялар трансфері орталығы арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту талқыланды.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қытай технологиялар трансфері орталығының делегациясымен кездесті.
«Осы ынтымақтастықта өзара тиімділікті көріп отырмыз. Әріптестеріміздің бастамаларын барлық салаға бір мезгілде енгізуге, сонымен қатар сенімді серіктестерді табуға дайынбыз. Біз сондай-ақ әр ұсынылған жоба бойынша бастапқы аналитиканы бере аламыз. Біздің халықаралық ұйымдармен жұмыс істеген тәжірибеміз бар, қазір бірнеше халықаралық бағдарламаны іске асырып жатырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Ербол Есенеев.
Спикер қазіргі кезде электр энергиясы бойынша мәселе өзекті екенін айтты. Сондықтан энергетика саласындағы жобаларға басымдық берілмек. Қазақстандық сарапшылар бастапқы аналитикалық ақпаратты дайындайды. Олар келесі кездесуде осы жобалардың іске асырылуын талқылауға дайын.
«Осы жолғы кездесуіміздің мақсаты – Қытай ұйымдарына, кәсіпорындарына, жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу институттарына Орта Азия аумағындағы технологияларға сұраныс табу үшін Қазақстанда серіктестер мен әріптестерді іздеуде көмек көрсету. Қытайлық және қазақстандық кәсіпорындардың ынтымақтастығы бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді және елдеріміздің экономикасының дамуына ықпал етеді деп үміттенемін», – деді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қытай технологиялар трансфері орталығы директорының орынбасары Лю Хунчжи.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қытай технологиялар трансфері орталығы директоры Чжан Пэн Қазақстанда артемия өсіру бойынша жобаны таныстырды.
«Қытай – артемияны сатып алу бойынша әлемде негізгі нарық. Алайда Қытайда осы өсімдікті өндіру үшін өндірістік қуат жеткіліксіз. Ал Қазақстанның әлеуеті жеткілікті. Қазақстанда осы өсімдікті өсірген жағдайда өнімнің сапасы жоғары, ал бағасы төмен болады. Осы жоба бойынша келісім бар. Егер жоба сәтті іске асса, онда Қытай аумағында өнімді сату бойынша мәселені шешуге болады», – деді Чжан Пэн.
«Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Ұлттық палата қытайлық әріптестер және қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен жұмысты үйлестіруге дайын екенін және осы жобаларды іске асыруды қолдау үшін ел Үкіметі деңгейіне шығаруға әзірлігін атап өтті.
«Кездесулер нәтижелі болып, өзара тиімді өнімдерді өндіруге түрткі болады деп үміттенемін. Өзара жобалар Қазақстанның бүкіл кәсіпкерлігін дамытуға жаңа серпін береді. Өйткені Қытай қазақстандық өнімдерді, оның ішінде тамақ өнімдерін өткізудің негізгі нарығы», – деп қорытындылады Ербол Есенеев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: