«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында үздік тауарлар анықталды

2023 жылғы 19 Шілде
- Атырау облысы
14744 просмотров

Бренд комитетінің шешімімен іріктелген жергілікті тауар өндірушілердің ішінен үш жеңімпаз енді республикалық көрмеге қатысады.

 Еске салсақ, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы осы жылы «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» бизнесті қолдау жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылды. Оның негізгі мақсаты – жергілікті өнімнің сапасын жақсарту, жергілікті брендтерді қалыптастыру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру. Жобаға қатысушылар қатарында тұрғындар, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер, стартаперлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жергілікті шикізаттан тауар өндірушілер болуы мүмкін.

 Атырау облысынан жобаға 10 өндіруші іріктелді, олар байқаудың екінші кезеңіне өткен кәсіпкерлер. Әрі қарай олардың арасында өңірлік турдың үш жеңімпазын таңдау керек болды. Жеңімпаздар алдағы уақытта республикалық көрмеде облыстың намысын қорғайтын болады.  

Осы мақсатта Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы жанынан бренд-комитет құрылды.  Оның құрамына жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлікті дамыту институттары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бизнес субъектілері мен сарапшылар кірді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен отырыс барысында бренд-комитет мүшелері алдағы уақытта республикалық көрмеге қатысатын 10 тауар өндіруші ішінен үшеуін таңдады.

 «Бірінші кезең қатысушылар өз жобаларын бренд-комитет алдында қорғады. Ұсынылған тауарлардың қатарына сүт, қаз еті, киіз өнімдері, саздан, гипстен жасалған бұйымдар, ұлттық киім, аяқ киім және аксессуарлар жатады. Іріктеу кезінде өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан өндірілуі керегіне баса назар аударылды. Сонымен қатар оны жасау кезінде күрделі емес, қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек. Мұндай өнімдер айтарлықтай қаржылық шығындарды қажет етпейді. Нәтижесінде жеңіске Махамбет ауданынан Зинаида Уранбасарованың қыш құмыралары, Қызылұоға ауданынан Гүлзира Керімбаеваның саздан жасалған музыкалық аспаптары және Құрманғазы ауданынан Ғалия Рысқалиеваның киіз бұйымдары үздік танылды», – деді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова.

 Жеңімпаздарға маркетингтік сүйемелдеу, өнімді (тауарды) брендтеу және сертификаттауға және тауарды экспортқа ілгерілетуге көмек көрсетіледі. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша республикалық көрменің қорытындысы осы жылдың соңына дейін шығарылатын болады.


    

 

 

 


    

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер