Бизнес салық режимін өзі таңдау керек – Ұлттық палата
«Атамекен» Ұлттық палатасы жанында жаңа Салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы шеңберінде кәсіпкерлер оңайлатылған декларация мен бөлшек салықты қолдану үшін қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтуді ұсынды. Кәсіпкерлердің пікірінше, бірде-бір кәсіпкерге қысым жасалмауы керек және кәсіпкер қызмет түріне сәйкес келетін салық режимін өзі таңдай алуы керек.
«Қазіргі кезде бізде қызмет түрлері бойынша шектеу бар. Мысалы, бухгалтерлік, консультациялық, маркетингтік қызметтер көрсететін кәсіпорындар оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істей алмайды. Олай болмауы керек. Кез-келген кәсіпкер оңайлатылған декларацияны қолдана алуы керек. Біз сондай-ақ осы режимді жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін өнімдер мен қаржы қызметтерін өндірушілерден басқа барлық адамдар пайдалана алатындай етіп бөлшек салық бойынша қызмет түрлерінің тізімін кеңейтуді ұсынамыз», – деді «Атамекен» ҰКП жанындағы шағын және орта бизнеске салық салу жөніндегі қосалқы топтың басшысы Берік Заиров.
Бұл пікірді қалған кәсіпкерлер қолдады. Өңірлерді орнықты дамыту жөніндегі қоғамдық бірлестіктің өкілі Жанар Сүлейменова оңайлатылған декларация шеңберінде қызмет түрлері бойынша шектеуді алып тастау маркетингтік қызметтердің тұтас спектрін көлеңкеден шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Егер қызмет түрлері бойынша шектеуді алып тастасақ, онда көлеңкеден блогерлер, инфлюенсерлер, маркетологтар, таргетологтар сияқты аутсорсингтік қызметтерді бірден шығарамыз. Осы ақша көлеңкеден шығады. Өйткені бүгінде мұндай қызметтер үшін «қара» салық төленеді. Бұл өте үлкен, қмақты сомалар. Менің ойымша, мемлекет бұл бизнесті көлеңкеден шығаруға мүдделі болуы тиіс», – деп санайды Жанар Сүлейменова.
Айта кетейік, қазіргі кезде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексінің жобасына бизнес ұсыныстарын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ұсыныстарды талқылау осы жылдың соңына дейін жалғасады. Салық заңнамасын жетілдіру жөнінде өз ұсыныстарын жолдағысы келетін тұлғалар салық салу департаментіне мына электрон пошта арқылы жібере алады: info@atameken.kz.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: