«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ЕАЭО-да тасымалдауды бақылау үшін навигациялық пломбаға қойылатын талаптар айқындалды

2023 жылғы 06 Шілде
5493 просмотров

Дереккөз: kaztag.kz

Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында тауарларды тасымалдау кезінде қолданылатын навигациялық пломбаға қойылатын талаптарды бекітті.

Қазақстан тарапының талабы бойынша екі жақты тасымалдау үшін 7 немесе 15 тәулікке шақталған аккумуляторы бар пломба пайдаланылуы мүмкін. Бұл ерекше жағдайлар Қазақстанның Қырғызстан және Ресеймен екі жақты тасымалы үшін есептеліп, қашықтығы 2 мың шақырымнан аспайтын пломба үшін қарастырылған.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтың айтуынша, бастапқыда құжатта пломбаның жұмыс істеуіне 30 немесе 45 тәулікке есептелген қуат көзінің сыйымдылығына қойылатын талаптар қарастырылған еді.

«Аккумулятордың ұсынылған үлкен сыйымдылығы бекіту құрылғысының бағасы, салмағы, мөлшерінің өсуіне әкеп соқты. Сондықтан біз аккмуляторы шағын пломба бойынша балама нұсқаны ұсындық», – деді Тимур Жаркенов.

Өндірушілердің есептеуі бойынша осындай пломбаның құны 30%-ға төмен болады.

ҰКП мамандары навигациялық пломбаның алуан түрлерін қолдану бәсекелестікке қабілетті ішкі нарықты қалыптастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға және әділ бағаны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

 «Жалғыз талаптарды белгілеу нарықты монополиялап, тасымалдаушыны таңдаудан айыруы мүмкін. Қазақстанда навигациялық пломбаның төрт әлеуетті өндірушісі жұмыс істейтінін ескере отырып, біз Қазақстаннан көрші ЕАЭО елдеріне тасымалдауға есептелген аккумуляторларға қойылатын талаптардың оңтайлы нұсқасын қарастыруды ұсындық», – деп толықтырды спикер.

ҰКП ұсыныстары толық қолдау тапты, өйткені барлық тараптың мүддесін ескереді.

Навигациялық пломба – көлік құралының қозғалыс бағыты, сондай-ақ құрылғының сақталуы (ашылуы) туралы мәліметті халықаралық тасымалдарды қадағалаудың ақпараттық жүйесіне беретін құрылғы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер